Аудан әкімі Сәкен Мамытов Жаңатас қаласын орынбасар, қала әкімі, бөлім басшыларымен бірге аралады.
Азанғы 10-нан басталған аралау түске дейін жалғасып, аудан басшысы шашылған қоқыс, ауладағы құрылыс қалдықтары, жаңартылмаған баннер, дұрыс балақталмаған талдар үшін әр сала маманына ескерту берді.
Смета бойынша 1080 тал балақталып, 280 шіріген тал алыну қажет, алайда, бүгінгі таңда 100-ден аса тал ғана балақталған. Осы мәселеге қатты назар аударған аудан басшысы, жұмысты бастаған кәсіпкерге әр талдың сұрауы, жұмыстың сапалы болуын баса ескертті.
Сәкен Үмбетұлы сенбілікке шықпағандарды да, көпқабатты тұрғын үй аулаларының жай-күйін де көрді. Суретке есеп үшін түсетін, тазалық жұмысының нәтижесі жоқ бөлімдерге шара көру қажеттігін тапсырды.
Аудан басшысы қала әкіміне тазалықты сақтау, аулаларды абаттандыру, екі айлық сенбілікті дұрыс жүргізуді,тұрғындар мен байланысты нығайта отырып, «Таза аула»,«Таза көше» акцияларына тұрғындар мен жастарды тарту, тағы басқа нақты міндеттерді жүктеді.