ОРАЛДА ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

0
219

Кәсіби мерекелеріне орай ұстаздар қауымын құттықтаған Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков қаланың білім беру жүйесін дамытуға сүбелі үлес қосқан мереке иелерін «Орал қаласының Құрметті педагогі» төсбелгісімен марапаттады.

Жастар мәдениет үйінде ұйымдастырылған салтанатты шарада сөз алған қала әкімі Абат Абайұлы: – Білім саласының қызметкерлерін, ардагер-ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Қазақтың кемеңгер ақыны Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім. Алты алаштың баласы бас қосса, ең қадірлі орын – мұғалімдікі» деп жоғары баға берген. Өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын адам жанының бағбаны, білімнің бағдары, ізгіліктің шамшырағы болған сіздердің ерен еңбектеріңіз қандай құрметке де лайық. Сондықтан бүгінгі тамаша кеш сіздерге арналады. Санитарлық талапқа сай барлық ұстаздар қауымын бір залға жинай алмасақ та, сіздер арқылы оралдық барша педагогтарды осынау төл мерекелерімен құттықтаймын. Әсіресе, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер-ұстаздардың орны ерекше, – деді. Шаһар басшысы бір топ ұстазға «Орал қаласының Құрметті педагогі» төсбелгісімен бірге өз атынан алғыс хат және 100 мың теңге ақшалай сыйақы табыстады.

 

 

Салтанатты шара барысында өскелең ұрпақ тәрбиесі мен мемлекеттің гүлденуі жолында абыройлы еңбек етіп жүрген білім саласының бір топ қызметкері ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен, облыстық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының сертификаттарымен, қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

35 жылға жуық білім саласында жұмыс жасаған бастауыш сынып мұғалімі Салтанат Давлеткалиева«Орал қаласының Құрметті педагогі» төсбелгісінің иегері атанды. Бұл марапат облыс орталығындағы №40 ЖОББ мектебінде бастауыш сынып оқушыларын біліммен және тәрбиемен сусындатып жүрген білікті ұстаздың мерейін асқақтатты. – Еңбек жолым Шыңғырлау ауданындағы ауыл мектебінен басталды. 1997 жылдан бері Орал қаласының білім саласын дамыту жолында еңбектеніп жүрмін. Осы жылдар аралығында білім жүйесінде үлкен өзгеріс орын алды. Қазіргі жаңартылған білім мазмұны бұрынғы жүйемен салыстыруға келмейді.  Жаңа білім бағдарламасында мұғалім – бағыттаушы, оқушы – қабылдаушы рөлін атқарады. Соның нәтижесінде бала жаңа қырынан көрінеді, бір-біріне көмектеседі. Біз де сол заман ағымына ілесіп, тың ізденіспен жұмыс жасаудамыз. Осы азды-көпті қызметім еленіп, бүгін қала әкімінің марапатын иеленгеніме қуаныштымын. Бұл – мен үшін күтпеген тосын сый болды, – деді Салтанат Сағынқызы.

Мерекелік кешке жиналған ардагер-ұстаздар мен педагогтар Жастар мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

«Qazaqstan dáýiri» газетінің

БҚО бойынша меншікті тілшісі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.