Президент тапсырмасына сәйкес, өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында биыл елімізде халықты толыққанды таза ауызсумен қамту көзделген. Бұл бастама – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Аталған бағыттағы жұмыстар Жамбыл облысының барлық аудандарында қарқынды жүргізіліп жатыр.
Солардың ішінде Т.Рысқұлов ауданында да бірқатар ауқымды жобалар қолға алынған. Аудан әкімі Ернар Есіркеповтың мәліметінше, биыл ауызсу жүйесін жаңғыртуға 3,1 млрд теңге бөлініп, осы қаржыға бес ірі жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Құлан ауылының «Арай» алабында, сондай-ақ Р.Сабденов, Сөгеті, Шөңгер және Мамай ауылдарында су шығару ғимараттары мен су құбыры желілерінің құрылысы қызу жандануда.
Әкімнің айтуынша, ауданда халық саны 200-ге жетпейтін жеті елді мекен де назардан тыс қалмаған. Соңғы екі жылдың ішінде бұл ауылдарға да ауызсу жеткізіліп, тұрғындардың көптен күткен мәселесі шешімін тапты. Жобалардың аясында су құбыры желілері тартылып, халыққа сапалы ауызсу қолжетімді болды.
Т.Рысқұлов ауданында 15 ауылдық округке қарасты 42 елді мекен орналасқан. Жалпы халық саны 70 мыңға жуық. Экономикалық тиімділігі төмен, халық саны аз жеті елді мекеннің болашағына қарамастан, жергілікті билік тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуды басты назарға алып отыр. Бұл ауылдардың бір бөлігі негізінен шаруашылық бағытында сақталғанымен, оларға да су жүйесі жеткізіліп, мемлекет тарапынан жүйелі түрде қамқорлық көрсетіліп келеді.
Сумен қамтудан бөлек, аудан үшін тағы бір өзекті мәселе – газдандыру. Қазіргі таңда аудандағы елді мекендердің газдандыру деңгейі халық санымен есептегенде 97 пайызға жеткен. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Дегенмен жоғарыда аталған жеті ауылға әлі де көгілдір отын жеткізілмеген. Олардың бесеуінде небәрі 10-12 үй болса, Қорағаты станциясы мен Сұмқайты елді мекендерінде тұрғын үй саны 35-тен асады. Осыған байланысты аудан әкімдігі республикалық бюджеттен қаржыландыруға өтінім беріп, бұл елді мекендерді газдандыруды да кезең-кезеңімен жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс көлемінде 285 елді мекен табиғи газға қосылып, жалпы газдандыру деңгейі 91,3 пайызды құрады. Бұдан бөлек, 12,6 млрд теңге қаражат есебінен облыстың газсыз қалған жалғыз ауданы Мойынқұмды газдандыру жобасы басталған еді. Соның нәтижесінде биылғы жылы өңірдегі газбен қамту көрсеткіші 91,5 пайызға жетеді деп күтілуде.
Жалпы алғанда, Т.Рысқұлов ауданында қолға алынған жобалар елді мекендердің әлеуметтік тұрғыда дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру деңгейін жаңа белеске көтермек. Таза ауызсу мен көгілдір отын – ауыл халқы үшін ең қажетті инфрақұрылым. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.