Күз – ауылшаруашылығы үшін ең жауапты әрі еңбектің нағыз бағаланар шағы. Жыл бойы төгілген маңдай тердің нәтижесі осы кезеңде көрініп, диқан қауым егіннің әр дәнін ысырапсыз жинап алуға тырысады. Жамбыл ауданының алқаптарында бүгінде осындай қызу еңбек жүріп жатыр.
Көкөніс пен бақша өнімдері молынан теріліп, қоймаларға жеткізілуде. Ал майлы дақылдар ішінде күнбағыстың орны бөлек. Бұл дақылдан алынған өнім ауылшаруашылығы саласының экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, өңірдегі май өндірісіне тұрақты шикізат көзі болып отыр.
Жамбыл облысы Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы арнайы егіс алқаптарына барып, диқандардың жұмысымен жақын танысты. Оның айтуынша, биыл аудан бойынша 1215 гектарға майлы зығыр егілсе, күнбағыс алқаптарының көлемі де артып отыр. Тек Қаратау ауылдық округінде ғана 689 гектар жер күнбағысқа бөлінген. Мұндай көлем жергілікті шаруалардың батыл қадамдары мен мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың жемісі. Әкім алқаптарды аралап, күнбағыстың толық пісіп жетілгенін көріп, диқандарға сәттілік тіледі.
– Күнбағыстың күтімі өте күрделі. Көктемгі жер жырту мен тұқым себуден бастап, жазғы күтім мен суаруға дейінгі әрбір қадам ерекше назарды қажет етеді. Ал күзгі жиын-терін науқаны – шыдамдылық пен төзімді талап ететін еңбек. Жамбылдық шаруалар осы жауапты істі абыроймен атқарып отыр. Алда тұрған міндет – пістені шашпай-төкпей жинап алу, – деді аудан басшысы.
Жергілікті ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасынов та бұл пікірді қуаттады. Оның айтуынша, күнбағыс жинау жұмысы ұзақ уақытқа созылады. Өнім алдымен өткір пышақпен қолмен кесіледі. Ылғалдылығы жоғары пістелер 8-10 күн бойы сабағына қайта кигізіліп, табиғи түрде кептіріледі. Содан соң ғана қырманға жеткізіліп, 40-50 °С температурада желдетіліп кептіріледі. Бұл үдеріс шамамен бір жарым ай уақытты қамтиды. Дайын өнім мата қаптарға салынып, екі жылға дейін сақтауға болады.
Күнбағыстан алынатын өнімнің халық үшін маңызы зор. Оның тұқымынан жоғары сапалы май өндіріліп, тағамдық өнімдерге қолданылады. Сондай-ақ қарапайым шекілдеуік ретінде де үлкен сұранысқа ие. Өңірдегі өндіріс орындары күнбағысты тұрақты қабылдап, шаруаларға өткізу мүмкіндігін ұсынып отыр. Бұл жағдай күнбағыс егістігінің көлемін жыл санап арттыруға негіз болуда.
Диқандар үшін күнбағыс табыс көзі ғана емес, сонымен қатар еңбек мерейінің көрінісі. Әрбір алқаптағы пісте – маңдай тердің жемісі. Шаруалардың айтуынша, биылғы өнімнің шығымы көңіл қуантады. Жер жағдайы да, ауа райы да қолайлы болды. Уақытылы суарылып, агротехникалық шаралар атқарылғандықтан, өнім сапасы жоғары.
Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы егіс басында шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы да айтты. Ол жанар-жағармай, техникамен қамтамасыз ету, жеңілдетілген несие беру мәселелеріне тоқталды. Оның пікірінше, ауылшаруашылығы – ел экономикасының тірегі, ал диқандардың маңдай тері – халықтың азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі.
– Сіздердің адал еңбектеріңіз ауылдың өркендеуіне, халықтың тұрмыс сапасының артуына тікелей әсер етеді. Сондықтан әрбір дәнді ысырапсыз жинау – ортақ парызымыз. Науқанды табысты аяқтап, өнімді қоймаларға толтыру – бәріміздің басты міндетіміз, – деді аудан басшысы.
Жамбыл ауданындағы жиын-терін жұмыстарының қарқыны бүгінде жоғары. Көкөніс, бақша, майлы дақылдармен қатар басқа да егіс өнімдері қоймаларға түсуде. Келіп жеткен берекелі күз өңірдің еңбекқор шаруаларының қажырлы еңбегінің нәтижесін көрсетуде.