Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында сөйлеген сөзі

0
611

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында сөйлеген сөзін ұсынады.

 

Құрметті Ұлттық кеңес мүшелері!

Бүгін біз ерекше жағдайда жиналып отырмыз. Коронавирус індеті жұмыс тәртібімізге елеулі өзгеріс енгізді. Қазіргі таңда еліміз пандемияның шарықтау шегінен өтті. Бірақ, індетпен күрес әлі аяқталған жоқ. Бұл індет өте қауіпті. Батпандап кіреді, мысқалдап шығады. Коронавирус қазіргі әлемнің құндылықтарын айтарлықтай өзгертті. Денсаулық сақтау жүйесінің, өзін-өзі қамтудың, ынтымақтасу мен жауапкершіліктің маңызы арта түсті. Соған сәйкес мемлекет қызметінде және қоғамдық өмірдің барлық саласында түбегейлі өзгерістер болмақ. Пандемия біздің еліміз үшін де үлкен сынақ болып отыр. Қазақстан халқы ешқашан қиындыққа мойыған емес. Бұл жолы да бірлігіміздің бекем екенін көрсеттік. Біз ырыс пен ынтымақтың арқасында кез келген сынақты абыроймен еңсереміз деп сенемін. Құрметті жиынға қатысушылар! Бүгінгі отырысқа дейін атқарылған жұмысымыздың нақты нәтижесі бар. Бірер күн бұрын мен «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа Заңға қол қойдым. Бұл құжаттың басты ерекшелігі – бұдан былай бейбіт жиналыс өткізу үшін рұқсат алу қажет емес. Оны алдын ала ескертіп, өткізуге болады. Осы заң қоғамдық-саяси қатынастарды демократиялық жолмен одан әрі дамытуға зор үлес қосады деп ойлаймын. Депутаттарға заң жобасын егжей-тегжейлі қарастырғаны үшін алғыс айтамын. Бірлесе атқарылған жұмыстың мән-маңызы зор. Жаңа заң азаматтардың бейбіт жиындар өткізуге конституциялық құқығын толық қамтамасыз етеді. Саяси реформалардың бірінші топтамасына кіретін басқа да заң жобалары әзірленіп жатыр. Сондай-ақ, сайлау туралы және саяси партиялар туралы заңдарға өзгерістер енгізетін құжаттарға қол қойдым. Біз парламенттік оппозиция институтын енгіздік. Саяси партияларды тіркеуге қатысты талап жеңілдетілді. Сайлауға түсетін саяси партиялар әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота бөлетін болады. Жала жабуды қылмыс санатынан алып тастау және Қылмыстық кодекстің 174 бабын ізгілендіру жөніндегі нормаларға азаматтар барынша қолдау білдірді. Бұдан бөлек, басқа да мәселелер бойынша нақты нәтиже бар. Шетелден жұмысшылар әкелуге белгіленген квота 40 пайызға азайды. Есеп комитеті мемлекеттік органдарда жүргізілген тексерістің аудиторлық қорытындыларын жариялай бастады. Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында игерілмеген жайылымдар біртіндеп мемлекетке қайтарылуда. Бұған ғарыштан мониторинг жүргізу арқылы қол жеткіздік. Мұның бәрі Ұлттық кеңестің бастамасымен жүзеге асырылған шаралардың бір бөлігі ғана. Баршаңызға қазіргідей күрделі кезеңде өзекті мәселелерді талқылауға белсене қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Ұлттық кеңес бір жылға жуық уақыт аралығында аса маңызды әрі ауқымды реформаларды пысықтап, жүзеге асырды. Қоғамдық диалогтың ұлттық моделі өз тиімділігін көрсетті. Қазір алдағы кезеңнің күн тәртібін анықтап алуымыз қажет. Кез-келген мемлекет үшін адами капитал басты өлшемге айналды. Осы орайда біліктілік мәселесі айрықша маңызға ие болып отыр. Әр азамат өзінің жеке жетістігі арқылы бүкіл елдің табысты болуына, өсіп-өркендеуіне үлес қосады. Сондықтан бүгінгі отырысты адами капиталдың негізгі бағыттарын дамыту мәселесіне арнадық. Бұл – білім беру, ғылым және денсаулық сақтау саласы. Жаңа ахуал білім беру және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отыр. Енді, бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті, экономиканың өзі соған тәуелді болмақ. Біз білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін айқын түсінуіміз керек. Бүкіл мемлекеттік саясатты соған сәйкес жүзеге асырамыз. Білім беруді және ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын реформаларды қайта зерделеу қажет. 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғылымға бөлінетін қаржы 7 есе өсетінін ескерген жөн. Ал, енді ерекше назар аударатын және пысықтауды қажет ететін мәселелерге тоқталайын.  «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын қабылдасақ та, жастар ауылға барып жатқан жоқ. Қазір ауылдарда бір мұғалім үш-төрт пәннен сабақ береді. Бір сабақта әртүрлі жастағы балалар бірге отырып оқуға мәжбүр. Ауыл ұстаздарына еңбекақы төлеу жүйесінде осы мәселе ескерілмейді. Сондықтан бұл ахуалды біртіндеп түзету керек. Мектеп жанындағы интернаттардың жұмысын одан әрі жетілдіреміз. Бұл аса қажет. 2025 жылға қарай 11 мың орынға арналған 100-ден аса интернат салынуы керек. Білім беру мекемелеріндегі балалардың қауіпсіздігі де өте өзекті мәселе. Менің тапсырмам бойынша әкімдер барлық мектепті бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, заманауи санитарлық талаптарға сай жағдай жасайды. Бұл шара жыл соңына дейін жүзеге асырылады. Қоғамда оқушылар арасындағы зорлық-зомбылықтың және өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алуға арналған бірыңғай бағдарлама енгізу туралы бастаманың көтерілуі орынды. Бұл – түйткілді мәселе. Осыған орай министрлік пен сарапшылар қауымы кешенді шешімдер әзірлеуі қажет.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.