Жақында билік басындағылар ел ішінде бейбіт шерулер өткізуге қатысты заң жобасына толықтырулар мен өзгертулер енгізілетіндігін мәлімдеп, қалың жұртты сабырға шақырған-ды. Шенділер бұл әрекетке Президент Қ.Тоқаевтың ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында бейбіт жиналыстар туралы жаңа заң әзірлеуге берген тапсырмасын орындау үшін барған сынды. Осыған орай «Ашық Үкімет» сайтында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасының тұжырымдамасы жарияланған-ды. Аталған заңға енгізілетін өзгерістер туралы айтқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова: «Бұл – мүлде жаңа заң жобасы. 1995 жылы қабылданған заңға қарағанда бәрі түсінікті. Бейбіт жиындардың барлық түріне, атап айтқанда митингілер мен шерулердің, демонстрациялар мен пикеттердің бәрі де заң жобасында түсіндіріле жазылған. Екіншіден, бейбіт жиындарды өткізу регламенттеліп, ескерту тәртібі енгізіліп отыр. Бейбіт жиынға өтініш берушіні өз ұйымын немесе қоғамды алаңдатқан мәселелер бойынша сұрақтар мазаласа, ол жергілікті атқарушы органға митингі туралы өтінім беріп, өтінішінде жиынды өткізудің орнын, мақсатын және мерзімін белгілеп, көрсете алады. Заң жобасында бейбіт жиынға қатысушы барлық тараптың құқықтары айқындалған. Бейбіт жиынды ұйымдастырушы, оған қатысушы, журналист – олардың құқықтары мен өкілеттігі нақты жазылған. Бұл – өте маңызды қадам. Бұрынғы заңда бұл бөлік қарастырылмаған. Сонымен қатар жергілікті атқарушы орган әрбір тұрғылықты жерде арнайы (қала шетінде емес) орынды айқындайды. Мәслихаттардың шешімі бойынша тұрғылықты жерде бейбіт жиын өткізуге болатын бірнеше алаң беріледі. Арнайы орындарды айқындау кезінде жергілікті атқарушы органдар азаматтардың қауіпсіздігі мен сол жерге жете алу жағдайын, көлік мүмкіндіктері мен инфрақұрылымын ескеретін болады. Қолданыстағы заң жобасында мұндай нақты форма жоқ. Мәселен Нұр-Сұлтан қаласының мәслихаты тек алаңдар тізімін айқындады. Басқа тұрғылықты жерлерде мәслихаттар бейбіт жиын ережелерінің қосымша шарттары туралы айтуда. Бұл тәжірибені ортақ жүйелілікке алып келеді», – деп түсіндірді.

Қарап отырсаңыз бәрі жақсы, бәрі орынды сияқты. Бірақ, «сылап-сипап» жіптіктей етіп жазылған заң жобасы мәтінінде әлі де бір қайнауы ішінде кеткен шикі дүниелер бар екенін осы заңға қатысты «Қамшы» порталына сұхбат беріп, аталған мәселеге қатысты өз пікірін білдірген құқықтанушылар сөзі дәйектейді. Мәселен, құқықтанушы Руслан Түсіпбеков: «Азаматтардың бейбіт түрде жиналу құқығы ешкімнен рұқсат сұрамастан жүзеге асырылуы тиіс. Заң деген – ең әуелі адам құқығын шектеу. Азаматтардың бейбіт түрде жиналуы үшін ешқандай шектеу болмауы керек. Қанша адам, қандай мақсатпен, қай жерде, қай уақытта жиналатынын халықтың өзі білуі тиіс. Біздің шенділер қит етсе соларға жүгініп, соларға сілтеме жасайтын АҚШ бастаған Батыс елдерінің өзінде мұндай заң жоқ. Пікір білдіру құқығы – адамның табиғи құқықтарына жатады. Ендеше, мемлекет адамның табиғи құқығын жүзеге асыруға рұқсат береді деудің өзі күлкілі демеске шара жоқ», – дейді. Ал, тағы бір құқыққорғаушы, заңгер Абзал Құспан: «Осыған дейін өткен митингілерді саралап өтсек, оған қатысушылардың 90 пайызға жуығы қазақ тілді екенін көреміз. Елдің әр өңірінде стихиялы түрде өткен митингілер соған көз жеткізеді. Олардың ішінде санкцияланғаны да, санкцияланбағаны да бар. Анау Жаңаөзендегі оқиғада да, жерге қатысты өткен митингілерде де алаңға шыққандардың негізі қазақ тілді орта болғандығы біраз нәрсенің бетін ашатын сияқты. Соңғы 30 жылда қазақ тілді ортаның саяси белсенділігі артты. Сәйкесінше, митингілерді реттейтін заң жобасын қазақ тілді орта кеңінен талқылауы қажет. Өйткені ертең ол осы заңмен реттелетін болады, билік оларды осы заңмен соттайды. Сондықтан қазақ тілді орта жобаны талқылауда енжарлық танытпағаны дұрыс. Бірақ, өкініштісі, заң жобасы өте қиын тілде жазылған. Заңның түсініксіздігінен елде қарапайым азаматтар оны жете біле бермейді. Мұны сот процестерінде үкімет, билік өз пайдасына жиі пайдаланып кетеді. Заң жобасына сәйкес, 250 адамға дейін қатысатын бейбіт жиындар мен митингілерді ұйымдастыруда жергілікті атқарушы органдарды хабарландыру тәртібі көзделген. Митинг қатысушылары одан көп болса, рұқсат сұралуы керек. Ал алда-жалда митингіге қатысатындар 251 адам болып кетсе, онда митингіні ұйымдастырған тұлға жауапкершілікке тартылады. Егер осылай екі мәрте жауапкершілікке тартылатын болса, ол адам бейбіт жиын, митингі ұйымдастыру құқығынан айырылады. Бұл – қолдан жасалған шектеу, адам құқығын аяқасты ету. Бұл – аталмыш заң жобасының үлкен кемшілігі. Ал, хабарландыру үрдісінде қанағаттандыру, қанағаттандырмау мәселесі қаралмауы керек. Заң жобасындағы екі бірдей бапта хабарландыруды қарау тәртібі көзделген. Бұл баптар хабарландыру тәртібінің маңызын жойып отыр. Сонда митингіге қатысты реформаның аты – хабарлау, іс жүзінде – рұқсат сұрау болып шығайын деп тұр. Митингі өткізу туралы хабарландыру бұрынғыдай 10 жұмыс күні бұрын жергілікті атқарушы органға хабарлануы тиіс. Бірақ хабарланған митингіге билік кез келген уақытта тыйым сала алады. Оның себебі сан түрлі болуы мүмкін. Мәселен, «азаматтардың өміріне қауіп төніп тұр» деп хабарланған митингіні болдырмай қою билік үшін түк емес. Сосын заң жобасында митинг өткізетін орындар қаланың сыртында емес, орталығында болсын деген талап ескерілмеген.

Кез келген адам митингіге айдалаға айқайлау үшін емес, билікке наразылығын, талап-тілегін бетпе-бет айту үшін, билікке қаншалықты наразы екенін білдіру үшін шығады емес пе? Ендеше, ондай адамға мүмкіндік берілуі тиіс. Азаматтар мазалаған мәселелерін сол салаға жауапты нақты ведомство ғимаратының алдына барып білдіріп, қойған талабы бойынша тиісті тұлғадан міндетті түрде жауап алуы тиіс қой. Халықаралық заңнама бойынша мәселе дәл солай шешіледі. Ал, біздің заңда мұндай мүмкіндіктің болмауы оны ескі заңның сарқыншағы деуге негіз бола алады. Әлгі заңдағы митингі кезінде журналистердің өздерін қалай ұстауы керектігі, қандай құқықтары, қандай міндеттері бары туралы ежіктеп түсініктер беру тым артықтау, себебі, төртінші билік саналатын журналистер қызметі БАҚ туралы заңмен реттелген. Егер аталмыш заң журналистер қызметін реттейтін болса, онда полиция қызметкерлерінің қызметі де реттелуі тиіс қой. Жоқ, билік бұған бармайды, болмаса оны «қасақана» ұмытып кеткен. Негізі бұл заң шығару үрдісіне қайшы келетін дүние деу орынды», – дейді. Ал, қоғам белсендісі Ерлан Саиров: «Бейбіт жиындарды ұйымдастыру туралы заңға қатысты бірлескен комиссия құру қажет.

Қазақстандағы митингі мен жиылыстарға берілген өтініш бір тізілімде тіркелуі керек», – деген пікірде.

 

Ермек Сахариев

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз