Айтпайын десең, шыдамыңды «шырқыратып» жібереді мыналар… «Хабар» арнасындағы «Абдулхамид хан» телесериалын бос уақыт болса қарап тұрамын. Негізі жаман кино емес. Сағат алтыға тақағанда «Хабарға» қосамын. Өйткені оның алдында «қызық times» деген бағдарлама бар. Екі қылжақпас, бәлкім сайқымазақ екі жігіт жүргізеді. Бұл жолғы тақырып «Жылап айт». Демек, кейіпкер жылауы керек. Тақырып тосын болғандықтан отыра қалдым.
(Бұған дейін бір рет көргім келіп аңсарым ауып еді, қайтейін менің «деңгейім», «өрем» жетпейтінін сезініп жылы жаба салғам… ).
Әлгі екі сабаз бір қызға ән айтқызып қойып, оны рогаткамен атқылап жатыр. Ана байғұс әнші қыз «оқтан» қорғанып, баж-баж етеді.
«Жауып тұрған оқтың астында ән шырқаған Роза (Бағланова) әжемізге де немістің оғы дәл бұлай жаумаған шығар?» деп қоямын ішімнен.
Екеудің бірі рогатканың ұяшығына «оқты» өте жылдам салып «дайындап» береді. Күлкіге булыққан екіншісі резинканы құлаштай тартып «тарс» еткізеді. «Оқ» қарша борап жатыр. Обал-ай, жазықсыз жанды осыншама атқылағандары несі?! «Жан» болғанда, әнші ғой ол аты дардай…
Ана бишара қызды аяғаным- ай…. Шоқ басқандай секіріп, «билеп» жүр…
«Майдан даласы» жарылмаған «снарядқа» толып кетіпті…Мұндай жерде айтылған әнде береке бола ма? Айтпақшы «Оққа кеудесін тосқан» әнші қыздың қылығына студиядағы жұрт қыран-топан. Адам деген қызық осы, күлмейтін жерде күледі. Күлетін жерде мұңаяды. Сөйтсем, «зеңбірек-рогатка» елді күлдіру үшін ойлап табылған дүние болып шықты. (Келешекте әзілкештер келген қонақтарын танкімен атса, таң қалмаңыздар. Жай ескертіп жатқаным ғой).
Әйтсе де бағдарламаны жүргізуші екі жігітке дән ризамын. Күйбең тіршілік деп қажыған жұртының есіне балалық шақтарын естеріне түсіріп, ұмытыла бастаған рогатканы «іске қосқандары үшін». Бұл «қаруды» кім қолданбады дейсіз заманында. Бірақ экран алдына шығарып, тәмәм елдің алдында «әнші атқандар» болған емес.
Иә, қазір халықты күлдіру оңай емес. Бағдарламаны жүргізуші екі жігітке түсіністікпен қарайық! Қайтеді енді? Ойлап тапқандары осы болса. Одан кейін теледидарларды жаулап алған «Комиктер де» бұлардың алдарын орап кетіп жүр….Қазақы қалжың қалмады. Астарлы әзіл көрерменге өтпейді ғой, өтпейді. Жеңіл әзіл ұғынықты. Жырқ-жырқ еткізуге жарап жатыр. Бірақ….
Бізді құртатын осы «Бірақ» қой…
Сондықтан бір жағы айызым қанып, «тамсана» қарадым. Астарына үңілдім. Сөйтіп, мынадай байламға табан тіредім: Бұл жерде үлкен «саясат» жатыр. Оны екі әзілкеш ашық айта алмайды. Айтса жұмыстан қуылып, болмаса түртпек көрулері әбден мүмкін. Ол үшін не істеу керек? Дәл таптыңыз! Жұртты арзан нәрсемен күлдіріп отырып, астарлы ой айтылуы керек. Экраннан түспейтін әншілерді осылай «атқылап» қуып шығармаса, олар өз еріктерімен экраннан өлсе кетпесі белгілі. Екі қылжақпас оны біліп, елді күлдіре отырып ойларын жүзеге асырыпты. Жарайсыңдар!

НАҒАШЫБАЙ
ҚАБЫЛБЕК

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.