Түркістан облысында тұрғындарды баспанамен қамту бағытында жұмыстар жалғасып жатыр. Кезекте тұрғандарға 2024 жылы 2469 пәтер сатып алуға 36,5 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде: «Тұрғын үй-моммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 504 пәтер сатып алуға 6,6 млрд. теңге қаралған. Ал «Самұрық-Қазынаның» кредиттік қаржысы есебінен 1989 пәтер сатып алуға 29,9 млрд. теңге қаралып отыр. Бүгінде аудан, қалаларда аталған үйлерді салатын жер белгіленіп, кейбір аудандарда құрылыс басталып кеткен. Өңір басшысы құрылысты жеделдету жөнінде тапсырма берді.
– Біздің аудан, қала, ауыл тұрғындары өзгерісті сезінулері тиіс. Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, құрылысты сапалы атқарыңыздар. Мердігерлердің жұмысы қатаң бақылауға алынады. Әсіресе, республикалық, облыстық маңызы бар жолдардың бойына инфрақұрылымды жетілдіріп, көпқабатты үйлер салған жөн. Тұрғын үй салуға жер телімдерін дайындап үлгермеген аудан, қала әкімдеріне 2 апта мерзім беремін. Жерді анықтап, құрылысты жедел бастаңыздар. Ал құрылысы басталған үйлердің материалы, ғимараттары сапалы болсын. Сонымен бірге сыртқы көріністері бір үлгіде жасақталғаны жөн. Жауапкершілікпен, адалдықпен жұмыс істеңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысының құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің айтуынша, аудан, қала әкімдіктеріне, құрылыс жүргізуге 1, 2 және 3 қабатты тұрғын үйлердің типтік жобалары ұсынылған. Аталған қаржы аясында облыс бойынша жалпы 113 000 шаршы метр құрайтын 114 үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі таңда 16 ауданда жер телімдері құрылысшылар атына рәсімделіп, 9 ауданда тұрғын үйлердің құрылысы басталған. Бұл үйлердің басым бөлігі сатып алу құқығымен жалға немесе ипотекаға беріледі деп жоспарланып отыр.