Б. Сұлтановтың айтуынша, ішкі саудада бүгінгі күні үш түйінді проблема бар. Бұл саланың тиімді дамуына кедергі келтіретін заманауи сауда форматтарының аздығы, сауда алаңдарының жетіспеушілігі және тиімді қойма орындарының шектеулілігі. «Бұл проблемалар делдалдардың ұзын әрі айқын емес желісін қалыптастыруға алып келеді, ол тауарды өндірушіден тұтынушыға дейін оңтайлы тізбек бойынша жеткізуге мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан, бүгін біз азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуін және халықтың оларды сатып алуға айтарлықтай шығындарын байқаймыз. Сондай-ақ ішкі нарықта шетелдік тауарлардың саны артты. Бұл негізінен сапасы төмен тауарлар, бұл біздің азаматтарымыздың өмір сүру сапасына әсер етеді», – деді Б. Сұлтанов.
Сонымен қатар, министрдің айтуынша, ішкі нарықта шетелдік бөлшек желілердің экспансиясы байқалады. Шетелдік бөлшек сауда желілері сөрелерінде үлкен үлесті оларда шығарылған өнімдер құрайды. Дискаунтерлер форматының болмауы, сондай-ақ өңірлік ритейлдің әлсіз дамуы да бұл бос орындарды шетелдіктердің толтыруына ықпал етеді. «Сондықтан министрлік 2025 жылы макроиндикаторларға қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Олардың ең маңыздылары – саланың жалпы қосылған құндағы көлеңкелі қызметтері үлесінің 31 пайызға дейін төмендеуі, ұлттық стандарттарды қолдану деңгейін 75 пайызға дейін жеткізу және тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортын 41 млрд долларға дейін ұлғайту», – деп атап көрсетті Б. Сұлтанов.
Сөйтіп ішкі нарықты шетелдік бөлшек сауда желілерінің экспансиясынан құтқаруды біртіндеп жүзеге асырмақ. «Бүгінгі күрделі проблемалардың бірі – қабылданған 8800-ден астам ұлттық стандарттың жартысы қажетсіз деген оймен бизнесте қолданылмайтыны. Отандық өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сынақ базасы да жаңғыртуды қажет етеді», – деді министр Бақыт Сұлтанов.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз