Республика күні қарсаңында Оралда бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі – Жайық жағалауындағы демалыс алаңының қайта жаңғыртылып, қолданысқа берілуі.
Жаңғыртудан кейін жаңа кейіпке енген демалыс алаңы көзге қуаныш ұялатады. Жасыл желектер, ерекше стильде қойылған орындықтар, әдемі өрілген өрнектастар, түнде алаңға жарық беретін жарықшамдар – барлығы үйлесімді түрде жасалған. Қала тұрғындары да Жеңіс алаңына келген кезде осы демалыс аймағына жиі келетіндерін жасырмады. «Бұл жер бұрынғыдан әлдеқайда өзгеріп кеткен» дейді оралдықтар.
Шаһардың экологиялық және эстетикалық келбетін жақсартуға бағытталған маңызды жоба көпшілікті сүйсіндіргені анық.

Қала тұрғындарын ұлттық мерекемен құттықтаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Жайық жағалауындағы демалыс орны үлкендер мен балалардың сүйікті орындарының бірі екенін айтты.
– Демалыс орнын жаңғырту жұмыстары жергілікті бюджет қаражаты есебінен жасалды. Нәтижесінде алаң толықтай жаңарып қалды. Биылғы мамыр айында басталған жөндеу жұмыстары қыркүйек айына дейін жалғасты. Жоба бойынша нысан аумағында жүйелі жұмыстар атқарылып, өзен жағалауы бір метрден биіктетіліп, декоративті қоршаулар орнатылды. Барлығы сегіз мың шаршы метр аумақ қалыңдығы 80 миллиметр болатын аяқжол төсеніштерімен және гранит баспалдақтармен жасақталды, – деді өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы.
Салтанатты жиын барысында Жайық жағалауындағы демалыс алаңын жаңғырту жұмыстарын жүргізуге өз үлестерін қосқан мердігер компания өкілдері облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Демалыс нысанының ашылу салтанатына қатысқан қонақтар жағалауды аралап, жаңғыртылған алаңды өз көздерімен көрді. Сонымен қатар жағалау аумағына шырша көшеттері отырғызылып, жасыл желектер қатары толықты.
Тағы бір айта кетерлігі, демалыс аймағындағы жаңғырту жұмыстары қоғам назарында болды. Орал қалалық мәслихат депутаттарының мәліметінше, мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялар тарапынан бірнеше рет абаттандыру және жаңғырту жұмыстары тексерілген. Қаладағы игілікті жоба комиссия және сессия отырыстарында талқыланып, жұмыстың сапалы жүргізілуін депутаттар да назардан тыс қалдырмады.
Жалпы жағалаудағы ерекше демалыс нысанында тынығушыларға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Демалыс алаңында субұрқақтар, көше спортына арналған спорттық құрылғылар алаңы, балалар үшін ойын алаңдары, шағын формалы сәулеттік ескерткіштер бар. Сонымен қатар 450-ге жуық ағаш көшеті табиғат аясындағы демалыстың маңызын арттыра түсері сөзсіз. Көгалды аймақ та алыстан көзге түседі. Он алты мың шаршы метр аумаққа жасыл шөп отырғызылған. Мұндай керемет көрініс қалаға келетін қонақтарды да таңғалдырарына сенім мол. Жаңарған Жайық жағалауы енді халыққа лық толып, балалардың күлкісі айналаны шаттыққа бөлейді деген ойдамыз. Қазір күз мезгілі болса да, бұл жағалауға келушілер сиреген емес. Немересін жетектеген ата мен әже, балаларымен серуен құрған ата-ана, ойнап жүрген бүлдіршіндер – барлығы осы демалыс алаңынан табылады.
– Біз осы ауданда тұрамыз. Жағалаудағы демалыс алаңынан қайтадан ашылуын күтіп жүрген едік. Өте қуаныштымыз. Немеремізді әкеліп ойын алаңына ойнатып, өзіміз де алаңға қойылған спорттық құралдармен денемізді шынықтырып, демалып қайтамыз. Осы жобаға атсалысқан барлық азаматтарға алғысымыз шексіз, – деді қала тұрғыны Еркін Каримов.
Еске сала кетсек, жалпы аумағы 2,7 гектарды құрайтын Жайық жағалауындағы демалыс орнын жаңғырту – жасыл шаһарымыздың көркін арттыруға, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жұмыстардың бір бөлігі. Биылғы жылы Оралда бірнеше тынымбақ, әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтті. Соңғы кездері облыс орталығына келуші туристер де, шетелдік инвесторлар да көбеюде. Мұның өзі – қаламыздың жарқын болашағының кепілі.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
БҚО, Орал қаласы















