Күні бүгін Батыс Қазақстан облысында күшейтілген карантиндік режім енгізілді. Өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған екі науқас тіркелсе, олармен қарым-қатынаста болған адамдар медициналық бақылауға алынды.

Облыстағы эпидемиологиялық ахуал туралы күнделікті Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өңірдегі жауапты мекемелер мен қалалық әкімдік өкілдері тұрғындарды құлағдар қылуда.31 наурыздан бастап облыс аумағында күшейтілген карантиндік режім енгізіліп, халықтың өмір қауіпсіздігі мен жұқпалы індеттің өршуіне жол бермеу мақсатында бірқатар іс-шаралар қолға алынды.

БҚО-ның бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың арнайы қаулысы жарияланып, облыс орталығы мен барлық аудандар, елді мекендер арасындағы қозғалыс шектелді. Жолаушылардан арнайы рұқсат қағазы талап етілуде. Сонымен қатар басқа өңірлер мен шет мемлекеттерден облыс аумағына келетін азаматтарға да осындай талап қойылады. Облыс аумағындағы қонақүйлер, банк филиалдары, халыққа қажетті тауарлардан өзге сауда орындары өз жұмысын тоқтатты. Аталған қаулыға сәйкес, карантиндік режім кезінде жұмысы тоқтатылатын мекеме-ұйымдар тізімі жарияланды. Белгілі болғанындай, осы кезеңде азық-түлік дүкендері сағат 09.00 мен 21.00 аралығында жұмыс жасаса, қалаішілік желідегі маршруттар сағат 06.00 мен 19.00 аралығында жолаушылар тасымалдау қызметін жүзеге асыруда. Үйге жеткізу қызметі көрсетілмейтін дәмхана, кафе, мейрамханалар уақытша жұмысын тоқтатты.

Кезекті брифингтерде Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков пен орынбасарлары да тұрғындардың денсаулығын сақтауға бағытталған шаралардан хабардар етуде. Үйден себепсіз шықпау қажеттігі ескертіліп, қауіпсіздіктің шекті белгілері нақтыланды. Ал қаланың тыныс-тіршілігінде айрықша маңызға ие, жұмысы тоқтатылмайтын мекеме-ұйымдарда қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, санитарлық шаралар барынша қолданылуда. Оларға жұмыс уақытын екі сағатқа қысқарту талабы қойылды.

Өңірде енгізілген карантиндік режімге байланысты облыс аумағына 90 блок-бекет қойылған болатын. Бұл туралы халықты БҚО ПД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Жанболат Жаншин хабардар етті. Блок-бекеттердің сегізі – Орал қаласына орналастырылса, тағы сегізі көршілес Атырау мен Ақтөбе облыстары және Ресей Федерациясымен шекаралас аймақтарға қойылды. Сонымен қатар өңірдегі ауылдар арасына да блокбеттер қойылуда. Оған қоса облыс орталығында тағы бір қосымша блок-бекет жасақталды.Жергілікті полиция қызметінің басшысы аудан, қала, облыс аумағынан тыс аймаққа шығып кеткен тұрғындардың тұрғылықты мекенжайларына оралуын, қараусыз жүрген балалардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Күшейтілген іс-шаралардың бірі – облыс орталығын дезинфекциялау жұмыстары. Карантиндік режім кезінде барлық нысандарда, қоғамдық көліктерде, көшелерде, аулаларда, тұрғын үйлер аумағына, демалыс саябақтарына, халық көп шоғырланатын орындарда зарарсыздандыру жұмыстары күшейтілуде.Күнделікті залалсыздандыру жұмыстарына коммуналдық мекемелер жұмысшылары, төтеншеліктер, жеке дезинфекциялау кәсіпорындары жұмылдырылуда.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мустаев 1 сәуірдегі жағдайды мәлімдеп, облысымыздағы коронавирус инфекциясын жұқтырған екі науқастың жағдайы бірқалыпты екенін жеткізді. – Олар қажетті ем-шараларын алуда. Күні бүгінгі көрсеткіш бойынша 90 азамат провизорлық және карантиндік стационарларда медициналық бақылауда. Тіркелген екі науқаспен қарым-қатынаста болғандықтан оқшауланған адамдардың да жағдайы бірқалыпты, күнделікті медициналық бақылау жүргізілуде, – деді Нұрлыбек Ермекұлы. Сонымен қатар департамент өкілі тұрғындарды карантиндік режім қағидаларын орындауға шақырды.

Батысқазақстандықтар карантиндік режімге байланысты қосымша сұрақтарымен «109» (облыс бойынша), 8700-0-109-109 (ватсап желісі), 50-02-55 (Орал қаласы бойынша) Coll-орталықтарына хабарласа алады.Еске сала кетсек, наурыздың 30-ынан 31-іне қараған түні облыс тұрғындарының өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету және коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында күшейтілген карантиндік режім енгізілді. Жергілікті атқарушы билік пен құзырлы мекемелер «бұл жергілікті атқарушы орган мен полиция қызметінің ғана жұмысы емес, баршамыздың ортақ міндетіміз» деген үндеу тастап, адамдарды сақтық шараларына түсіністікпен қарап, қиындықты бірлесе еңсеруге шақыруда.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

«Qazaqstan dáýiri» газетінің БҚО бойынша меншікті тілшісі

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз