Атыраудағы табиғи су көздері, жайылымдық және шабындық жері тапшы өңірлердің бірі – Мақат ауданы.Соған қарамастан, соңғы кездері мұнда ауыл шаруашылығын өркендету бағытында оң қадамдар жасалынуда. Алайда, шабындық жердің тапшылығы бұл саланы табысты дамытуға кедергі келтіріп отыр. Бүгінгі таңда шаруа қожалықтары мен жеке шаруашылық иелерін малдың ішетін суы мен қыстық жем-шөбі де қинап отыр.

Ауданда 33 шаруашылық құрылымы тіркелсе, солардың бірі – «Аян» шаруа қожалығы.Аталған шаруашылық бірнеше жылдан бері Доссор кентінен 20-25 шақырым жердегі «Қырыққұдық» қыстағын қоныстанып келеді. Кезінде бұл аумақта шынымен қырық құдық болыпты. Бүгінде бәрінің де суы тартылып кеткен. Оның үстіне, мұнда малы бар жеке тұрғындар да қыстақты осында өткізеді. Шабындық жердің жоқтығынан мақаттықтар малына керекті пішенді қымбатына (бір орамасын 7 000 теңгеден) сатып алуға мәжбүр. Мәселен, бір қожалықтың бағымындағы малды қыстан аман алып шығуға кем дегенде 100 орама шөп алу үшін 700 мың теңге ақша қажет екен. Ал, қауқары жететін кейбір шаруашылықтар жүздеген шақырым қашықтықтағы Қызылқоға өңірінен дайындап алады. Десек те, осы күнге дейін қыстық мал азығын өз күшімен әзірлейтін қожалықтардың бірде бірі мемлекеттен берілетін субсидияны алып көрмепті.

 

Қосұйым Мұқашев

Атырау облысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз