Т.Рысқұлов ауданының егістік алқаптарына су жеткізу мәселесі ұзақ уақыт бойы аграрлар үшін өзекті болып келген еді. Жамбыл облыстық филиалға қарасты «Қазводхоз» РМК-ның «Құлан» өндірістік бөлімшесі осы түйткілді шешуге кірісіп, ирригациялық арналарды механикаландырылған әдіспен тазарту және жөндеу жұмыстарын жүргізді. Аталған шаралардың нәтижесінде бұрын мүлдем су жетпеген алқаптарға су жіберіліп, егістік жерлер қайта жандана бастады.
Бүгінгі таңда ауданда 2000 гектардан астам жерге су жеткізіліп, егін орағы ойдағыдай өтуде. Жергілікті шаруалар мол өнім алып отырғандарына қуанып, атқарылған жұмыстар үшін ризашылықтарын білдіруде.
Жергілікті қожалық иесі Талғат Құдайбергенов бұл өзгерісті ерекше атап өтті:
– Биыл алғаш рет осы жерлерге жүгері ектік. Бұрын бұл алқаптар бос жататын. Қазір жүгері бітік шығып тұр, себебі су дер кезінде келіп отыр. Келесі жылдан бастап егіс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Министрлікке, «Қазводхозға» және «Құлан» өндірістік бөлімшесінің мамандарына алғысымыз шексіз, – деді ол.
«Қазводхоз» мамандары тек техникалық жұмыстармен шектеліп қалмай, жергілікті атқарушы органдармен және шаруалармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын да жүргізді. Әсіресе суды көп қажет ететін дақылдардың көлемін азайту қажеттігін, су үнемдеу тәсілдерін қолданудың маңызын, сондай-ақ шаруалардың ортақ арналарды уақытылы тазалап отыру керектігін түсіндірді. Бұл бағыттағы жұмыстар агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына, су ресурстарын үнемдеп пайдалануға жол ашпақ.
Судың қадірін білетін ел үшін мұндай бастамалар аса құнды. Себебі әрбір тазаланған арық – егістіктің құнарын арттырып, диқандардың еңбегін еселейді.