Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған халыққа мемлекет тарапынан қолдау және барынша көмек көрсету керектігі жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған орай, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «бас-көз» болуымен мемлекеттік сақтандыру қорынан жұмыссыз қалған халыққа ең төменгі жалақы, яғни 42 000 теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсетіле бастады. Қазір еліміз бойынша аталмыш қаражатты алсам деген тұрғындар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың атына көптеген сауалдар жолдап жатыр.

            Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы Орталық коммуникациялар қызметін өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге әлеуметтік төлем бойынша қордаланған сұрақтарға жауап берді.

 

42 500 теңге әлеуметтік төлемді төлеу неліктен кешігіп жатыр?

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов: «Әлеуметтік төлемдер неге кешігіп жатыр деген сұрақтар туындауда. «Мен бір апта бұрын бергенмін», «4-5 күн өтіп кетті» дегендер көп. Бұл ретте мен сіздердің алдарыңызда министр ретінде кешірім сұраймын. Біз осы күндері үлгермедік. Оның себебі бар. Не себеп, неліктен үлгермей жатырсыздар? дейсіздер. Оның бірнеше себебін түсіндіріп кетейін. Біріншіден, біз өзімізге 3 күн белгіледік. Бірақ, одан да көбірек уақыт қажет еді. 42 500 теңге бюджеттен емес, мемлекеттік сақтандыру қорынан төленеді. Сол қор ақша береді, сол қор тағайындайды. Ол бөлек мекеме», -деді.

Оның айтуынша, елімізде бүкіл төлемдер «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы арқылы банктерге жіберіледі. Ал банктер азаматтардың есепшоттарына аударады. Ал өтінішті қабылдап жатқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі болғандықтан, барлық ақпараттар егжей-тегжейлі тексеріледі. Содан кейін тиесілі адамдарға жіберіледі. «Қазір үш мекеменің қызметкерлері күні-түні жұмыс істеп жатыр. Басқаша болмайды», – деді министр Біржан Нұрымбетов.

 

Біржан Нұрымбетов: «Сіз айттыңыз, біз сендік»

 Брифинг барысында министрге «Мемлекеттен 42 500 теңге әлеуметтік төлемді заңсыз алғандар жауапқа тартыла ма?» деген сұрақ қойылған еді. Біржан Нұрымбетов: «Мынадай қиын кезеңде бір-бірімізге түсіністікпен қарауымыз керек. Мемлекет тарапынан Еңбек министрлігі ретінде ешкімді тергеп, «дәлелдеңдер, құжат өткізіңіздер» деп жатқанымыз жоқ. Бәрін қарапайым жасап қойдық. Өздеріңіз үшін мынаны шешіп алыңыздар: «Мен тіршілік жасап, ақша таптым ба? Сол ақшадан қазір айырылдым ба?». Солай екендігіне сенімді болып, өтініш бердіңіз. Сөйтіп, өтініш бергенде порталда болсын, басқа жерде болсын төмендегі жазбада «Ай сайын тауып жүрген ақшам болған, содан айырылдым» деп белгіледіңіз. Біз сізге сендік, төледік», – деді.

 

 

Сонымен қатар ол алдағы уақытта жұмыс берушілер тексерілетіндігін баса айтты. «Ал жеке тұлғаларға үйіне барып тексеру болмайды. Бұл жерде былай, сіз айттыңыз, біз сендік. 42 500 теңге алдыңыз ба, алыңыз, жаратыңыз», – деді министр.

 

Қанша адамға әлеуметтік төлем тағайындалды?

«Бүгінгі күнге елімізде 3 млн 703 мың адам 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем алуға өтініш берді. Өтініштердің саны 4 млн 900 мыңды құрайды. Оның ішінде 1 млн 779 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалды және есепшоттарына 75 млрд 600 млн теңге аударылды», – деді министр. Осы ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бұл әлеуметтік төлем ресми және бейресми жұмыс істеп жүрген, бірақ төтенше жағдайдың салдарынан табысынан айырылған адамдарға қарастырылғандығын айтты. «Егер сіздер төтенше жағдайға дейін ақша тауып жүрсеңіз, онда әлеуметтік төлем алуға құқығыңыз бар. Порталда өтініш берген кезде табасыңыздың болғанын және төтенше жағдайға байланысты жоғалтқаныңызды растайсыз. Ал нақты әлеуметтік төлемді кім ала алады? Біріншіден – компанияда, мекемеде жұмыс істеп жүрген және жұмыс беруші ақысыз демалысқа жіберген жалдамалы жұмыскер. Олар: орта және шағын бизнес өкілдері, карантин жарияланған қалалардағы кәсіпорындар, коммерциялық емес ұйымдар, мемлекеттік қызметтен басқалалары. Бұл ретте, сіздерге өтіншті жұмыс беруші береді», – деді Біржан Нұрымбетов. Оның айтуынша, екіншіден жеке кәсіпкерлер, жеке адвокаттар, сот орындаушылары, медиаторлар, репититорлар немесе азаматтық-құқықтық сипатта жұмыс істеп жүрген азаматтар, бірыңғай жиынтық төлемін (БЖТ) төлеп жүрген азаматтар әлеуметтік төлем ала алады. «Бұл ретте біз жасына, жәрдемақы алатындығына не алмайтындығына, мүгедектігіне қарамайсыз. Сіз ресми жұмыс істеген адамсыз. Сіздер мекемеге ресми жалданып жұмыс істеп жүрсіздер. Бұған қоса, ресми бірыңғай жиынтық төлем төлеп жүрсеңіздер – төлейміз. Соңғы 1 жылдың ішінде кемінде 1 рет БЖТ төленген болса болғаны», – деді министр Біржан Нұрымбетов.

42 500 теңге әлеуметтік төлемнен салық ұсталмайды

 

-Еңбек министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, 42 500 теңге атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген кісілердің табысына кірмейді. «Оның табыс ретінде есептелмейтіндігін сіздерге нақты айтамын. 42 500 теңге алғандар болашақта зейнеткерлікке шыққанда бұл уақыты еңбек өтілі ретінде есептеледі. Заңға мұндай өзгеріс енгізілген. Сондай-ақ 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемнен салық, зейнетақы төлемдері ұсталмайды. Кейбіреулер «қолға 42 500 теңге түспейді екен» деп айтып жүр. Толық түседі. Ешқандай салық та, алым да ұсталмайды және одан несие қарызы, коммуналдық қарыздарды ұстауға болмайды. Сізге 42 500 теңге тағайындалса, онда сол сома есепшотыңызға түседі», – деді министр. Егер бір отбасында 3-4 адам төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылса, онда олардың барлығы да 42 500 теңге әлеуметтік төлем алатын болады.

 

 

 

Біржан Нұрымбетов: Миллиондаған адам жеке кәсіпкерлікті «керек болып қалар» деп ашып қойған

            Министрдің айтуыынша, олар жұмыс істеп жатқан жоқ. Енді сол жеке кәсіпкерліктің атынан өтініш берейін десе, соңғы 12 айда ештеңе төленбеген, өтпейді. Содан бірыңғай жиынтық төлем төлей салайын дейді. Ол да өтпейді. Себебі бірыңғай жиынтық төлем қарапайымдатылған салық режимі саналады. Ал жеке кәсіпкерлігін тіркеген адамдарға басында 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем алуға құқығы бар екендігі туралы хабарламалар жіберілді. Бірақ… «Басында жеке кәсіпкерлердің барлығынан өтініш алмай төлей салсақ деп ойлаған едік. Бірақ, анықтау үшін смс-хабарлама жібердік. Содан анықталғаны, жеке кәсіпкерлікті жай ғана ашып қойғандар бар екен. Олардың екінші жұмысы бар. Кейбіреулері әлеуметтік желіде «мына кісілер жұмысым бар екендігін білмейді екен» деп кекетіп жазғандары да бар. Солардың барлығын саралай келе, жеке кәсіпкерлер өздері өтініш бермесе, төлемейміз деп шештік. Жеке кәсіпкерлігі бар азаматтар, міндетті түрде өтініш бересіздер», – деді Біржан Нұрымбетов.

 

Декретте отырған мемлекеттік қызметтегі әйелдерге 42500 теңгеден беріле ме?

«Бала күтіміне байланысты демалыста жүргендерді бөлек санатқа бөлмейміз. Олар да барлық азаматтар сияқты әлеуметтік төлемге өтініш бере алады. Бірақ, декретте жүрген әйелдерге қатысты бір ерекшелік бар. Тағы да айтам, оларға 1 жылға дейін бала күтіміне байланысты жәрдемақы төленеді. Ал баласы 1 жастан асқандарға 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға болады. Мәселен, бір әйел компаниядан 3 жылға дейін ақысыз демалыста жүр. Осыған байланысты біз сіздерге өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде бір рет бірыңғай жиынтық төлемін жасауға рұқсат береміз», – деді ол. Оның айтуынша, министрлік декреттегі әйелдің ресми не бейресми жұмыс істегендігін дәлелдей алмайды. «Сондықтан баласы 1 жастан асқан декреттегі әйелдер үйде тігіншілікпен, тағам пісіріп сатумен айналысса, бірақ, еш жерде тіркелмесе, онда БЖТ төлеп, өзін-өзі жұмыспен қамтыған деп белгі қою арқылы өтініш бере алады. Біз әлеуметтік төлем төлейміз. Тексергенде 1 жастан асқан баласының бар-жоғын ғана қараймыз», – деді министр. Біржан Нұрымбетов бұдан бөлек, қазіргі уақытта бала күтімімен үйде отырған мемлекеттік қызметте істейтін әйелдерге 42500 теңгеден төлеу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. «Төтенше жағдайға байланысты мемлекеттік органдардың, қызметтердің жұмысы шектелген. Сондықтан біріншіден, Президенттің тапсырмасы бойынша 80, тіпті 100 пайызға дейін қашықтан жұмыс істеп жатыр. Екіншіден, декретте отырған аналар БЖТ төлей алмайды. Себебі мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкерлікпен айналыса алмайды, заңмен тыйым салынған. Мұндай жағдайда декретте отырған мемлекеттік қызметшілер қайтадан жұмысқа шыға аласыздар. Яғни, мемлекеттік орган сізді қайтадан қашықтан жұмыс істеуге алып, жалақы төлесін. Басқа жағдайларда біз барлық мемлекеттік органдарға «бала күтіміне байланысты үйде отырған әйелдердің жағдайын шешіңіздер» деп хат жолдадық», – деді министр.

 

Жұмыс істейтін зейнеткерлерге 42500 теңгеден беріле ме?

Зейнеткерлер мен әлеуметтік жәрдемақы алатындар 42 500 теңге әлеуметтік төлем ала ма? «Сіздерге мемлекет тарапынан, бюджеттің есебінен ай сайын зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы төленіп тұрады. Олар төтенше жағдайға байланысты тоқтаған жоқ. Қайта олардың мөлшері артып жатыр, индексация жасалды. Оны мамыр айында сәуірде қосылғанымен бірге аласыздар. Сондықтан сіздерден кешірім сұраймыз, бұл төлем (42500 теңге – автор) сіздерге берілмейді», – деді министр. Дегенмен, оның айтуынша, зейнеткер немесе мемлекеттік жәрдемақы алып жүрген көпбалалы аналар, мүгедек жандар төтенше жағдайға дейін ресми түрде жұмыс істеген болса, онда бұл ескеріледі. «Иә, сіздер зейнетақы мен жәрдемақының мөлшері көп болмағандықтан, қосымша табыс табамыз деп жұмыс істегенсіздер. Сіздерге – болады. Сіздер өтініштеріңізді бересіздер. Қосымша ештеңе төлемеңіздер. Төтенше жағдайға дейін төлеген болсаңыздар, біз оны көреміз. Жасыңызға қарамай, жәрдемақы алғаныңызға және басқаларына қарамай әлеуметтік төлем береміз», – деді Біржан Нұрымбетов.

 

 

42500 теңгеге үміткерлер Бірыңғай жиынтық төлемін ай сайын төлей ме?

«Келесі мәселе бірыңғай жиынтық төлемі жайында болып отыр. Мұны бір азаматтар YouTube-та, басқа жерлерде халыққа: «Мемлекет сіздерді алдап жатыр. Бейресми жұмыс істеп жүргендер бір рет қана БЖТ төлесе жеткілікті дегендері өтірік. Оны сіздер ай сайын төлеулеріңіз керек. Ай сайын төлемесеңіздер кейін мойындарыңызға қарыз қылып іледі», деп түсіндіріп жатыр. Бұл – жалған ақпарат, сенбеңіздер. Бұл – ерекше, төтенше жағдайға қатысты Заң. Сондықтан, сіз, бейресми жұмыс істеп жүрсеңіз, тіршілік жасап ақша тауып, содан қазір айырылып қалсаңыз БЖТ-тыны бір рет қана төлеуіңіз керек», – деді министр. Бұл ретте Біржан Нұрымбетов бірыңғай жинақ төлемін 42 500 теңге әлеуметтік төлемге өтініш бермей тұрып төлеген дұрыс екендігін баса айтты. «Осы күнге дейін біраз азамат алдымен өтінішін беріп алып, одан кейін БЖТ-ны төлеген. Біз оны түсінеміз. Сондықтан олардың БЖТ-сі түсіп қалар деп оны төлеп қойған 100 мыңдаған адамның өтінішін сіз сияқты жаңылысқан адамның ақшасы түсіп қалар деумен ары қарай жібермей ұстап отырмыз. Себебі, барлығын бірақ тексеруіміз қажет. Бейресми жұмыс істейтіндер алдымен бірыңғай жинақ төлемін төлеп, одан кейін бір тәуліктен соң өтініш бергендеріңіз дұрыс болар еді», – деді министр.

42 500 теңге екінші айға төлене ме?

«Жұрт «Төтенше жағдай созылды, екінші айға әлеуметтік төлем төлене ме және оған тағы өтініш береміз бе? деп сұрап жатыр. Жоқ. Сізге бір рет тағайындалып, төленсе болды. Екінші рет өтініш беру қажет емес. Сіз тіркелдіңіз, төлем бердік. Сізді білеміз, танимыз. Төтенше жағдай мерзімі созылса, келесі айына сізге айтпастан төлей береміз», – деді министр Біржан Нұрымбетов.

Оның айтуынша, 16 наурыздан 15 сәуірге дейінгі мерзімге 42 500 теңге әлеуметтік төлем жасалды. Енді карантин мерзімі тағы 15 күнге созылып отыр. Сондықтан жұртшылық тарапынан 42 500 теңгенің жартысы төлене ме деген сұрақ түсіп жатыр.

«Жоқ, бұл төлем ерекше. Мұны сол 29 сәуір күні өткізсеңіз де бір күнге, жарты айға деп бөлмейміз. Өтініш берсеңіз толығымен 42 500 теңге төленеді. Күніне саналмайды. Мысалы, төтенше жағдай бір ай болып одан кейін 5 күнге созылған күннің өзінде 42 500 теңге төлейтін едік», – деп түсіндірді министр.

 

Студенттер 42 500 теңге әлеуметтік төлем ала ма?

Еңбек министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, жұмыс істеп, табыс тауып жүрген студенттер де 42 500 теңге әлеуметтік төлем ала алады. «Студенттер әлеуметтік төлем ала деген де сұрақ келіп жатыр. Бұл ретте студенттер деген бөлек санат жоқ. Себебі ол – еліміздің кәмелеттік жасқа толған азаматы. Еңбек заңына сәйкес, 16 жастан бастап жұмыс істеуге болады. Шәкіртақы алатындығына, алмайтындығына қарамастан жұмыс істеуіне еш кедергі жоқ. Ондай шектеу де қойылмайды», – деді министр.

 

Митнистр студенттердің басым көпшілігі оқу процесіне кедергі келмейтін уақытта жұмыс істеп жүргенін ескеріп, «Мейрамханаларда даяшы, дүкендерде сатушы болып жұмыс істейтіндер бар. Олар ресми және бейресми жұмыс істеп жүр. Сондықтан студенттерге жалпы барлық азаматтарға бірдей тәртіп тарайды. Егер ресми жұмыс істесе, жұмыс беруші береді. Ал өз бетінше ақша тауып жүргендер болса, өтініш берулері қажет. Бірақ, одан бір күн бұрын бірыңғай жиынтық төлемді төлеуі керек. Сол кезде әлеуметтік төлем алады. Біз шәкіртақы алатындығын не алмайтындығын тексеріп жатпаймыз. Студенттер 42 500 теңге әлеуметтік төлем алады», -деді Біржан Нұрымбетов.

 

Тілекгүл Есдәулет

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз