«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді», – деген ұстаз есімін болашаққа самғататын құнды мұралары мен игі істері.Нұрғанат Мекебайұлы Керімбаев – қазақ тілі және әдебиеті пәнінің дарынды мұғалімі еді. 1973 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология бөлімін бітірген Нұрғанат республикалық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында аға оқытушы болып еңбек етіп, республика мұғалімдеріне ең озық деген оқытудың әдіс-тәсілдерін үйреткен тәжірибесі ұшан-теңіз білімді филолог болды. 1994 жылы ұлы Абайдың 150 жылдығына орай «Абай тағылымы» тақырыбында арналған ғылыми-практикалық конфиренция өтті. Әйгілі ғалымдар: С.Қирабаев, З.Ахметов, Қ.Жарықбаев, М.Мырзахметов, Қ.Салғарин сынды қазақ тілінің білгірлері бас қосқан кеңесте «Абай шығармаларын 10-сыныпта тереңдетіп оқыту» деген тақырыпта баяндама жасаған. Нұрғанат жақсы-жақсы ойларымен көзге түсті. Оның «Үш-ақ нәрсе Адамның қасиеті» атты ой-толғау пъесасын Алматыдағы №159 мектептің өнерлі оқушылары сахналап көрсетіп, бұл пъеса-білікті ғалымдар мен театр мамандарынан жоғары баға алды. Пъеса сол 1994жылы «Қазақ тілі және әдебиеті» журналының 7-8 сандарында жарық көріп, ол бүкіл республикадағы қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдеріне жақсы үлгі болды. Конференция материалдары 1995 жылы Нұрғанат Мекебайұлының құрастыруымен «Рауан» баспасынан «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген топтамамен кітап болып жарық көрді. Білімді жас филологтың Абайдың 150жылдығындағы«Абай шығармаларындағы Толық Адам» деген ғылыми баяндамасы сол кезде білікті ғалымдар назарына бірден ілікен еді.

Нұрғанат Мекебайұлы 2007 жылы Т.Рысқұлов атындағы №16 мектептен «Абайтану» кабинетін республикада тұңғыш рет ашты. Абай шығармаларын терең ғылыми тану негізінде жасалған, Абайтану ілімін бейнелі кестелер арқылы ашып берген аса құнды кабинет деп, белгілі ғалымдар биік баға берген бұл жаңалықты «Қазақстан», «Хабар», «Рахат», «Жетісу» телеарналары көрсетті. Нұрғанаттың ғажайып жаңа оқыту бағдарламасы республика мұғалімдеріне «Темір қазық» болды. Аса құнды кабинет деп баға алған бұл кабинет деп баға алған бұл кабинетте ұзақ жылдардан бері аудандық, облыстық, республикалық «Абай оқулары» мен түрлі ғылыми-мәдени конференциялар өткізіліп келеді. Бұл талапты да ізденгіш мұғалімі – Нұрғанат Керімбаевтай ұстаздың еңбегіне деген құрмет еді. Әсіресе, 2002 жылы Астанада өткен: «XXI ғасырдағы орта білім беру жайлы және даму болашағы» деген тақырыппен өткен халқаралық ғылыми-практикалық конференцияда Н.Керімбаевтың жасаған білім берудің кешенді үлгісін нақты дәйектемелер мен дәлелді тұжырымдамаларға незгізделген «Қазақ пансион мектебі» деген ғылыми баяндамасы зерек мұғалімнің аса биік интелектуалдық қуатын көрсететін тұс болды. Ғылыми тәжірибесі айқын, білім берудің кешенді мектебінің жобасы бұл күндері облыс әкімдігінің назарына алынған.

Талантты филолог, білікті Абайтанушы, зерек ғалым Нұрғанат Керімбаевтың өмірден озығына да жылдан асты. Артына мәңгі өшпес жақсы бастама қалдырып, қазақ перзенті Абайдай данышпанға, оның рухани дүниелерін оқып-үйренуге жол ашатын арнайы кабинет ашқан Нұрғанаттай мұғалімнің есімі мәңгі сақталып, ұрпақтар есінде әрдайым жаңғыра бермек.

Тұрсынқожа Тұрлыбеков

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз