Тараз қаласының халқы бүгінде жарты миллионға жақындады. Соңғы жылдары қалаға іргелес аудандардың қосылуымен оның аумағы айтарлықтай ұлғайып, бұл қала билігіне жаңа аудандарды абаттандыру, көлік, энергетика, су және басқа да инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды міндеттер жүктеп отыр.
Қаладағы тынымсыз жұмыстар нәтижесінде Тараздың келбеті күн санап өзгеріп келеді. Біз қала өміріндегі негізгі өзгерістерге тереңірек үңіліп, олардың тұрғындардың тұрмысына қалай әсер ететінін талдадық. Табиғи газды пайдалану – экологиялық ахуалды жақсартудың ең тиімді жолы. Бұл отын көмір мен мазутқа қарағанда қоршаған ортаға зиянды заттарды аз шығарады, тиісінше бұл Тараздың экологиясын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. 2019 жылы «QazaqGaz Aimaq» АҚ Жамбыл филиалы газ тарату желілерін ауқымды жаңғыртудан өткізді. Жобаның бірінші кезеңінде 712 шақырым газ құбыры тартылып, 23 мыңнан астам абонент жаңа жүйеге қосылса, екінші кезеңде 82 шақырым желі салынып, тағы 3,5 мың абонент қамтылды. Жалпы, жеке сектордағы 899 шақырым ескірген металл газ құбырлары тот баспайтын полиэтиленді құбырларға ауыстырылған. Бұл тұтынушылар арасындағы газ қысымының жеткіліксіздігі мәселесін шешіп, жүйенің өткізу қабілетін 1,5 есеге арттырды. Бүгінде Тараз – экологиялық таза отынмен толық қамтамасыз етілген қалалардың бірі. Қазір қаладағы газ құбырларының жалпы ұзындығы 1775 шақырымға жетті. Бұл көрсеткіш бес жыл бұрын бір жарым мың шақырымнан сәл асатын. Ең бастысы, қаладағы газ желілерінің сапасы айтарлықтай жақсарды. Соның арқасында дауылдар мен басқа да табиғи апаттардан қорғалған жер асты құбырлары халықты үздіксіз газбен қамтуға мүмкіндік береді. «QazaqGaz Aimaq» кәсіпорнының ауқымды шаруашылығына 40 газ тарату пункті, 499 шкафтық пункт және 21791 жеке үйдің жанында орналасқан шкафтық тарату пункттері кіреді. Қазіргі таңда Таразда 121 мыңнан астам пәтер, 167 мыңнан астам жеке үй және 4 мыңға жуық коммуналдық-тұрмыстық нысандар газбен қамтылған. Бұл көрсеткіштер қаланың энергетикалық тәуелсіздігі мен тұрақты дамуын көрсетеді.
Кез келген өркениеттің ең маңызды игілігі – ауызсу. Оның жетіспеушілігі айтарлықтай проблемалар тудырады. Сондықтан қала әкімдігі «Жамбыл су» кәсіпорнының жұмысына айрықша көңіл бөліп, жан-жақты қолдау көрсетуде. Бұл кәсіпорын Талас-Асы кен орнынан су өндіріп, қала тұрғындары мен кәсіпорындарын сумен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда кәсіпорын 784 шақырым су құбыры мен 307 шақырым кәріз желісіне қызмет көрсетеді. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 12,8 млн текше метр су өндірілсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 607 мың текше метрге артық. Дегенмен, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында су құбыры желісінде 892 апатты жағдай тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 89-ға көп. Бұл мәселе желілердің ескіруімен байланысты. Сондай-ақ, «Жамбыл су» басшылығы суды үнемдеу қажеттігін үнемі айтып, көптеген ауданда суаруға ауызсудың пайдаланылуына жол берілмейтінін ескертеді. Ауызсуды үнемдеу мақсатында арық желісін қалпына келтіру бағдарламасының іске асырылуын күтуде. Сонымен қатар, «Жамбыл су» басшылығы барлық коммуналдық қызметтер үшін бірыңғай төлем құжатын (БТҚ) енгізуді қолдайды. Бұл идея 2004 жылы ұсынылғанымен, әлі күнге дейін толық жүзеге асқан жоқ. БТҚ жүйесі республиканың көптеген қалаларында қолданылып, тұтынушылардың уақыты мен ақшасын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл мәселенің шешілуі қала тұрғындарының өмірін жеңілдете түсері сөзсіз. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков 2022 жылы бекіткен әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына сәйкес бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Қала билігінің жұмысы жүйеленіп, төмендегідей нақты нәтижелерге қол жеткізілуде.
Көлік инфрақұрылымы. Қалада автомобиль қозғалысын реттеу үшін Абай даңғылы бойында теміржол арқылы өтетін көпір құрылысы басталды. Сондай-ақ, теміржол және индустриялық аймақтар арқылы өтетін эстакада салу жоспарланып отыр. Бұл жобалар қала тұрғындарына «бүкір көпір» деген атпен таныс жерүсті көпіріндегі кептелістерді азайтып, қаланың шығыс бөлігінен 14-ші шағын ауданға тікелей шығуға мүмкіндік береді. Тұрғын үй қоры. Қаладағы 1103 көпқабатты үйдің пайдалану мерзімі 30 жылдан асқан. Оның 553-і жаңғыртылған, ал қалған 550 үй әлі де жөндеуді қажет етеді. 2024 жылы 5,1 млрд теңгеге 53 үй жөнделді. Биыл 73 үйді күрделі жөндеуге бюджеттік өтінім берілді. Бұл жұмыстар «тұрғын үй қорын жаңғырту» бағдарламасы аясында қарқынды жүргізіліп жатыр. Коммуналдық мәселелерді шешу. Қаланың ең өзекті мәселелерінің бірі – кәріз суларын тазарту кешені. Бұл кешенді салуға 47 млрд теңге қарастырылған, қуаты тәулігіне 80 мың текше метрді құрайды. Бұл жоба іске асқан кезде айналадағы аудандардың экологиялық проблемалары шешіліп, жер асты суларының ластануы тоқтайды.
Абаттандыру және көгалдандыру. Соңғы үш жылда Таразда 420 көше асфальтталды. Өткен жылы 76 көшеге жарық орнатылса, биыл тағы 67 көшеге жарық орнату жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы 10 шағын ауданда 24 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңдары салынды. Қаладағы «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында былтыр 20 мың, биыл 10 мың ағаш отырғызылды. Спорт және қоғамдық көлік. Қалада бұқаралық спортты дамыту үшін 9 шағын футбол алаңы салынды, тағы 11 алаңның құрылысы жүріп жатыр. Қоғамдық көлік паркі де жаңартылуда: 2023-2024 жылдары 228 жаңа автобус сатып алынды, жыл соңына дейін тағы 82 автобус келеді деп күтілуде. Бұл шаралар қалалық тасымал сапасын жақсартуға бағытталған.
Жоспарлы және жүйелі жұмыстардың арқасында Тараз қаласы өркендеп, тұрғындардың тұрмысы сапалы өзгеруде. Қазіргі таңда қала билігі басталған жобаларды аяқтап, жаңа міндеттерді іске асыруға барын салып отыр. Тараздың болашағы жарқын екеніне сенімдіміз.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
Жамбыл облысы