Халық қатаң тәртіпке бағынып қана тығырықтан шыға алмақ!

Құрметті оқырмандар! Өздеріңізге берген уәде бойынша, ҚР еңбек сіңірген қоғам қайраткері С.Мешітбайқызының мақаласының жалғасын ұсынып отырмыз.  https://qazdauiri.kz/?p=18021 

42500 теңгенің әбігері мен ылаңы күннен-күнге күшейіп, үкіметтің өзін алаңдатып отыр. Бұл індеттің емі араласпау екенін біле тұра банктің, «Қазпоштаның» алдына дүрмегімен жиналған бұқара сақтықты ұмытты. Тіптен төбелеске, жұлқысуға дейін барды. Жүрегім ауырды. Бұл пендешілік пе? Жоқ! Білік пен білгіштер олай деп бағаламасын. Айлығы шайлығына әзер жететін халықтың одан басқа амалы жоқ. Дәтке қуат іздеп бастарын тасқа да, тауға да ұрып тұр. Көздері жәудіреген бала-шағасын аш қалмаса дейді. Түсіністікпен қарайық, ағайын. Әсіресе, билік. Халқының осындай шарасыздыққа барғанына ұялу керек. «Ойпырмай, біз кінәліміз осыған» деп кешірім сұрап, шұғыл шаралар қабылдау керек. 42500 теңгенің жыры осындай дүрбелеңге баратынын білуі тиіс еді. Олар ұсынған онлайнның ақша алу тәртібі жарамсыз болды. Сайт аштыол да әлсіздік танытып отыр. Мен де, біздің таныстарымыз да бұл сайтқа кіре алмағанын айтып жатыр. «Шыдам, сабыр танытыңдар!» дейді мамандар. Оның да шегі, шеті бар емес па? Сондықтан мұның әдісін тауып, көк жол ашу олардың міндеті. Әсіресе, ауылдағы халықтың жағдайын, әлеуметтік көмекті алудың жолын тез, жедел шешпесе қызылкөз коронавирус қарап жатпайды.

         Екінші мәселе дүйсенбіде бүкіл елімізде мектептерде онлайн әдісімен оқыту басталады. Білім министрі не істерін білмей дағдарып отыр. Алыстағы ауыл түгілі қалалардың іргесіндегі жұртшылықта мұндай байланыс жоқ немесе әлсіз. Қолдарына бір-бір телефон алған балаларымыз төбелердің биігінде отыр. Мінеки бұл індет біздің тағы да бір кемшілігімізді айдай әлемге жария етті. Журналистер мұны жазып та, айтып та биліктің құлағына жеткізе алмаған. Бұл мәселені де шешпесе ертең оқу бағдарламасы ақсауы әбден мүмкін. Мұның бәрі қаржыға тіреледі. Қаржы жүрген жерде жемқорлық азу тісін ақситады. 42500 теңгесін ала алмай сарсылған жұрт балаларын оқытуға уақыт таба ма? Міне, мен осыған алаңдаймын.

 

42500 ЖЫРТЫҚҚА ЖАМАУ БОЛА МА?

 

Коронавирус көп нәрсеге көзімізді ашқан секілді. Ғылым мен білімге, медицина мен ауылшаруашылығы саласына сілкініс керегі сезілді. Тоқырап қалған салаларға қан жүгірмесе, ел ертеңінің бұлыңғыр болатыны да айқын аңғарылды. Осы жердің егесі саналатын қазақ ұлтының тұрмысы мен тіршілігінің қай деңгейде екені де көрініп қалды. Дағдарыстан аңыраған халықтың жан-айқайы да су бетіне шыққан қалытқыдай қалқып  шыға келді.  Мұның бәрін Алла Тағала ел басқаратын азаматтарға құлаққағыс етіп жатпасына кім кепіл!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әлемнің тағдырын футболшылар, шоу-бизнес өкілдері емес, ғалымдар шешеді» -деді. Бұл өте дәл айтылған заман шындығы! Демек, бұл – Қазақстан енді ғылымды дамытуға шындап кіріседі деген сөз. Әрине ғылыммен бірге рухани дүниеге де сілкініс керек! Ұлтты рухты қайрап, жемқорларды тақтан тайдыру да келелі іс болмақ! Жаңашыл ұрпақты қолдап, қорғауда аға буынға сын!

Ең өкінішті жағдай, сырттағы ауруды елге айлығы шайлығына әрең жететін қарапайым халық емес, қалтасы қалың, елге мәлім бай-бағыландар әкелуде. «Біреу тойып, біреу тоңып секірген» заманда бұған шектеу қою мүмкін де емес болар. Әйтсе де, ауру белгілері көршіміз Қытайдың берекесін қашыра бастағанда, ұшып-қонуды тоқтатып, алыс- берісті шектегенде, шіркін- ай дейсің!  Оны айтасыз, әлі күнге ойдағы-қырдағы «қыдырымпаздарды» елге әкелу тоқталмай тұр. Олардың келуіне қарсы емес халық, олардың «ауру ошағын» қоздатуына қарсы жұрт. Оларды оңтайландыру жұмысында кемшілік бары айтылуда. Осыған билік назар аударып отырса дейміз!

 

 

Жұқпалы індеттің аса қатерлі екенін айтып дабыл қағып жатқанда, біздің отандастарымыздың шетелдерге сапарға шығуы –  рухани жұтаңдықтың белгісі. Ал, ауру ошағына айналған елдерден өз Отанына қарай ағылуы, елге келген соң қашып-пысып жүруі, кімдермен байланыста болғанын жасыруы – надандық емей немене!

Қысқасы, бізге ұлттық сана-сезімді өсіретін, жан дүниемізге зор сілкініс жасайтын кез келді.

Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде соңғы күндері өмір күрт өзгерді. Коронавирус пандемиясы тіршілігімізді осыған дейін және кейін деп екіге бөлді. Ал біздің болашағымыз не боларын бүгінгі таңда ешкім дөп басып айта алмайды. Дегенмен, Қазақстанның тіршілігін сақтап қалу үшін Үкімет бірқатар терең реформалар жүргізуі тиіс.

Яғни,  (Алпауыт компаниялар жайлы әңгіме бөлек) шағын және орта бизнесті алқымынан алып, тығырыққа тіреген бүгінгі жайт, ертеңді күтпейді. Халықтың әлеуметтік хал-ахуалы да әртүрлі. Бұл да естен шықпауы керек. Орташа ғана тұрмысы бар халықтың көпшілігі айлықтан -айлыққа секіріп әрең күн кешуде. Осындай кезде жұқпалы дерттің «тарпа бас салуы», шағын және орта бизнесті тұралатып кетуі бек мүмкін. Ал таксилетіп, шағын саудасымен күнелтіп жүргендерге тіпті ауыр. Ал малымен жанын сақтап отырғандарға азық-түлік мәселесі өз қиындығын тигізерін ешкім жоққа шығара алмас.  «Жұмыссыздар жоқ» деп кесіп айту тағы қиын. Олардың да саны жетіп артылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға жәрдемақы төленетінін айтқан еді. Бұл әрине халықты қолдауға ниет. «Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшері (42 500 теңге) көлемінде ай сайынғы төлем енгізуді тапсырамын. Жалпы бұл көмекті кемінде 1,5 миллионнан астам азамат ала алады», – деді президент.

Кейінірек ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев төтенше жағдай кезінде қазақстандықтар екі түрлі жәрдемақы алатынын хабарлады. Яғни, ақысыз еңбек демалысына шыққандарға ең төменгі жалақы мөлшерінде (42 500 теңге) және жұмыссыз қалғандарға айлығының 40 пайызы төленетіні белгілі болды.

 

ҚОРҒА ЖИНАЛҒАН ҚАРЖЫ «ҚОР» БОЛМАСА ЕКЕН!

 

Анықтап айтсақ, тек қана, жұмыс істеп отырған мекемесі ТЖ кесірінен тоқтап қап, ақысыз демалысқа кеткендерге ғана 42 мың 500 теңге беріледі.

Сондай-ақ, бұл пособияны сұрауға – нотариус, жеке сот орындаушылар, адвокаттар. Жеке кәсіпкерлер һәм олардың қызметкерлері құқылы.

Сосын,таксист, нянька  болып істеген, бірақ пенсионкасы болмаған адамдар да, 42 мыңға өтініш тастай алады!

Тағы қайталап айтамыз: 42 мың 500 теңгені төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылып қалғандар алады. Ал өзін – өзі жұмыспен қамтып, өз бетінше тіршілік кешіп жүргендер қайтпек? Ондайлар көп қой бізде? Күні ертең «Ала қойды бөле қырқудың» кесірі, ағайынның өкпе-ренішіне апарып соғуын жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан бұл көмекті табанынан таусылмай -ақ, әр қазақстандық отбасы алғаны дұрыс! Бұл және әділ шешім болады деген ойдамыз!

 

Еліміз мұнайдың қармағына ілініп, тәуелділікке түскенiн және қазіргі болып жатқан жағдайдан соң, біз экономикамыздың өте ауыр хәлде екенін мойындауымыз керек. «Сол себепті Америка өйтіп жатыр, Германия бүйтіп жатыр» деп билікке талап қоя бермей, елді ынтымаққа шақыру әр қазақстандықтың қасиетті парызы. Бұл төтеннен келген апатты билік алып келген жоқ, бұл әлемді шарпыған дерт.  Одан шығудың дұрыс  жолы ынтымақ пен бірлік қана! Алауыздыққа ерік беру – ұлттың тамырына балта шабар қасіретті іс! Ел басына күн түскенде, тасадан  тас атып, билікті мұқатамын деу арлы адамға жат дүние! Мұны әр қазақстандық бойтұмардай сезінуі тиіс!

Айтпақшы, Үкімет азық-түлік қымбаттамайды деп уәде бергенімен, оны тыңдап жатқандар аз. Мұның бәрі келіп халықтың ашу-ызасын тудыра ма деген қорқыныш басым бізде. Сондықтан билік, (әлі де болса кеш емес, азық-түлік бағасын қадағалауды күшейтуі керек).

Төтенше жағдайға байланысты Ел Президенті сақтық шараларына ден қойды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қор құруды қолға алып, мыңғырған байлардан ел экономикасы тығырыққа тірілген уақытта қолдау көрсетуін сұрап сауын айтты. Нәтижесі жаман емес. Қомақты қаржы құйылып жатыр.

Осындай кезде күдік пен күмәннің бас көтеруі пендеге тән құбылыс! Қорға түсіп жатқан миллиардтарға ел үмітпен қарап отыр. Күдік те басым. Өйткені жемқорлық дейтін жегі құрттың жүрмейтін жері жоқ. Ол биліктің де «күпісіне» күмп етіп түскеніне біраз болды…

Осындай сәтте  «Байтақ-Болашақ»  экологиялық альянсының   төрағасы Азаматхан Әміртайдың Президентімізге жазған ашық хатының мына тұсын қайталап кеткім келеді: «….Бірақ  мені  мазалап  тұрған  бір  нәрсе,  осы  жиналған   қаржы  неге «Нұр  Отанның»  партиясының  қарауына  беріледі. Партия  қаншалықты ол  ақшаны   халық  мүддесі  үшін әділ  түрде  жаратады? Бұл  үлкен  мәселе.  Себебі   халықтың тек  биліктің  сойылын    соғатын «Нұр Отан»  партиясына  деген  сенімі аз. Сондықтан  жиналған  қаржы  әділ  түрде   індетке  қарсы құрал-жабдықтар алу  және мұқтаж  жандарға көмек ретінде  бөліну  үшін, «Нұр Отанмен»  бірге  өзге де  партиялар, үкіметтік емес  ұйымдар,  қоғам  белсенділері   бірдей  бақылау  жасау керек  деп  ойлаймын.  Сонда   әлгі  қаржы «тістегеннің  аузында,  ұстағанның  қолында»  кетпейді. Ары-беріден  соң,   ел игілігі  үшін  жиналған  бұл  қаржы тікелей  сіздің  бақылауыңызда  болуы  тиіс  деп санаймын!». Бұл негізі көптің қалауы! «Көп қаласа патшада алтын тағынан түсіп жерге отыратынын» билік ескерсе дейміз!

 

Сәуле Мешітбайқызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз