Басы өткен санда

Ақылға дәулет бітеді

— Ой, Сіз, мықты композитор да екенсіз ғой. Ғажап!!!. Енді ғылым жайында әңгіме қозғайық, – деп Сергей дін жайынан аз сөйлесті де, жалпы ғылыми әңгімеге түсіп кетті. Сонан соң мен де дін жайын қайта қозғағам жоқ…
Жәрменде: — Абайжан, бұл жерін де естігем…
Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек,
Еңбекті сат, ар сатып неге керек?
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек…

Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге…, – депсің…

Абай: — …Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себептер — әуелі хауас сәлим һәм тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр. Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды. Алланың сөзі – қаріпсіз, дауыссыз. Алла тағаланың көрмегі, естімегі, біз секілді көзбенен, құлақпен емес, көргендей, естігендей білетұғын ғылымның бір сипаты. Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік, хайуандық болады.
Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қисабына қосылады.
…Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік… Хош, сүйтіп жүріп-ақ мал таптың, байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды. Ешбір қазақ көрмедім, малды иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпен айрылады. Бейнет, күйігі, ызасы – сол үшеуінен басқа ешнәрсе бойында қалмайды. Барында баймын деп мақтанады. Жоғында «маған да баяғыда мал бітіп еді» деп мақтанады. Кедей болған соң, тағы қайыршылыққа түседі… Кедейліктен еңбек қылсаң құтыласың, жалғыздықтан көшпен пікіріңді қоссаң құтыласың. Ақыл дәулетке бітпейді, ақылға дәулет бітеді. Ақылды орнымен жұмсап, бақыт, дәулет табу – әрбір адамның жігер, талап, қайраттылығына, еңбек өнеріне байланысты.
Жәрменде ақсақал: «— Абайжан, сен адамзат ақындарының алдыңғы қата-рындағы ақынсың. Оған дәлел мына өлеңдеріңде шексіз терең ғұмыр сипатын жасапсың…

«Ғылым таппай мақтанба!»
жырын түгелімен жатқа айтып шығады

Абай: — Иә, Жәке. Сергей:
— О, Сіз философ екенсіз. Орыс, қазақта әлі Сіздей кісі кездестірмеппін. «Адам неғұрлым білімді болса, ол соғұрлым өзінің Отанына көбірек пайда келтіреді», – деген орыс ойшылы А.Грибоедов. Сіз Отаныңызға көп пайда әкелетін адам болып жаратылған екенсіз, Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын. Сіз орыс мәдениеті, әдебиетімен біраз таныс екенсіз. Шетелдерден ешкімді көрдіңіз бе? – деді.
Мен:
— Көрдім. Семей кітапханасына барғанымда қазақша киінген зор денелі мені көрген бір қала чиновнигі кекесінді үнмен: — Бұл кітапханаға қашаннан бері түйелер келетін болған? –деді. Сонда мен: — Мұнда түйелер түгіл есек те отыр ғой, – дегенде жұрттың бәрі ду күлді. Әлгі есер чиновник шығарға есік, кірерге тесік таппай, жерге қарап отырып қалды. Милль, Бокль, Дрэпер сынды авторларды оқып отырғам. Мен американ журналисі һәм саяхатшысы Жорж Кеннанмын, Сіздің сөзіңізге риза болдым, – деп қасыма отырды. Мен одан индукция мен дедукцияның айырмашылығын түсіндіруді сұрадым. Дрэпердің «Еуропаның ой-өрісінің өркендеуі» атты кітабы жайынан ол менен қатарынан екі күн емтихан алды. Сізбен алғашқы кездескен күннің өзінде-ақ Сіздің білім парасатыңыз мені таң қалдырды. Мен сіздің атаған авторлардың үммесін түгел оқығаныңызға көзім жетті, – деп қоштасты ол.
Жәрменде: — Сергейдің қасында Семейдің көп поптары сол арада мұсылман дінінің ұзақ мәселесі туралы сенімен дауласқысы келіпті. Сонда Сергей: «Сендер қойыңдар, Ибраһим Қунанбаевич сендердің тісің бататын кісі емес,оның бойы аласа, ойы аспанмен таласа біткен екен», – депті ғой.
Абай: — Ондай пиғылдары болғаны анық. «Саясат – тағдырдың мезгілсіз әкелетін қасіреті» депті Наполеон. Өлеңдеріңізді жаза беріңіз, аудара беріңіз, әндеріңізді шығара беріңіз, Қунанбаевич. Саясаттан әнтек тысқары тұрғаныңыз жөн болар… – деді Сергей. Мен: – Рахмет, – деп қоштастым…
Жәрменде: — Қарағым, Абай! Құдай саған, адамзатқа бермеген ақылды, ойшылдықты, даналықты, ғұламалықты, бақты үйіп-төгіп берген екен. Қайырлы болсын! Ұстай біл!
Абай : — Тән жарасы мен жан жарасы деген болады.
Осының қайсысы кісіге көбірек батады, Жәке?
Жәрменде: — Қолыңды пышақпен кесіп алсаң, жаныңды көзіңе көрсетеді. Бірақ ол аз күнде өз бетімен ауырғаны ұмытылады. Жан жарасы ұмытылмайды.
Абай : — Оны басқаша түрде дәлелдеп көресіз бе, Жәке?
Жәрменде: —Тән ләззәты мен жан ләззәты де сол секілді емес пе, Абай? Жан-дүние қуанышы, оның көңілге түсетін сәулесі ұзағырақ сақталмай ма екен?
Абай: — Ендеше, әділетсіздік дегеніміз не? Адамның адамға жасайтын қиянаты ғана ма-ол?
Жәрменде: — Жоқ, Абай.
Өзің айтыпсың ғой:
«Әділетсіздік – қорқыныштың көлеңкесі» деп. Үнемі күдік арқалап жүретін адам ғана жасауға барады оны.
Абай: — Онда қорқыныш не болып шығады? Өлім бе?
Жәрменде: — Өлім-соңғы шек. Қорқыныш жүректі таза ұстамаудан…
Абай : — Уа, Жәке, күштіде не күшті?
Жәрменде: — Әуелі Құдірет күшті, сосын өлім күшті. Құдірет басыңа бақ орнатады, қыдыр дарытады. Мұның дауасы бар. Өлім-бұлсыз беріп, құнсыз алады. Оған дауа жоқ.
Абай: — Ел мұраты неде?
Жәрменде: — Әлдіге әлсіздің жем болғанында емес, әділетте. Ит қарғысы сары жез, қолың жетсе шен қыларсың. Одан артық не қыларсың?

Мұсатай ҒАЛЫМ,
Халық мұраларын зерттеуші

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз