Қоғамда отбасы құндылығын дәріптеу арқылы сыйлы отбасыларды үлгі етуі ұрпақты ізгілікке тәрбиелеуде маңызы зор. Осындай отбасылар қатарына тамырын тереңге жайған Әділбек Жаманкөзовтың отбасын қосуға болады. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Жаманкөзов Әділбек Сағындықұлы, өнегелі отбасының тірегі – энергетиктер әулетінің көшбасшысы болып отыр. Мақаламызда еселі еңбегімен із қалдырған, қиындығы мен қызығы мол, халықтың игілігіне қызмет ететін салада үлесі бар кейіпкеріміз жайында қалам тербеуді жөн көрдік.
«Адал еңбек әрқашан кімнің болса да абыройын асқақтатады, даңқын арттырады» – дегенді бала күнінен естіп өскен Әділбек Сағындықұлы 1951 жылы бұрынғы Нарынқол ауданы Текес ауылында қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келді. Ата-анасы мектептен соң ұлын Алматыға аттандырады. Алматы облысы Талғар қаласындағы Талғар механика және электрлендіру техникумында білім алған жас жігіт оқуын тәмамдаған соң туған жерге оралды. 1974 жылы еңбек жолын Кеген ауданындағы электр тарату торабы мекемесінен бастайды. Ал, 2005 жылы Талғар ауданы электр тарату торабында топ басшысы қызметіне алынды. Үздіксіз еңбек өтілі 41 жыл. Бүгінде еңбегінің зейнетін көрер шаққа жетіп, балалары мен немерелерінің асқар тауы болып отыр.

Ерен еңбегімен ерекшеленген

Әділбек Сағындықұлының марапаттары жетерлік. Дегенмен, ол үшін ең жоғары марапат – халықтың ықыласы мен алғысы. Біздің кейіпкеріміз әріптестері мен тілектестерінің өзіне деген бір ауыз жылы сөзін кез келген медаль мен орденнен анағұрлым артық санайды. Және бүгінде ол еңбегімен, адамгершілігімен осы құрмет биігіне шыға білді. Бар саналы ғұмырын энергетика саласына арнаған Әділбек Жаманкөзов осы салаға өзінің азды-көпті қолтаңбасын қалдырғаны анық.
Әділбек Сағындықұлы перзенттерінің ғана емес, күллі әулеттің ақылшысы, арқа сүйер асқар тауы іспетті. Ағайын-туысқа да сыйлы, көрші-көлемге де құрметті. Әділбек аға қызмет еткен саланы бауырлары мен балалары әрі қарай жалғастырды. Бәрі де замана талабына сай мамандықтарды меңгерген. Адал еңбектің өтеуі абыроймен аталып өтері аян. Халықаралық отбасы күні мерекесін «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниялар тобы өткізген еңбек әулеттерінің күнінде атап өтті. Ұрпақ сабақтастығын дәріптеуді мақсат ететін, бірнеше жылдан бері өткізіп келе жатқан дәстүрлі шарада «Самұрық-Қазына» ұлттық компания басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев компанияның еңбек әулеттерін мерекелерімен құттықтады. «Қордың еңбек әулеті» медалін Жаманкөзовтар әулеті иеленді. Иә, Энергетика саласының үздіктері көптеп саналады. Солардың бірі – Жаманкөзовтер әулеті. Экономика негізі болып табылатын энергетика саласында жарты ғасырдан астам тер төккен Әділбек Жаманкөзұлы «Энергетиктер әулетінің көшбасшысы» деп атауға толық негіз бар. 2019 жылы «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясының «Еңбек әулеттері» төсбелгісіне ие болған. Әділбек ағаны еңбек әулеті «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Е.Тоғжановтың Алғыс хатымен марапатталды.
— Біздің жұмысым – осы. Біз одан рахат табамыз. Қолдан келіп тұрса, неге басқаға көмек бермеске?! – дейді Әділбек Сағындықұлының інілері Жолболды осы салада еңбек еткеніне риза екендігін білдірді.
Әділбек Сағындықұлының ортаншы ұлы Ерлік 1980 жылы дүниеге келген. Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық аграрлық университетін тәмамдап «Электрожабдықтау» мамандығын алып шыққан. Қолына дипломын алған жас маман 2002 жылдан аталмыш мекемеде бөлімнің бас маманы қызметін абыроймен атқарып келеді. Кәсіби қызметте жеткен жоғары нәтижелері мен энергетика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Ерлік Әділбекұлы Сағындықов 2019 жылы энергетика министрі Қ.Бозымбаевтың Алғыс хатымен марапатталды.
Энергетика саласының он тоғыз жылдан бері ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан Ерлік Әділбекұлы тәжірибесі толысқан маман. Өзіне артылған міндеттерді уақытылы орындауы мен мамандығына деген зор сүйіспеншілігінің арқасында ұжым мақтанышына айналды. Әке бойынан табандылық пен еңбекқорлықты, ана құшағынан мейірім мен білімді, үлгілі отбасынан тәрбие мен имандылықты игеріп өскен жігіттен «Энегетика саласын өміріңізбен сабақтастыруыңызға қандай себеп болды?» деп сұрағанымызда:
— Мен есімді білгелі энергетика саласының қыр-сырына құлағым қанып өстім. Әкем үнемі жұмысқа асығатын. Тіпті кейде үйде апталап болмай, іссапарларға кетуші еді. Ісіне деген адалдығы мені қайран қалдыратын. Ерте кетіп, түн ауа келетін әкеме ұқсауды бала күнімнен армандадым. Адам баласына қажетті асыл қасиеттің барлығын ата-анамның бойынан көріп өстім. «Әкеге қарап ұл өсер демей ме?». Менің осы салаға келуіме әуелі Алла, одан кейін тура әкемдей болсам деген балалық арманым себепші болды,– деді ол.
— Әкем отбасындағы төрт балаға жалықпай еңбек етуді, үлкенді құрметтеуді үйретті. Бар жақсылықты бойымызға сіңіріп ержеттік. Одан жаман болған жоқпыз, – дейді өмірі өнегеге толы үлкен ұлы Әділбек Ербол Әділбекұлы.
— Мамандығымды ауыстыру ойы ешқашан туындаған емес, себебі мен балалық шағымнан бастап әкемнің өз жұмысы туралы әңгімелерімен бірге өскен едім. Сондықтан мен әдейі осы мақсатқа бет алдым. Әр саланың өзіне тән ерекшелігі сол кәсіптің көзге көрінбейтін мән-мағынасы іспетті. Үйінде немесе жұмыс орнында жарықсыз қалған адамдарды бір-ақ сұрақтың мазалары анық. Қашан жанады? Мұндай кезде спутниктік рация арқылы шеберлермен байланысқа шығып, мәселені шұғыл шешуге тырысады. Электр жөндеушілерінің қызметі қоғамға аса қажет болғанымен, жұмысы ауыр. «Адам бойындағы қандай қасиеттерді жоғары бағалайсыз?» деген сұраққа Әділбек Сағындықұлы былай деп жауап берді:
— Ең бастысы –адамгершіліктің болуы. Ешқашан өтірік айтпа, алдама! Алдыңнан бәрібір айналып, қайтып шығады. Ұятқа қаласың, қадірің кетеді. Ұрпағыма осыны өсиет етемін. Өміріміздің мәніне, тірлігіміздің тірегіне айналған ұрпағымыз қуанышқа бөлеп өсіп келеді, – деп аяқтады әңгімесін Әділбек Сағындықұлы. Береке мен бірлігі басым жаманкөзовтардың қара шаңырағында достық пен татулық мықтап орын тепкен. Өйткені, жарық пен жылу шашқан энергетиктер әулетінің көш басында қара нардай қасқайып Әділбек аға тұр. Ол энергетика саласында 45 жылға жуық еңбек етті. Қазіргі таңда зейнетте. Бүгінде 3 ұл мен 1 қыз өсіріп отырған ақсақалдың қазірде 14 немересі де бар. Енді оның жолын балалары мен ер жеткен немерелері жалғастыруда.
Жаманкөзовтардың екі ұлы мамандығын таңдаған кезде әрқайсысы жеке шешім қабылдады, дегенмен бір адамдай екеуіде энергетика саласына ұмтылыпты. Қазір де бір компанияда ағайындылар бірге еңбектенеді.
— Біздің мамандықта ең ауыры не? Энергетикада әр минут сайын өте қиын жағдай орын алуы мүмкін, сондықтан кәсібилік үнемі болуы шарт. Әрқашан шешім қабылдауға дайын болу керек, оның дұрыстығына адамдардың өмірі қатысты болады. Бұндай жауапкершілікке қарамастан, мамандықты ауыстыру ойымызда ешқашан болған емес .
Әулет өкілдерінің сөздері бойынша, энергетик – абыройлы, қажетті, ең бастысы тамаша мамандық болып табылады. Оған жауапкершілік, топталғандық және біртоғалық сияқты кәсіби қасиеттермен қоса дәлдік қажет. Бірақ, өкінішке орай, жұмыстың өмірге өте қауіпті болғандықтан жастар осы салаға зауықсыз барады. «Отбасының жемісі – тәрбиелі ұл мен қызы» деген, мақтан етер ұрпағымыз көбейсын. Ұрпағына мақтаныш болар қазыналы қарттарымыз көп болғай. Қазақтың әр отбасының керегесі кең, шаңырағы берік, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Гауһар Тұрсынқожа

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз