Елорда әкімі Алтай Көлгінов қаладағы үш ауысымдық мектептердің мәселесін шешу үшін жекеменшік мектептердің санын көбейту керектігін, оған отандық және шетелдік бизнесмендердің атсалысатынын айтқан болатын.

           

 

 

 

Соңғы кездері білім нарығы деген жаңа түсінік қалыптасып келеді. Елімізде жеке меншік мектептер де  көптеп ашылып жатыр. Өркениетті елдерде жеке меншік мектептерде оқу, білім беру қалыпты жағдай саналғанымен, біздің тәуелсіз еліміз әлі де болса мұндай үрдіске үйрене қойған жоқ. Тіпті, арамызда үрке қарайтындар да жоқ емес. Бірақ, дамыған қоғамның өз заңдылықтары бар. Қазір дүниежүзі тарыдай ғана түйіршікке айналып, әлем алақандағыдай ғана болып қалды. Бүкіләлемдік жаһандануды  кейбіреулер аждаһаға теңеп, ұлтқа төнген қауіп деп жатады. Бірақ жаһанданудан үркіп, үрейленетіндей ештеңе жоқ. Ешкім есік-терезесін бітеп, мұқымдүниеден оқшау өмір сүре алмайды. Сонда қайтпек керек?

Бізге «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» (Хакім Абай) пен «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек» (ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов) деп өсиет еткен асылдарымыздың бағдары нақты темірқазығымыз болуы керек.

            Сондықтан еліміздегі білім сапасын жаңа деңгейге көтерсем, ұрпақ санасына бабалар өсиеті мен өркениетті қоғам қағидаларын сіңірсем деген мақсаттағы «ұлтқа қызметтің» кез-келгені құптарлық іс. Осы орайда астанада алғашқылардың бірі болып, Intellect бастауыш мектебінің салтанатты ашылу рәсімі болды. Заманауи үрдіспен үмітін үкілеп, келешек интелект ұрпақтың зейінін ашып, зердесін кемелдендіруді қазірден қолға алып жатқан «Intellect» Primary School  бастауыш мектебінің  ұстаздарымен тілдесіп, аз-кем әңгімелестік.           

            Ғалия Балхиева, Intellect бастауыш мектебінің директоры: «Кез-келген жобаның қозғаушы күші – мықты кадр»

240 орындық жекеменшік мектеп өткен жылдың соңында ресми түрде тіркеліп, оқу жылының ІІІ тоқсанынан бастап есігін айқара ашты. Мұнда қазақ, орыс тілдерінде білім беріліп, ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Сондай-ақ мектепте баланың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Заманауи құрылғылармен жабдықталған. 3 қабатты зәулім ғимараттың 1-2-қабатында оқушылар сабақ оқыса, 3-қабатта үйірмелер өткізіледі. Ал төменгі қабатта асхана орналасқан. Мұнда робототехника, тоғызқұмалақ, гимнастика, қолөнер мен актерлік шеберлікке баулитын және басқа да үйірмелер жұмыс істеп тұр. 240 кітап қоры жиналған кітапхана да бар.

Мектебіміздің бір артықшылығы таңғы сағат 8.00-де сабаққа келген балалар үйлеріне кешкісін бірақ қайтады. Сол аралықта олар сабақ оқып, үйірмеге қатысып, уақытын тиімді өткізеді. Келесі күнгі сабаққа да осында дайындалады. Бұл ата-аналар үшін өте тиімді.

Қазір жекеменшік мектептебімізде 18 білікті педагог жұмыс істейді. Олардың басым көпшілігі бұған дейін Назарбаев зияткерлік мектебінде қызмет атқарыған. Шетелдік мамандарды да жат санамаймыз. Мектебімізде оқушыларға ағылшын тілінен финляндиялық мұғалім сабақ береді. Кез-келген жобаның қозғаушы күші – мықты кадр. Сондықтан мен өз әріптестеріме сенемін. Өзім де Назарбаев зияткерлік мектебінде талай жыл еңбек еттім. Әріптесім Інжу-Маржан екеуміз де – мұғалімдер династиясының өкіліміз. Оның да, менің де әкем ұзақ жылдар бойы мектеп директоры болған. Менің әпкем де, інім де, келінім де – мұғалім. Інжу-Маржан Хуанбайқызының да келіні, сіңлісі мұғалім. Бизнес бастардың алдында басқа саланы таңдаймыз ба деп те ойлағанбыз. Бірақ білім саласынан алыстап кете алмадық. Яғни қазіргі таңда әкелерімізден қалған мұраны жалғастырып жатырмыз. Осы мектепті ашуға қолдау көрсеткен «Таңшолпан» ЖШС директоры Елтай Сұлтанмұратқа ризашылығымызды білдіреміз. Жалпы, білімнің

негізі бастауыш сыныпта қаланады. Сондықтан бастауыш мектебін ашуды жөн көрдік.

            Інжу-Маржан Қуанбай, «Intellect Primary School» ЖШС-ның басшысы, ұстаз: «Баланы рухани тамырынан айырып, роботқа айналдыруға болмайды

«Intellect Primary School» бастауыш мектебін ашудағы басты мақсат пен міндет қандай?

            – Қазір нарықтың сұранысына орай ашылып жатқан жеке меншік мектептер көп. Мектептерде бала саны белгіленген мөлшерден асып кетіп жатқандықтан, үкімет жеке-меншік мектептердің ашылуына рұқсат берді. Біз де сол мүмкіндікті пайдаланып, жасөспірім ұрпақтың болашағын назарымызға алдық. Өйткені білім саласында, бала тәрбиесінде  жылдар бойы жинаған тәжірибеміз жетерлік. Өзім бастауыш мектеп мұғалімі болып 28 жыл қызмет істедім. Әр істі бастамас бұрын сол саладағы тәжірибеңіз болмаса, бәсекелі нарыққа шыдас беру оңай болмайды. Сондықтан мол тәжірибе сенімнің қайнар көзіне айналды. Бүгінгі заман талабы білім нарығын қалыптастырды. Күннен-күнге жасөспірім санының өсуі қуантады, бірақ  білім беру қиындықтары туындап, білім нарығын шыңдауға алып келді. Біздің мектептің ерекшелігі бастауыш мектептегі ең маңызды деген үш пәнді тереңдетіп оқытады. Ол қазақ тілі, математика және ағылшын тілі. Сонымен қатар, адами  құндылықты білімнен де жоғары қою – біздің басты мақсатымыз. «Білім, білім» деп жүктемені көбіне балаға береміз деп қазіргі таңда құндылықтарымызды жоғалтып, олардың рухани таным-тамырынан айырып, роботқа айналдырып бара жатқанымызды мойындағанымыз абзал.

Біздің мақсатымыз көп мектептің бірі боламыз деп емес, солардың ірісі боламыз деп, елге-жерге махаббаты күшті, қайырымы қуатты ұрпақ тәрбиелеуге қажыр-қайратымызды жұмсау болып отыр. Ұстанымымыз – сапалы білім, текті тәрбие арқылы саналы ұрпақ дайындау. Ал мектепті ашу мәселесіне келер болсақ, бұл менің көптен бергі арманым еді. Бұл ойымды білетін отағасы бірде арманымды жүзеге асыруға көмектесетінін айтты.

Басты мақсат – табыс табу емес, білімді, білікті, тәрбиелі ұрпақ өсіру. Алдымен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған жас кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы-2020» жобасының шапағаты тиді. Кәсіпкерлік біліміміз өз мақсатымызды жүзеге асыруға деген сенімімізді күшейтті. Кейін мектепті ашу үшін кәсіпкер отағасы Елтай мырза қаржылай қолдау көрсетті.

Мектептің жүрегі – мұғалім. Мектеп ғимараты керемет, барлық жағдай жасалсын делік, бірақ мұғалім баланың жан-дүниесін түсінбесе, көзқарасын бағаламаса, онымен сырласа алмаса, ой бөлісе алмаса сіздің үйіп-төгіп  берген теорияңыз ауада ұшады да кетеді. Мен үшін мұғалім-ана, мұғалім тіпті – ұстаз, баланың жан-дүниесін қалтқысыз түсінетін психолог болу керек

Інжу-Маржан Қуанбай, «Intellect Primary School» ЖШС басшысы, ұстаз: «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы

-– Мектептің басты ерекшелігі қандай?

Біздің мұғалімдеріміз – халықаралық бағдарлама жүйесін меңгерген, жекеменшік оқу орындарында және Назарбаев Зияткерлік мектептерінде кемінде 10 жыл еңбек еткен, жалпы педагогикалық шеберліктері әбден шыңдалған, 25-30 жыл тәжірибе жинақтаған шығармашыл, жан-жақты, креативті, дәстүрлі және жаңа педагогика саласын өз бойына сіңірген  тәжірибелі ұстаздар. Сонымен қатар біздің қатарымызда заманауи технологияның тілін жетік білетін жас әріптестеріміз де  бар. Мектеп таңдағанда ата-ана алдымен ұстазды таңдағаны абзал. Себебі, «ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» деген халық тәмсілі тегіннен тегін айтылмаған.

Осыдан 6-7 жыл бұрын бастауыш мектептің бағдарламасын жасауға біз де ат салыстық. Заман талабы бағдарламаны түрлі бағытта талап етеді. Қазіргі бастауыш мектептегі ата-ананың көп пайызын жастар құрайды. Жастардың көзқарасы, талабы, пікірі өзгеше. Сондықтан заман тоқтап тұрмайды, сол себепті бағдарламаны

өзгерту де оңай емес. Ал меңгерту тіптен қиын. Ол үшін мемлекетте мұғалім тағдырына үлкен мән беру керек. Мұғалім алдына үйіп төгіп оқушыны отырғызу емес, оған жағдай жасалу керектігі есте болғаны дұрыс. Оқытушыға әр балаға сапалы білім, құнды тәрбие беру үшін алаңсыз жұмыс жасайтын мүмкіндік қажет. Жауапкершілікті тек ұстаздарға ғана артпай, мәселені үш жақты қарастырған жөн. Ол бірінші кезекте мемлекет, екінші, ата-ана, үшінші, мектеп ұжымы. Біздің  мектеп те мемлекеттік білім беру стандартына бағынады. Бірақ, біз қиындық туғызу мақсатында емес, оқушыға білімді меңгертудің тиімді, қызықты әрі жеңіл түсіндіру әдіс-тәсілдерін қолданамыз.

Оқулықтағы бір сағатқа берілген бүкіл тапсырманы орындау міндетті емес, ең бастысы – сабақ соңында нақты нәтижеге қол жеткізу. Шетелден үйреніп, оқып, көрген-білгенімізді өз тәжірибемізде әрине қолданамыз. Олардың да өзіндік озық бастамалары мен білім беруде үлгі боларлық тәжірибелері бар. Олардың бәрін алмасақ та, ең жақсы деген озығын алып, ұлттық тәрбие және болмыс-бітіммен ұштастырамыз. Сонымен қатар, «Оқу мен жазу арқылы Сын тұрғысынан ойлауды дамыту» жобасымен де жұмыс жасаймыз. Бұл жобаның философиясы -әр баланы жеке тұлға ретінде қабылдап, оның ойымен санасып, көзқарасын өз ортасында еркін айтуға баулу. Оқушы мектепте алған академиялық білімдерін, күнделікті өмірде қолдана білетіндей болуы керек. Бағдарламаны меңгерту барысында STEAM бағытын да қолданамыз.

            Інжу-Маржан Қуанбай, «Intellect Primary School» ЖШС басшысы, ұстаз:

            Әр бір оқушы – жеке тұлға 

            – STEAM Academia деген не?

            – Бұл бағытты таңдаған себебіміз, бірнеше пән яғни STEAM (ғылым, технология, инженерия, арт, математика) бағыты оқушылардың қызығушылығын арттыратындығын тәжірибеде байқадық.  Әсіресе, бастауыш мектеп оқушыларының жас ерекшелігін ескерсек бұл бағыт, әдіс-тәсіл жолдары  өте маңызды. Оқушылар  шығармашыл, креативті іс-әрекет арқылы білімді меңгереді. Бізге де Финляндия мектептеріндегі сияқты балаға оқушы емес, жеке тұлға ретінде қарайтын уақыт жетті. Біз де осы негізді  бағытқа алып жұмыс істейміз. Алдымызда отырған оқушыны дос ретінде қабылдаймыз. Қазір оқушыларымыз еркін, барлық мұғалімдермен ашық сөйлесе береді. Оқушылардың мұғалімге деген сенімін арттырамыз. Мұғалімнің басты мақсаты да – Бала оқушы өз пікірі мен ойын айтқан кезде мұқият тыңдай білу. Бізде әкімшілік аумақ, кедергі жоқ. Балалар оқытушылардың кабинетіне кез-келген уақытта емен-еркін кіріп-шығып жүре береді. Қоңырау, серуендеу кезінде де бірге ойнаймыз.

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген Әл-Фараби бабамыз. Білім мен тәрбие қатар жүруі тиіс. Тәрбиенің негізі отбасында қалыптасады. Үйдегі берілген тәрбиені біз мектепте нығайтуға тырысамыз. Тәрбие бір-бірімізге деген қарым-қатынастан басталады. Ол таңертең бала мектепке кіргеннен-ақ басталады. Балаларды құшақ жая, жарқын көңіл-күймен  қарсы аламыз, ойын тыңдаймыз, әңгімелесеміз, бірге ойнаймыз. Ата-ана мен мұғалім бірлесіп жұмыс жасағанда ғана бала бойына ізгі қасиеттерді сіңіре алады. Ендеше, ұлт болашағын тәрбиелеуде еш қателеспей, өз үлесімізді қосқымыз келеді

            Інжу-Маржан Қуанбай, «Intellect Primary School» ЖШС басшысы, ұстаз: Зердесінде ұлттық тәрбие мен жаһандық білім ұштасқан бала парасатты  (интеллект) болады           

            – Жаһандық адам ұлтқа қауіп емес пе?

            – Жас бүлдіршіндердің тыңдау арқылы есте сақтау қабілеті жоғары дамыған. Ортамыз және интернет желісіндегі балаларға арналған қызықты бағдарламалар да орыс тілінде болғандықтан, балаға орыс тілінде сөйлеу оңайға соғады. Ал ағылшын тіліне жетік жаһандық азамат дайындау – заман талабы. Өйткені қазіргі буын жас ата-аналардан жасақталып отыр. Ал жас ата-аналардың көзқарасы мүлдем басқаша. Дегенмен де біздің мақсатымыз өз ана тілімізді орыс және қазақ сыныптарында пән ретін оқыту. Біздің ұжымдағы қызметкерлердің барлығы ана тіліне жетік. Үзіліс кезінде, асханада, серуен уақытында да біз балалармен өз тілімізде сөйлесеміз. Ең басты мақсатымыздың бірі де – ана тілімізді дәріптеу. Орыс сыныбында оқуға ниеттеніп келген оқушылардың ата-анасын «балаңыз қазақ сыныбына барсын» деген үгіт- насихатты көбірек айтамыз. Бұл да біздің тілге деген жан ашырлығымыз. Бізді толғандыратыны – соңғы кезде ата-аналар балаларын орыс сыныбына көбірек бере бастауы. Бұл мәселені тереңірек зерттеген абзал деп ойлаймын. Ал жалпы қазақ сыныбында оқыған баланың адамгершілік құндылығы жоғары болады әрі ол бала қазақ тіліне де, орыс тіліне де, ағылшын тіліне де жетік, сауатты болатынын айтқым келеді.

Бала бақытты, көңіл-күйі жақсы болған сайын білімді, ақылды болады. Кез келген ақпаратты тез қабылдайды. Біздің мектеп бақытты балалар ортасын құруға арналған. Ойнап жүріп тәрбиені де, білімді де бойына сіңіреді. Қамқоршыл, жанашыр, кішіпейілділік, мейірімділік, сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет  көрсету қасиеттер дәнегін әр баланың бойына егу біздің алға қойған басты  мақсатымыз.  

            Інжу-Маржан Қуанбай, «Intellect Primary School» ЖШС басшысы, ұстаз: «Заманына қарай адамы»

            –  Бұрынғы бала мен қазіргі баланың айырмашылығы қандай?

            – Заман тоқтап тұрмайды… заманның дамуы, өркендеуі, техниканың ғаламтордың даму желісі қалай болса адам санасының дамуы да дәл солай…ендеше, бұрынғы бала мен қазіргі баланың арасындағы алшақтық жер мен көктей екені рас…

Менің ойымша бүгін бала алға қарай ұмтылған бала, бірақ өкінішті бір жағдай тәрбие құндылығы ақсап жатады. Сондықтан оларды тәрбиелеуде, білім саласында ұлттық құндылықты басымырақ ұстанған дұрыс. Мысалы, біз ана тіліміздің ақсап жатқанына жанымыз ауырады, әріптесім Ғалия екеуіміз ақылдаса келе актерлік шеберлікті орыс сыныбында, (орыс сыныбы деп аталғаны болмаса 98% қазақтың қара көздері… Өте өкінішті …сол себепті) тек қазақша қойылымға дайындауға бағыттадық. Себебі ол қойылымдар іріктеліп таңдаулысы қарастырылады. Қойылымның жүйесінде, мазмұнында тәрбие құндылығы бар болуы керек. Талап солай. Сабыр, құрмет, сыйластық, адалдық, МЕЙІРІМДІЛІК т.б.

Ал домбыра құдіретін біз пән ретінде енгізіп отырмыз, тоғызқұмалақты міндетті үйірме ретінде қарастырдық. Бұның барлығы біздің тәрбиеміз. Тәрбие дұрыс болса білім алу ешқайда кетпейді. Себебі ішкі құндылық дайын болғанда ол бала өзі ақ білімге құштар болады. Айту оңай бірақ іс жүзінде қиын. Дегенмен, біз мақсатымыздан танбаймыз. Тамшыдай болса да үлесімізді қосамыз, АЛЛА жазса осы мақсатқа ұмтыламыз.

Інжу-Маржан Қуанбай, «Intellect Primary School» ЖШС басшысы, ұстаз: «Білім – адами құндылықтың жемісі»

            – Сіздің көзқарасыңыздан түсінгенім, білім адамды тәрбиелемейді, керісінше тәрбие мен адамгершілік қасиет білімді  өсіреді. Білім – жеміс, тәрбие мен адами құндылық – топырақ дейсіз ғой…

            – Ұстаз ретінде адами құндылықтарды балаларға көбірек сіңіруді, дағдыға айналдыруды, шынайы әрекет жасауды, жақсылықтың жарқын көрінісі болуды, іс әрекетте, сабақта, қарым-қатынаста, қоғамда қолдануды әріптестеріме және шәкірттеріме жиі мақсат, талап ретінде айтамын. АДАМ болып келіп, АДАМ болып кету парызымыз.

Шындығында шет елде солай екен, бұлай екен дейміз. Олар қоғамда, өмірде неге алға кетті, өйткені олар білім ғылымды ең әуелі адами қүндылық, көркем мінез арқылы жеңіп отыр. Үйренсем, білсем деген адамға үлкен адами көзқараспен қарайды, жетелейді, дамытады, қолұшын береді, Ал білім адами құндылықтың дәрежесі бар жерде өзі-ақ шарықтай береді. Менің ІРІ ТҰЛҒА ҰСТАЗДАРЫМНАН да осы адами құндылықтың болғанын қалаймын, АЛЛАҒА шүкір, әріптестеріміз осы қағидаға сүйенеді, ал БІЛІМ, сол қүндылықтың жемісі болып көктей береді.

Сіздерге де тек адами құндылықты тілеймін!

– Рахмет!

                                                                                   Тілекгүл Есдәулет

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз