Ұрпақтың санасын не уландырады?

Ұрпақтың санасын не уландырады?

Біз пендешілікпен өмірдегі болып жатқан көптеген жағдайларды қабылдамай ренжиміз, кейде тіпті сол жағдайларға кінәлілерді іздейміз. Тіпті артық кетіп, негізсіз сын айту да болып жатады. Осы табиғи құбылыс, тіршіліктегі адамдардың бәріне тән өмірді қабылдауда болатын, пендешіліктен туындайтын қадамдардан, қателіктерден пайда болатыны ақиқат. Одан ешкім құтыла алмайды. Өйткені адамдардың бәрі бірдей ойлауы, бір қалыппен жүріп өмір сүруі мүмкін емес. Ол адамның құзырында емес, ол табиғат жаратылысында. Адам қолдан жасаған жасанды робот (ЖИ) емес, тек бір ғана қажетті бағдарламамен жұмыс істейтін. Сондықтан адамдар бірін-бірі түсіну үшін бірін-бірі тыңдау, мақсатқа жету үшін ой-арман және бағыт, қимыл бірлігі қажет. Бұл біз ғана емес, ата-бабамыз өткен жол. Біздің қоғамның дамуы бірінің пікірін бірі тыңдап, өз халқымыздың келешегі үшін адал болу, тек халықтың бірлігі мен даналығына сүйену қажет. Онсыз еліміздің келешегі болмайды. Халықтың пікір алысуын саясаттандырып, жікке бөлмейік. Біз ой мен ақылға сүйенейік.

Кейінгі кездері өздерін зиялы қауымға жатқызатын азаматтардың ақпарат тарату жүйесінде жиі ғаламторда көрініп, пікірлерін айтып, жазулары өсіп келеді. Осы үрдіс елдегі азаматтардың өз халқының тағдыры мен келешегіне бейғам қарамай, белсенділік танытып және өздерінің де өміртанымы (познания истины) жетіліп, өсуіне ықпал ететін бағыт екені қуантады. Бұл бағыт әр азаматтың өз елінің келешегінің негізі, жаңа қоғамдық сананы қалыптастыратын үдеріске өз үлесін қосатыны анық. Қоғам келешегі үшін жұрттың санасына өмір даму заңдылығының ерекшелігіне сәйкес үнемі өзгерістерді жеткізетін осы бағытты қолдап, ұрпақтың өз халқының рухани құндылықтарын игеруіне ықпал жасасақ, ол үлкен жетістік болар еді. Яғни, жас ұрпақ өз халқының тарихы мен рухани құндылығын қадірлеп, ар-намысы таза, жұртының келешегіне адал қызмет ететін деңгейге көтеріледі. 

Бұл бағыттағы істі ұрандатып, саясаттандырып, науқанға айналдырмаған жөн. Өйткені адам санасының табиғаты ерекше жаралған, ешқашанда жасанды ақпаратты қабылдамайды. Жасанды әрекеттер қаншалықты әсерлі болса да, адамның ойын қозғамайды, тез ұмытылады. Жастар ақпаратты қабылдау үшін ары мен пиғылы таза ғалым, ақын, жазушы, қалам ұстағандар мен мәдениет саласының өкілдері атақ үшін емес, өз ұрпағының келешегіне шынайы жүрегі ауыратындар ойлануы керек. Өздерінің жеткен биігіне жеткенге масаттанбай, жастарды да сол деңгейге жеткізу үшін, белсенді қарапайым қатардағы азаматтарға қолдау көрсетіп, пікірлеріне баға беріп, ынталандырып және сол ойлардың деңгейін ғылыми негізде жетілдіріп отыруы қажет. Сонда ғана халықтың ортақ пікірлері тудырған жаңа сана қалыптасып, қоғамның дамуына ықпал ететін болады. Бұл үрдіс қазіргі халық пен билік арақатынасында орын алған кемшіліктерден арылып, қоғамның дамуына ықпал етер еді. Осы үрдістің дамуында ерекше көңіл бөліп, еске сақтайтын мәселе бар. Ол – азаматтар өз пікірлерін жазғанда ойдан шығарған дәлелсіз, әсіре мадақ пен негізсіз сын араласқан, адамдардың ара-қатынасына көлеңке түсіретін, қазақ халқының бірлігіне зиян әкелетін қателер жіберуден сақтануы қажет. 

Үнемі ойда сақтап, ескеретін жағдай: қазіргі ақпарат дамуының ғылыми жетістігі өскен заманда бұрынғыдай адамдардың пікірлері тек аймақтың ғана не өз елінің аумағында қалмайды, ол бүкіл әлем елдеріне тарайтынын ескеру керек. Сондықтан біз өз халқымыздың атына кір жолатпауды ойлауымыз керек. Өз халқының намысын қорғау – әр қазақтың қасиеттейтін борышы. Біздің халқымыздың атадан қалған қасиеті – әрқашанда өз ішіндегі қателерін шетке шығармай, аяусыз сынап, түзетіп отырған. Соны ұмытпауымыз қажет. Ата-бабамыз қалдырған тәлім, ұрпағын өзінің ана тілінің даналық сөзімен тәрбиелеген. Ал тектік (генетикалық) жадтың қасиеті ұрпақ үшін бабалардың даналығын мәңгі сақтап, келесі ұрпақтың дамуына ықпал етіп отырады. Жадтың кілті әр халықтың өз ана тілінде. Ұққан адамға қазақ тілінің әр сөзінің басқа жұрттың тілінде жоқ ерекше айырмашылығы – оның мағынасы тыңдаушыны даналыққа, терең ойлауға, парасаттылыққа жетелеп, адамның ішкі дүниесінің тебіренуіне қуат әкелетін қасиетінде. Қазір еуроцентризм негізінде тәрбие, білім алғандықтан, біздің қазақ тілінің сөз байлығын ескермей, ұқпай қазақша сөйлеуіміз, батыс стилімен баяндаған сияқты келте ой тудырмайтын нұсқау, бұйрық сияқты қабылданады. 

Яғни, көп сөздердің адамды ойландыратын маңызды мағынасы ашылып, адамды ойландырмайды. Оны өзіміз сезбейміз. Өйткені жетпіс жылғы тіл ассимиляциясы халқымызды осы деңгейге түсірген. Соның салдарынан тілімізде қолдан жасалған мазмұн мағынасы жоқ сөздер өріп жүр. 

Оның түбі рухани азуға әкелді деген ауыр шығар, аяғы халқымыз өз рухынан айырылғаны шындық. Бұл туралы арнайы талдаулар мен терең ғылыми пікірлер қажет. Менің осы бөліскен ойымды көп адамдар ұқпауы мүмкін. Бірақ өмір талабы қазақ шын тәуелсіз, азат ел болам десе, өз тілінің қасиетін қайта тудыруы қажет. Өз тілін екінші орынға қою, өзіне өзі түкірген, құлмінездің құлына ғана тән кеудесоқырлық. Қазақ ортақ тіл болмаған қоғамда ешқашан бірлік болып, ғылыми, экономикалық, әлеуметтік дамып, рухани жетілу болмайды. Өйткені адамды адам етіп, адамзат өркениетіне жетелеген тіл. 

Қазақ халқының өмірінде ежелден сөз қасиетін қадірлеу үлкен орын алған, қандай да болмасын дау-тартыс, өкпе-наздар ушықпай, билер мен аузы дуалы ақсақалдар алдында сөзге тоқталып, ақылмен шешіліп отырған. Халқымыз үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық жасауды ұстанған. Қазақта сөзге тоқтап, күшпен емес, даналық сөзімен жеңгенді құрметтеген. Қазақта: «Аталы сөзге арсыз жауап қайтарар» деген дана сөз бар. Адамдардың ар мен ұятты ұмытпауды ойлауы, өмірдің қыр-сырларын ұғуы, өзінің табиғи дарынын жетілдіруі мен бойындағы кемшіліктерінен тазаруы оның отбасынан алған тәрбиесі мен өмірдегі қарым-қатынастағы ортасына байланысты қалыптасады. Ондай деңгей жарлықпен, оқытумен қалыптаспайды, тек тәрбиеден туады. Баланы шыр етіп жерге түскеннен бастап ақыл кіретін жасқа (12-13 жас) дейін ана тілмен тәрбиелесе ғана өзінің тектік (генетика) жадының қасиетінен ажырамайды. Баланың өсу кезінде алған тәрбиесі ғана өз тегінің адами табиғи қасиетін сақтап қалыптасу арқылы өз халқының рухы мен рухани құндылығын қадірлеп, меңгереді. 

Ол өмірінде қанша ұзақ жылдар басқа алуан тіл әлемінде өмір сүрсе де, ана тілін қайта меңгеріп, тегінің жадын пайдалану қасиетін сақтайды. Ал нәресте кезінен бастап таза ана тілінде ойламай тәрбиеленген бала өз тегінің жадын, табиғи дарынын толық жетілдіруге пайдалана алмайтыны табиғи заңдылық. Адамның өмірі ешбір біліммен, жаттығумен және жеткен байлық, дәулет, мәнсап және атақ деңгейімен өлшенбейді. 

Адамның аты оның тірі кездегі ісі мен ар тазалығын сақтап, келесі ұрпаққа қалдырған адами қасиетімен өлшеніп, бағаланады. Адамдардың тарихта халық құрметтейтін аты қалып, жылдар, ғасырлар өтсе де ұмытылмауы, олардың тіршілікте патша, президент, ғалым, ақын, жазушы, министр, бай, кедей болып өмір сүргенінде емес. 

Адамның тарихта атының мәңгі жасауы тек қана ұрпағына, халқының келешегіне қалтырған тәлім болар ісімен өнеге қалтырған адами қасиетіне тікелей байланысты болуы – өмірдің табиғи даму заңдылығы екені ақиқат. Оны ешбір заң, жарлық, марапат, байлық, атақ пен күш өзгерте алмайды. Өмір заңдылығы тірісінде ары таза, өз елінің намысы деп жүрегі соққан, тіршілікте адалдық пен ынсапты бағалап, қанағатпен өмір сүріп, жұртына істеген қызметіне атақ пен мадақ тілемеген, пендешіліктен аулақ жүргендер халқының есінде қалады. Сондықтан біз жастардың санасын уландыратын ақпараттардан аулақ болуды үйренейік. 

Ұрпақтың санасын не уландырады. Соны ұғу қажет. Өз тілін білмеген халық ешқашанда басы бірігіп, ел болмайды. Халқымыздың бақыты бірлігінде – соны нығайтайық. Ең үлкен қателік, тәуелсіздік алғаннан кейін халқымыздың бодандық кешкен заманынан арқалап келген құлдық мінез қалыптасқан санасын өзгертуді ойламау, жаңа қоғамдық сана қалыптастырмау. Соның салдарынан отыз бес жыл ішінде саналары – арын сатып баюды, жемқорлық, парақорлық, рушылдық, жершілдік пен тамыр-танысты пайдаланып атақ-мадақ, мәансап жинап, ұлтының мүддесінен гөрі өз тіршілігін ойлағандардың асықтары алшы түсіп, адасқандар көбейді. 

Осы ел мен жердің келешегіне зиян әкелетін үрдістен құтылу үшін ең қажеті пікір алысып, ортақ ой, ортақ істі ірітетін аталған кемшіліктерден құтылу керек. Осы жікшілдікке әкелетін жолды тазалауды ойы терең, ары таза азаматтар қолдап, елдің арасын сына қақтырмайтын деңгейге жетуді ойлайық. Сонда ғана халықтың үні салмақты болады. Ойы тазаның – ары таза, пиғылы тазаның жаны таза болса, ел бірлігі қоғамды алға сүйрейтін деңгейге көтеріледі. Қазағым, өзіміз өзгерсек, қоғам өзгереді. Ойлан!

Болат ДҮЙСЕМБІ

27.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

ҚҰРЫЛТАЙ ҚҰР АТАҚҚА ЕМЕС, ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ БОЛҒАЙ!
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері - 26.08.2026 90

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27220
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26722
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44058
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39810
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44392