Қазір короновирус туралы ақпарат таcқынынан көзің тұнады. Шындыққа жуыспайтындары да жеткілікті. «Skif news» деген сайт «Ғалымдар коронавирустың темекі шегетіндерге жұқпайтынын айтты» деп жазыпты. «Ухандағы ауруханалардың бірінде осы вирустан өлген  140 адамның тек екеуі ғана шылымқор болған екен» деп дәлел келтіреді.
Бұл еш ойланбай, асығыс жазылған зиянды ақпарат.

Темекінің тезірек өлуге ғана көмектесетінін білмейтін адам жоқ. Ал оның имунитетті көтеретін бірден-бір мықты С дәруменін қалай жоятынын көпшілік біле бермейді. С дәрумені иммундық жүйені (ауруға қарсылық қабілетті) нығайтатын дәрумендердің ішіндегі ең мықтысы. Адам адам қалпын сақтап жүру үшін күн сайын 120 миллиграмм С дәруменін қажет етеді. 120 миллиграмм деген бір грамм да емес, ол грамның мыңнан бір бөлігі. Адам осының өзін құнарлы тамақ жеп, әрең жинайды. Ал бір тал темекі 20 миллиграмм С дәруменін жойып жібереді. Демек бір тал темекі иммунитетті нығайтып жатқан 120 солдаттың 20-сын өлтіреді деген сөз. Ал түгел қырып тастау үшін 6 тал темекі жетіп жатыр. Темекі адамның өкпесін әлсіреткенімен қоймай, С дәруменін жойып жіберу арқылы иммундық жүйені нашарлатады.

Ал короновирус тыныс жолдары арқылы өкпеге шеңгелін салатын тажал ғой. Ол шеңгелін бір салмасын, бір салса одан сау өкпенің өзі аман қалуы екіталай. Сау өкпе солай болса, никотинмен қабынған өкпеден тіпті де қайыр жоқ. Сондықтан темекі шегетін адам темекісін дереу қойып, темекіге жұмсап жүрген ақшаға тез арада С дәруменін алғаны жөн. Әрі оны басқа сау адамға қарағанда екі есе, үш есе көп ішуі тиіс.

 

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ, жазушы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз