SAMSUNG CSC

Аты-жөні:(Гаппаева)Туякова Байдымат Рамазанқызы

Туған жері:Карачаево-Черкесской область, Ставрополский край, с.Учкулан.

Туған жылы:1932 жылы, 14 наурыз

Кашан және қай органмен қуғындалды:

На оснавании Указа ПВС СССР от 12.10.1943г.

Қашан келді:1943жылы, 2 қараша

Калай келді, вагондарға қалай тиелгендігі туралы мәлімет:

Таң атқанда үйге бірнеше адамдар келіп есікті қағып, жер аударылатыны  жайлы ескерткен. Көрші үйлерді бір-біріне баруына рұқсат бермеген. Жолға дайындалуларына бұйрық беріледі. Еш дайындықсыз, жолға жиналып үлгермеген 4-5 үйдің адамдары солдат машиналарымен жеткізіліп, терезесі жоқ суық вагондарға тиеледі. Байдымат апаның есінде қалғаны, денсаулығы нашар, науқас Хамзат атайдың  отбасымен бірге  бір  вагонда келгені. Қазақстанға  келгенде  ол  отбасы  Қызыл октябрь ауылына орналастырылған. Сол Хамзат атайдың ұлы Шонай Хамзатов жетім қалғанда  бір қазақ отбасы асырап, қамқорлық көрсеткен. Хамзатұлы Шонай Пионер қой совхозында атағы шыққан екпінді шопан болып, елге адал қызмет етеді. Қазақ қызына үйленіп, өсіп-өнген үлкен отбасына айналды. 1957 жылы  тарихи Отанына қайтпады.

Өз туған Отандарынан  жер аударылып келе жатқанда  бір вагонда болған,  буындары қатаймаған тағдырлас балалардың туыстығы, достығы, апалы-інілі байланыстары жалғасын тауып күні бүгінге дейін ауылда көрші тұрады, Шонай ата өмірден озғанымен оның зайыбы Мархамбаева Данеш апай және оның балалары,  Байдымат апаны күні бүгінге дейін  әкеміздің  әпкесі деп  сый құрметке бөлеп отыр.

Қазақ жеріне келгенде қалай күтіп алды:  Аудан председателі Жамбыл облысы, Аса селосының  бір отбасына ат арбамен  әкелді, ол бір жесір айелдің үйі болған. Ол кісілер тамақтандырып, жылы шыраймен күтіп алған. Келесі күні Шайдана бөлімшесінің бригадирі ат-арбамен сол ауылға алып кетті. Отбасында әкесінің анасы, өз анасы, сіңілісі, інісі болған. Бұл кісілерді  бір қазақ отбасының есік алдындағы қоржын тамның бір бөлмесіне орналастырған, бір шетіндегі бөлмеде  қазақ отбасы өздері тұрған. Жер аударылып келген осы отбасын  Шайдана ауылындағы Жанұзақов Көшкінбай деген  кісі қамқорлығына алған. Ол кісінің Оразкүл деген әйелі болған.  Өз анасы Гаппаева Әскерхан денсаулығы болмай 1944-45 жылдар шамасында  қайтыс болған. Жер аударылып келген отбасында екі апалы-сіңлілі қалды. (Фатимат, Сүфият) Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, фашизимге қарсы соғыстан бір аяғы мен қолынан жараланған, мүгедек болып келген әкесі Гаппаев Рамазан жер аударылған отбасын іздеп осы ауылға келіп, қыздарымен қауышқан. Содан  әкесі осында келген соң  қосылған қарашай әйелі мен  сол әйелден туылған екі қыз, бір ұлымен  1957 жылы туған Отанына қайтқан.

1947 жылы еңбек жолы басталды: шөп ору, қол орақпен бидай ору. 1947-48 жылдары Тұяқов Нүрбек есімді жергілікті ауыл тұрғынымен отандасып, тұрмыс құрған, содан әрі мал шаруашылығымен айналысқан.

Тұрған жері, еңбек еткен, мекенжайын көрсету: Аса селосы, Пионер ауылы, Шайдана бөлімшесінде тұрып төмендегідей ауыр еңбек жолынан өтті:

-Қантқызылшасы даласында  сушы болған.

-Бидай жинауға арналған қырманда арту, жинау жұмыстарымен айналысқан.

-Сиыр фермасында сауыншы жұмыстарын атқарған.

Еңбек жолында алған марапаттары жетерлік.

1957 жылы өз тарихи Отанына кете алмау себебі:

Осында отбасын құрып,балалы-шағалы болуына байланысты, орнығып қалды, астыртын алып кетуге дайындық жасаған әкесінің әрекеттеріне де жауап бере алмай, ілесіп кете алмай  балаларының жанында, ошағын сөндірмей қалып қойған.

Атадан жалғыз туған ері Тұяқов Нүрбекпен отбасын құрып, балалы-шағалы болып, өсіп-өніп  үш ұл, төрт қыздан бүгінде  27 немере, 40 шөбере, 3 шөпшек сүйіп, үлкен әулеттің әжесі. Аса районы,  Пионер ауылында өзімен бірге еңбек еткен, қиын да қызықты күндерді басынан кешірген замандас құрдастарымен жекжат-жұрат болып,  етене араласып туыстас болып, сыйлы, дана ақ әжеге айналды.

Туған Отанынан 11 жасында жер аударылып келген анамыз өзі түскен ортасына, сондай қиын кезеңде өздеріне қамқор болған жергілікті қазақ отбасыларының ниетіне, жанашырлығына, меймандостығына алғысын үнемі білдіреді. Сол уақыттағы жағдайдың жоқтығына, өмірдің қиындығына қарамастан жергілікті қазақтардың жүректерінің кеңдігі, еңбек етуден қашпай, көршілік, достық ниет танытып, сырттан әкелген ұлт өкілдерін жатсынбай, жайлылық жасағандарын ешқашан ұмыта алмайды.

Қазақ ұлтының арасында өсіп, некеге тұрып, балалы-шағалы болып, жергілікті халықтың барлық салт-дәстүрлері мен ырымдарын үйреніп, аса үлкен құрметпен қараған. Байдымат апа өзінің зеректігінің арқасында халықтың ауыз екі өлеңдерін жазып алып жаттап, еңбек даласында әндеткенін еске алады. Сондай-ақ бос уақытында қазақтың халық әдебиетін оқып, батырлар жырын жаттап өскен. Қазақ әйелдерімен қосылып кесте тігіп, тоқыма тоқуды үйреніп, тіпті балаларға, көрші-қолаңға киім тігіп беруге машықтанған. Тағдырлас, тілектес болған ауыл адамдарын, әрқашан еске алып отырады.

Дайындаған Нұржан Айғали

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз