Иә, қашаннан жайбарақаттанып, жағасы жайлауда жүретін қазақ, «артын қысқан бай болатынын»  баяғыдан білетін. Сондықтан да, атың өшкір індеттің кесірінен өзге елдерде болып жатқан қасіретті жағдайларды көрген бойда, үкімет енгізген карантиндік тәртіпке бағынып, әсіресе қалада көпқабатты үйлерде тұратындары пәтерлерінен артық ауыс аттап баса алмай қалды. Арада екі-үш күн өтер өтпес, әлеуметтік желілерде ел ішіндегі дарындардың Алла тағаланың құдіретін дәріптеген, бұл кезеңнің де өтпелі екенін айтып жырлаған жырлары көп тараса, енді біреулер балконға шығып, домбырамен ән айтып, елдің көңілін көтеріп жатты. Ал жуырда біреу үйлердің алаңқайына шығып саксафонмен Қазақстан Республикасының гимнін ойнады. Шындығында бұл төрт керегеге қамалып, теледидар мен телефонға телмірумен ғана уақыттарын өткізіп, іштері пысып отырғандар үшін де, өзге әлеуметтік желі қолданушылары үшін де көңіл толқытарлық, әрі ертеңгі күнге деген үміт отын жағып, сенім ұялататын, көңіл сергітерлік көріністер еді.

Осындайда, қазақ ауыз әдебиетінде түрлі жағдайларда айтылатын тұрмыс-салт жырлары, оның ішінде діни әдет-ғұрыптарға байланысты айтылатын «Жарапазанды» айтпағанда, шамандық кезеңге баланатын «Бәдік» жырлары ойға оралады. Әрине, «Бәдікте» дуализм, яғни магия, тотемизм, мифология элементтері бар, бірақ мазмұны мен мәні жақсылық пен жамандық арасындағы күресті және жақсылықтың жеңісін мадақтайды. «Бәдік» адамды сонымен қатар малды да келген кеселден емдеп, аластау үшін айтылған екен. Онда оны қазіргі жағдаймен тікелей салыстыра қарап, індеттен тазару, оны аластау мақсатында айтылатын жыр үлгісіне неге енгізбеске?! Өткенде теледидардан: «Коронавирус, кет, кет, кет!» деп кішігірім той-томалақта әндетіп жүрген асабаға айыппұл салынды деп жатты. Айтсам, өмір осымен тоқтап қалмас, ертең-ақ ән айтып, жыр жырлайтын уақыт туар. Сондықтан, ниет пен пейіл түзулігін білдіретін мұндай шығармашылықтарды жинақтап, «Бәдік» сияқты тұрмыс-салт жырларына жатқызудың еш сөкеттігі жоқ деп ойлаймын.

 

Жанбақыт Мерекеұлы

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз