Тараз қаласында ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Ел экономикасының дамуын көздейтін қай саланы алып қарасаң да, Тараз қаласы тұралап қалған емес. Күн өткен сайын келелі кездесулер ұйымдастырылып, жүйелі жоспарлар жолға қойылып келеді.
Экономикамыздың өркендеп, жетекші елдердің қатарына енуіміз үшін ауылшаруашылығын дамыту – басты мақсат. Аталған сала еліміздің гүлденуі, халықтың әл-ауқатының артуы және ұлттық экономиканың тұрақты өсуіне жол ашады. Ауылшаруашылығы саласы бойынша Тараз қаласында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып, ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Мәселен биыл қала аумағындағы 808 шаруа қожалығы ауылшаруашылығы өнімдерін егу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, дәндік жүгері – 415, майлы дақылдар – 24, қант қызылшасы – 32, мал азығы дақылдары – 295, картоп – 410, көкөніс дақылдары – 5 202, бақша дақылдары 38 гектар жерге орналастырылды.
Сонымен қатар бүгінгі күнге Әулиеата ауданында 253 шаруа қожалығы тарапынан арпа – 220, күздік бидай – 60, қант қызылшасы – 32, жоңышқа – 115, картоп – 145, пияз – 512, жүгері – 175, көкөніс дақылдары 2 011 гектарға толық егілді. Бұған қоса, Жібек жолы ауданында 555 шаруа қожалығы тарапынан арпа – 62, күздік бидай – 140, майлы дақылдар (мақсары, күнбағыс) – 24, жоңышқа – 180, пияз – 1 025, жүгері – 240, көкөніс дақылдары 3 191 гектарға отырғызылды. Әрине, ауылшаруашылығы бойынша әлі де атқарылатын жұмыс көп. Сол себепті бұл жұмыстар жалғасын табатын болады.
Сондай-ақ Тараз қаласында мал шаруашылығы, су және өзге де шаруашылықтар бойынша бірнеше шаралар өткізіліп келеді. Қаланың құрылыс саласы, жол немесе медицина, білім салаларында да атқарылған шараларды мақаламыздың өткен санында баяндаған болатынбыз.
Өздеріңізге белгілі, Әулиеата өңірі, оның ішінде тамыры терең Тараз қаласы спорт саласынан ел аумағында бірінші орынға ие десек, артық айтқанымыз емес. Спорттың кез келген бағыты бойынша қаламыздың спортшылары үнемі алдыңғы қатардан табылуда.
Бұқаралық спортты дамыту бойынша да шаһарымызда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен бүгінде Тараз қаласында 509 спорт нысаны жұмыс істеуде. Оның 361-і – Әулиеата ауданында, 148-і Жібек жолы ауданында орналасқан.
Тараз қаласы аумағында 2025-2026 жылы спорт алаңшаларының салыну жоспарына сәйкес Әулиеата ауданында биыл 5 шағын футбол алаңшасы салынады. Олар С.Рахимов көшесі, №47, «Аса» (10) шағынауданы, №43, Қ.Сәтбаев көшесі, №12 «Б», 12 «В», «Жансая» (11) шағынауданы, №43, «Салтанат» (4) шағынауданы, №1, 3 үйлер ауласында орналасатын болады.
Келер жылы 9 шағын футбол алаңшасының құрылысы жүреді деп жоспарланып отыр. Аталған нысандар «Астана» (12) шағынауданы №13, 15, 16, «Қаратау» (2) шағынауданы, №9, 10, 11, 12, «Қарасу» (5) шағынауданы, №5, «Самал» (7) шағынауданы, №18, Рысбек батыр көшесі, №9, №9 «А», С.Рахимов көшесі, №59, №61 «Б», 59 «А», Қ.Сәтбаев көшесі, №16, «Ұлы дала» (15) шағынауданы, №35/1, Жамбыл даңғылы, 9 «А», Қарахан көшесі, №2 үйлердің ауласынан салу көзделуде.
Жібек жолы ауданы бойынша биыл «Құмшағал» алқабы, Ордабасы көшесінің бойы, «Шөлдала» алқабы, «Юбилейное», «Жиделі» алқабы, «Береке» алқабы, Ы.Молдарбеков көшесінің бойында және Талас станциясында 6 шағын футбол алаңшасын салу жоспарлануда. Ал ауданға қарасты Тараз қаласына қосылған елді мекендердің жер базасына әлі қосылмауына байланысты 2026 жылы шағын футбол алаңшаларын салу бойынша мекенжайларды нақтылау жұмыстары алдағы уақытта жүргізілмек.
Бұдан бөлек ағымдағы жылы қала аумағындағы 12 спорт алаңшасын қалпына келтіру көзделген. Нәтижесінде Әулиеата ауданында 7 алаңша – «Денсаулық» саябағы, «Жайлау» (3) шағынауданы, №18 үй ауласы, «Мыңбұлақ» (9) шағынауданы, №21 үй ауласы, «Қарасу» (5) шағынауданы, №8 үй ауласы, Танты ауылы, М.Мәметова көшесі, №1, Шайқорық ауылы, Д.Қонаев көшесі, №19, Қоңыртөбе ауылы, Күлтөбе көшесі, №2 мекенжайларында орналасқан спорт нысандары жөндеуден өтеді. Ал Жібек жолы ауданында 5 алаңша – «Қарасай» алқабы, «Қант зауыты» алқабы, Рафинад көшесі, №2, «Алатау» (8) шағынауданы, №52 үйдің ауласы, Ақбұлым ауылы, Сарыбұлақ көшесі, №8 аумағындағы алаңшалар қалыпқа келтірілмек.
Тараз қаласының спорт саласында ұзақ мерзімді даму жоспарына сәйкес, 2025-2026 жылдарға «Ұлы дала» (15) шағынауданында, 2027-2028 жылдары №14 шағынауданда және 2029-2030 жылдарға №16 шағынауданда спорт кешендерін салу жоспарланған. Қазіргі таңда «Ұлы дала» (15) шағынауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу үшін Ш.Жандарбекова көшесі, №31 учаскесінде көлемі 1,1278 гектар жер телімі бөлініп, құрылыс басталды. Жұмыстар 2026 жылы аяқталады деп күтілуде.
Қалада ауқымды салалармен қатар қоғамдық даму инфрақұрылымына қарай көппәтерлі тұрғын үйлердегі тозығы жеткен жеделсатыларды жөндеуден өткізу жұмыстары да жоспар бойынша жүргізілуде.
Мәселен Тараз қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлерде 58 жеделсаты орналасқан. Олардың 29-ы қала әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімінің теңгеріміне кіреді.
Алайда қазіргі таңда 28 жеделсатының тозығы жеткен. Себебі, аталған бөлім теңгеріміндегі Беларусь елінің «МогилевЛифтМаш» зауытынан шыққан жеделсатылар өндірістен алынып тасталған ескі үлгілерге жатады. 2009-2010 жылдар аралығында қолданысқа берілген лифтілердің жалпы қызмет ету мерзімі 25 жылдан асып, оларды жаңалау қажеттілігі туындап отыр.
Осыған байланысты 2023 жылы мердігер «Тараз Лифт Сервис» ЖШС арқылы Қазыбек би көшесі, №141, Абай даңғылы, №159 «А», «Жансая» (11) шағынауданы, №1, «Алатау» (8) шағынауданы, №1, 1 «А» тұрғын үйлеріндегі жеделсатылар жаңа кейіпке енді. Сондай-ақ 2024 жылы мердігерлер – «ТаразЛифтСервис», «Lift Pro-Servise» ЖШС тарапынан Төле би даңғылы, №95-1, №95-2, №98, «Жансая» (11) шағынауданы №2, №3, Желтоқсан көшесі, №82 үйлерде жеделсатыларды ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде қазіргі таңда жалпы саны 12 жеделсаты толығымен жаңартылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып, қалған 16 жеделсатыны жаңғырту мақсатында конкурс жарияланған. Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған «КазЛифт» ЖШС-мен тиісті келісімшарттар әзірленіп, қазіргі таңда жеделсатыларды жаңарту жұмыстары жүруде.
Бүгінгі мақаламыздың санында Тараз қаласында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарды баян еттік. Тараз қаласы екі мың жылдық тарихы бар көне қалалардың қатарына жатқанмен, даму үдерісіне қарқын қосып, жаңа жобалар бойынша жұмыстарды атқарып келеді. Өңірде өркениетті дамыту бойынша өзге де салалар негізінде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ,
Жамбыл облысының
меншікті тілшісі
Тараз қаласы әкімдігінің
Баспасөз қызметі