Абай Құнанбайұлының ішкі жанайқайынан туындаған мұң мен зарға толы өлеңдері мен қара сөздеріндегі суреттелген келеңсіздіктер дәл бүгінгі таңда қазақ жұрты арасында кеңінен белең алуда. Өкініштісі де сол! Абай бабамыз өлеңдерінде қазақ баласына нені үйреніп, не нәрседен жирену керектігін айтады.

«Қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ»

Бекерге шашылған дүние, босқа өткен уақыттың түбінде сұрауы барын айтты. Абай бабамыз адам өз-өзінен ең болмағанда айына бір есеп алуды ескертті. Ақынның көтерген көкейкесті мәселелерінің бірқатары осы күнгі қоғамда орын алуда. «Қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ» деп ашына жазды ақын. Бұл Абай бабамыздың тар заманның зарын айтып, надандықтың, опасыздықтың шегіне жеткен сәтте шыққан ішкі жанайқайы деп түсінуіміз керек. «Надан ел қуанбас нәрсеге қуанады, ондай қуаныш тіпті шектен шығып кетеді. Бағзы біреулер өзінің аты озса, балуаны жықса, салған құсы, қосқан иті аң ұстаса, соған есі шығып қуанады. Оның бәрі қарсы жақтағы адамдарды мұқату үшін, ызаландыру үшін істейді. Жаңағыны олжа көріп, қуанып отырған нәрселерінің бәрі – уақытша, ауыспалы, ертең өзгеге нәсіп болатын жайттар екені есінде жоқ».

Осындағы айтылған кертартпа бәсекелестік, көрсеқызарлық, іштарлық сияқты жағымсыз қасиеттер Абай заманының тыныс-тіршілігі, көрінісі десек, бүгінгі күнде дәл осы әрекет қазақ жұрты арасына жайылған рухани дерт. Сөзіміз құрғақ болмасын, өзіңіз де көріп жүргендей, несие алып, белшесінен қарызға батып той жасайтын да – сол қазақ, дер кезінде төлей алмай, қиналып, сергелдеңге түсіп жатқан да – сол қазақ. Аспанмен тілдескен зәулім мейрамханалар мен қаптаған әншілерде есеп жоқ. Шаш етектен шашылып, ас та төк той жасай бергенше, бір мезгіл ой жарыс, білім жарыс болып жатса құба-құп. Той даңғаза болған жерде терең ой қайдан болсын?! «Байдың дүниесін байғұс қызғаныпты» болмасыншы, тойдың болғаны жақсы-ау, бірақ қазақи салтымызға сай, дәстүрімізді дәріптейтін, салауатты да сыпайы түрде өтіліп жатса не дерің бар?!

«Ел болам десең, бесігіңді түзе!»

Бұрындары атам қазақтың «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген тәмсілін «Ел болам десең, экраныңды түзеге» алмастырғандай болдық. Төрткүл дүниедегі дүрбелеңді көріп, жағамызды ұстайтын халге де жеттік. Хакім Абай: «Надан адам қуанбас нәрсеге қуанады, ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды» – дейді. Тіпті, қазақ ағайындар дәстүр-салтымызда жоқ жат қылықтарға бой алдыруда. Басқасын былай қойғанда, діні, ділі, дәстүрі басқа, болмысы бөтен, сырт пішіні де үш қайнаса сорпасы қосылмайтын келімсек кірмелерге, шойындай қараларға қызын ұзатып, құдандалы болып қуанып жатқан да – сол қазақ. Қуанбас нәрсеге қуанып, ұялар нәрседен ұялмайтын, ұлтымыздың сүйегіне таңба түсіріп жатқан әрекеттерді көріп, қайнайды қаның, ашиды жаның деуден басқа сөзің де жоқ. Тарихтан білетініміздей, «тәнімді шал сипаған құрт жесін» деп, құздан құлап мерт болатын қазақтың мәрт қыздары неге ұсақталып барады, неге көрінген көк аттыға мінгесіп кетіп жатыр деп қиналасың. Ақын өз заманында-ақ пайда ойламай, арды ойлау керектігін айтып, дабыл қақты. Алайда, сол күйінгеннен шыққан дабылдың даусын естір құлақ аз болып тұр.

Рухани кедейлік етектен тартып тұр

Хакім Абай: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі – ақымақтық» – деп жазды. Иә, әркім өмір атты өлшеулі аялдамада тағдырға жазылғанын көріп өтетіні ақиқат. Осы екі аралықта базбіреулер өмірдің сәні де, мәні де – тек мансап, атақ, лауазым, байлық болса, бәрінен де сол бақыт деп санап, жан-жағындағыларға паңдана қарап, салғырттық танытады. Осындайда, кім аз қаражатпен жақсы көңіл-күйде болса, рухани байлығы мол болса – сол бақытты. Ал, кім көп қаражатпен жан шаттығы болмаса, рухани кедей болса, ол – бақытсыз деген ғұламалардан қалған есті сөз еске оралады. Осылайша, рухани кедейлік етектен тартып тұрғаны шындық. Сананы дүние билеген нәпсіқұмарлықты ауыздықтайтын құндылықтар бар.

Дамыған елдің қатарына қосылу үшін білімді болып, ғылымды, өнерді игеру керек екенін ескертіп, сол заманда-ақ Хакім Абай «Ғылым таппай мақтанба» деп жазды. Ақын өмірдің мәні білім-ғылымда екенін айтып, қазақ халқын жаңа өмірге бейімделуге, ілгерілеуге, өсіп-өркендеуге, жақсы нәрсеге ұмтылуға шақырды. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп, өскелең ұрпаққа өсиет сөзін үлгі етіп жазды. Рухани бай болу үшін ата-бабамыздан жеткен ұлттық мұраларымызды дамыған заманмен үйлестіре отырып, жаңартып, алға ұмтылуымыз керек. Озық елдер қатарына жетудің негізі – ұлттық мәдениетімізді, әдебиетімізді, тарихымызды терең білуде жатыр.

Сөз соңында айтпағым, қазақ қазақ болғалы, қара домбырасы қолынан түспеген халықтың ендігі жерде домбырасымен қатарласа, әр қазақтың төрінде кітап сөресінде Абай бабамыздың қара сөздері, өлеңдері орын алып тұрса, нұр үстіне нұр болмақ!

ӘБІШЕВА Рыскен Рахымқызы

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы,

ф.ғ.к., Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз