Жауын көп, жылы күндер кешігуде,
Ел-жұрттың шыққандай-ақ есі мүлде.
Адамдар бетпердені кигенменен,
қоғамның бетпердесі шешілуде.

Ұйықтамай, таң атқанда арай көрем,
Ғаламтор үйімізге тарайды әрең.
Қырық екі мың бес жүзім түсті ме деп,
үңіліп телефонға қарай берем…

Ешкімге жақындамай әбігермін,
Ыңылдап Марат аға әніне ердім.
Елімді дәрігерлер емдер деуші ем,
қиыны-ай ауырғаны дәрігердің!

Көшеде сақшы менен жасағың да,
Вирусың күннен-күнге жасаруда.
Кейбіреу сақал қойып, шаш алуда,
біреулер шаш ал десең бас алуда.

Әркім де өз сабырын мықтасыншы,
Тәжвирус енді ешкімге жұқпасыншы.
Алаңсыз ұрпақ ертең жүру үшін,
Бүгінде ел-жұрт үйден шықпасыншы!

Саят Қамшыгер

1 Пікір

  1. Керемет өлең екен. Елімізде бодып жатқан індеттен сақтанайық. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз