Діни алауыздық – ұлттық алауыздыққа әкеледі

0
1452

Алматы облысы еліміздегі ең ірі көлемді және көпұлтты, түрлі конфессиялар қоныстанған аймақ. Осыған байланысты  діни бірлестіктер мен филиалдар да аз емес. Биылғы жылы діни бірлестік пен филиалдардың жалпы саны 595-ті құрап отыр.  Оның ішінде ислам мешіті — 436, православ —51 және тағы басқа діни бірлестіктер бар. Егерде ақиқатын айтсақ  Рахмет Есдаулетов басқарған облыстық дін істері басқармасы өткен жылы дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, дәстүрлі емес ағымдардың,  әрекеттердің алдын алу, діни экстремизм мен терроризмге  қарсы иммунитет қалыптастыру барысында бір шама жүйелі жұмыстарды жүзеге асырды.

Конфессияаралық қарым-қатынасты қалыптастыру, нығайту, халықтың діни сауаттылығын арттыру және тағы басқа мәселелерді қамтитын облыстық дін мәселелері жөніндегі құрамында 407 мүшесі бар 20 ақпараттық-түсіндіру топтары өз деңгейінде жұмыстарын жүргізіп келеді.
Өткен жылғы тұшымды жүзеге асырылған шаралардың бірі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізілген «Рухани керуен» жобасы болды. Жоба барысында облыстың зиялы қауым өкілдері жергілікті елді мекендерді аралап, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындармен, жастармен ардагерлермен кездесулер өткізіп, шығармашылық топтың күшімен мәдени-рухани қойылымдар, спорттық жарыстар өткізді. Керуеннің құрамына 50-ге жуық әр мекеме өкілдерімен қатар өңірге танымал мәдениет және қоғам қайраткерлері енгізілді.
Осы «Рухани керуен» барысында деструктивті діни ағымға шалдыққан 757 азаматпен жеке оңалту шаралары ұйымдастырылып, 16 адамның көзқарастарын өзгертуіне ықпал етті. Бұл жоба аясында 247 іс-шара өткізіліп, оған 27 мыңнан астам адам қамтылды.
Қазіргі кезде облыстық дін басқармасында талай тың бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр. Оның бірі басқарма жанынан арнайы бейне, аудио студиясы ашылып, онда діни ағымдар туралы кеңінен мағлұмат беретін бейне материалдар түсіріліп, қалың көпшілікке ұсынылуда. Екінші бір игілікті іс басқарма жанында шағын баспахана жұмыс істеуде. Мұнда халықтың діни сауаттылығын нығайтатын қысқаша парақшалар шығарылып, кездесулер барысында жастарға таратылуда.
Тағы бір көңіл аударатын жаңалық Талдықорған қаласынан 28 штат бірлігімен оңалту орталығын ашу жұмысы оң шешімін тапты. Бұл орталықтың басты мақсаты — 2 млн. тұрғыны бар облыстың халқымен тығыз қарым-қатынас орнатып, діни ақпараттық нақты көмектер көрсету болып отыр. Орталықта арнайы білімі бар дін танушылар, психологтар және тағы басқа білікті мамандар қызмет атқармақшы. Деструктивті діни ағымға шалдыққан адамдармен, кертартпа дін саласына ілесіп кеткен әйелдермен, түрмеде жазасын өтеп жатқан адамдармен және тағы басқа да бағыттарда оңалту жұмыстарымен жүйелі түрде айналыспақшы.
Өткен жылдың өзінде облыстың 16 ауданы мен 3 қаласының 151 имамдары, кенттік ауылдық округ әкімдері, учаскелік полиция өкілдері, «Зайырлық және дінтану негіздері» пәні мұғалімде-рі және жастар ресурстық орталығының қатысуымен арнайы ұйымдастырылған курстарда оқытылған. Әр категория бойынша Астанадан, Алматыдан білімді лекторлар шақыртылып, тыңдаушыларға сертификаттар тапсырылған.
Дін тақырыбына оқырмандардың назарын аудару мақсатында жас ақындар арасында облыстық жыр мүшәйрасы және «Дін тағдыры — ел тағдары» тақырыбында жазылған мақалалар байқаулары ұйымдастырылған. Оған 100-ден астам жас ақындар, жазушылар, журналистер қатысып, арнайы жүлделер тапсырылды. Олардың шығармалары арнайы жинақ болып шықты. Бұл да қазіргі кезде дінге деген көзқарастың өзгергенін көрсетеді. Биылғы жылы діни басқармасының ұсынысымен облыста «Ғибаратты қазына» атты пікір алмасу алаңы құрылмақшы. Көпшілік кеңінен қатыса алатын бұл жобаға дінтанушылармен қатар, зиялы қауым өкілдері, мұғалімдер, ақындар, жазушылар, журналистер тартылмақшы. Діни сауаттылықтың көкжиегін кеңейтетін, діни асыл құндылықты дәріптейтін бұл пікір алмасу алаңының көпшілікке тигізер көмегі көп болатыны сөзсіз.
— Қазіргі кезде дін саласына қызметке келіп жатқан білімді, білікті жастардың қатары көбейгені қатты қуантады, — дейді Алматы облыстық Дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов. Өйткені осы барлық атқарылып жатқан іс-шараларымыз, жүйелі жұмыстарымыз еліміздің келешегі, болашағы жастардың діни алауыздықтан аулақ болуына бағытталып жатыр емес пе? Діни алауыздық — ұлттық алауыздыққа апаратын қатерлі әрекет. Ұлттық құндылығымызды дәріптейтін ислам дініне бетбұрған, жүрегінде иманы бар жастар — ертеңгі елдің болашағы. Сондықтан дін жұмысы саласында кемшіліктер жіберуге болмайды. Қазіргі кезде облыстың шетелде діни оқу орындарында білім алып жатқан 38 студенті де біздің назарымыздан тыс қалған жоқ. Олардың 26-ы діни білім алуға лайықты оқу орындарында дәріс алып жатса, 12-і білім алуға лайықты емес оқу орындарында екені анықталды. Қазіргі кезде оларды елімізге қайтару шаралары жүргізілуде. Әрбір қазақ баласын дін ағымында адастырмау жауапкершілігі біздің мойнымызда.

Нұрила Бектемірова

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.