«Жасасын, менің теңдесі жоқ батырым Бауыржан Момышұлы!»

0
210

Атама хат

Қайран, Бауыржан атам-ай! Тағдырыңыз неткен ауыр еді! Мәскеудің айтақтауымен, кейде өздерінің бастамасымен жергілікті белсенділердің Сізге тақпаған кінәсі, айтпаған ғайбаты қалған жоқ. Өз халқыңызды шексіз сүйгеніңіз үшін «ұлтшыл» деп, биліктің алдында бас имегеніңіз үшін «басбұзар» деп жазғырды. Мәскеу түбінде фашистерді қалай талқандасаңыз, өзіңіздің жатыпатар жауларыңызды да солай тас-талқан еткендей көрінуші едіңіз маған. Өкінішке қарай, олай емес екен… Ортамызда Сізге, Сіздің аруағыңызға жат көзбен қарайтын адамдар әлі де бар екен. Базбіреулердің жадында Сіз әлі күнге дейін «ұлтшыл» және, бүгінгі тілмен айтқанда, «барып тұрған диссидент» ретінде сақталып қалған екенсіз.

Сіздің кезекті туған күніңізге мен алдын ала дайындалдым. Көзіңіздің тірісінде Сізді жақсы білген адамдардың естеліктері негізінде мақала жаздым. Ондағы ойым – Сіздің жүз жылдық мерейтойыңызға арналған материалдар тізбегін осы мақаламмен бастау еді.

Бірақ… Мен қызмет ететін Жамбыл облыстық «Знамя труда» газетінде мақаланы баспай қойды. Ал, бұл хатты Сіз «Бекетім мені ұмытып кетті, туған күніме ештеме істемеді» деп ойлап қалмасын деген мақсатта жазып отырмын. Сізге хат жазып отырып, бір ғана нәрсені жалбарынып тіледім: бізді, біздің қасиетті жерімізді, «мың өліп, мың тірілген» халқымызды жебей жүріңізші…

Өзіңіздің Бекетіңіз,

Таубұзар Момынқұлдың немересі

 

Бұл хатты мен 2009 жылдың желтоқсанында жазып едім. «Он же был националистом, как руководство области воспримет этот материал», – деп газетінің орыс бас редакторы жолатпай қойғаны бар ма?!

 

Батыр атағын бермей қойған кім?

 

Қазақтың қас батыры Бауыржан Момышұлының өмірі күреспен өтті. Көзі тірісінде де, ұлы еркіндік алғанда да (атам өлімді өстіп атайтын), атын естіп шошитын шовинистер де, ұлттық қасиетімізден жұрдай болған қазақтарымызда, әсіресе билікте отырғандар Баукеңе күн көрсетпеді. Өзіне тиесілі Ленин орденін (1941 жылдың жетінші қарашасында генерал Иван Васильевич Панфилов ұсынған), Совет Одағының Батыры атағын (1942 жылдың тамызында полковник Иван Иванович Серебряков ұсынған) мәскеуліктер бермей қойды.

Дәл осы жерде «Жазушы» баспасының бұрынғы редакторы Л.А.Золотованың пікірін келтіргенді жөн көрдім. Ол Момышұлының еркіндік сүйгіш мінезін былай атап көрсетеді: «Ол ерекше адам еді, өзін де ерекше ұстайтын. Ол ешкімге бағынышты болған емес… Жоғарыдағылар қаншама рет еңсесін түсірмек болды – республикалық газеттерде ол туралы небір ғайбаттаулар жазылды. Бірақ ол өмірден еңсесін түсірмей өтті».

 

Сөйте тұрып, батыр Бауыржан ұлы еркіндік алғанда, Золотова: «Кеңестер Одағының ұлы перзенті, қазақ халқының ұлы перзенті Бауыржан Момышұлы Отан алдындағы еңбегі үшін үкімет тарапынан лайықты бағасын ала алмады. Мұндай бағаның ол үшін қажеті де жоқ еді; жер шарының адамдары оны ұлы да даңқты қолбасшы, Мәскеудің қорғаушысы ретінде білетін әрі құрметтейтін, мақтаныш тұтатын. Ал, адам баласы үшін жалпыхалықтық сүйіспеншілік пен құрметтен артық не бар?!» – деп тебірене жазды.

 

 

Шетелдіктердің Баукеңе деген сүйіспеншілігі

Иә, әлем жұртшылығы Бауыржанның батырлығы мен қолбасшылық өнерін жоғары бағалап, барынша қолдау көрсетті. Абыройын арттырып, даңқты адам ретінде көрсетуде де еш қымсынып, қысылған жоқ. Мысалы, Француз армиясы бас штабы басшысының орынбасары (өкінішке орай, оның аты-жөні мұрағатта сақталмапты) Момышұлына былай деп хат жазады: «Сіз қандай да бір жағдаймен Парижге келетін болсаңыз, ол мен үшін үлкен қуаныш әрі теңдесі жоқ бақыт болар еді. Францияның бұрынғы әскери сарбазы ретінде сіздің қолыңызды қос қолдап қысып, құрмет көрсетуге рұқсат етіңіз».

 

Ол Бауыржанды, оның қайталанбас ерліктерін кітаптар арқылы танып білген екен. Сондықтан болар Момышұлын алғашында романистің ойлап тапқан персонажы деп шешкен. Францияның кәсіби әскери қызметшісі өзінің өзекжарды сөзін былай деп жеткізеді: «Қашықтықта болғанымызға, жорыққа өзге тумен кіргенімізге, өзге тілде сөйлеп, әртүрлі форма кигенімізге қарамастан біз де сіз сияқты адамдық қасиетті сақтап қалу мен өр көкірегімізді өзгеге таптатпас үшін жаумен жұмыла күрестік».

Айта берсе, шетелдік әскерилердің қазақ ұлына деген сүйіспеншілігі өте көп. Болғар әскери әуе күштерінің ұшқышы, поручик Лело Иванов Ненов: «Сізге деген қошеметімді білдіріп, шын жүректен құттықтап қоюға рұқсат етіңіз», – дейді Момышұлына жазған хатында. Ол «Волоколамск тасжолын» оқып, Ұлы Отан соғысы кезіндегі алғашқы ұрыстарда Момышұлының ерлігіне тәнті болған екен. Болғар ұшқышы кітапты оқи отырып, сол туындының авторы ретінде Баукеңнің өзі деп қабылдайтындығын да жасырған жоқ. Ол Бауыржанның соғыс кезіндегі тапқырлығы, қажыр-қайраты, қиналысы, ұйқысыз кездері, жеңіске деген жігері, осының барлығы бір адамның бойынан табылғанына қайран қалады. Өзінің алға қойған мақсатына жету үшін барлық қиындықты жеңе білетін нағыз командирді байқағанын айтады. Ақжарма тілегін жалғастыра келе, ол «өзіне бағынышты жауынгерлермен тез тіл табысып, біртұтас болып араласып кететін, әркімнің көңілінен шығып, жансарайына жол табатын өз командирімді көргендей болдым», – дейді. Лело хатын былай деп қорытындылайды: «Жоғарғыда айтылған сөзімнің бәрі жұпыны шығып дәл жетпеуі мүмкін. Әйтсе де менің Сізге деген ризашылығым, зор қуаныш пен махаббатымда, мақтанышымда шек жоқ».

 

Қазақтың асқақ ұлын әскерилер жоғары бағалады

«Гакибуц Гамеухад» баспасөзінде қызмет ететін израильдық прозашы, аудармашы, редактор Шломо Эвен-Шошан Бауыржан Момышұлыға хат жазып, Израильде иврит тілінде «Волоколамск тасжолы» кітабы шыққанын хабарлайды. «Жинақ жұртшылық арасында үлкен сұранысқа ие болып, генерал Панфилов пен Сіздің есімдеріңіз біздің елде өте танымал болды», – деп айтады. Кейін Израильдің жоғарғы лауазымдағы офицерлер арасында сұрау жүргізгенде, оларды қазақтың батыр ұлының соғыста қолданған әскери тактикалары негізінде оқытқандығы белгілі болды.

 

Израиль армиясы бас штабының атақты басшысы Мордехай /Мота/ Гур да «Волоколамск тасжолын» оқып, көп нәрсе үйреніп, түйген екен. Ол жайында 2016 жылы 20 маусымда Кремльде Жалпы Ресейлік тарихшылардың жиынында нацизмның құрбандарын және қарсылықтың батырларын еске алу Израильдің ұлттық институтының қызметкері Арон Шнеер Ресей президенті Владимир Путинге айтты. «Жаңа мемлекет – жас Израиль мемлекеті құрылып жатыр. Ал Бауыржан Момышұлы туралы жазылған мына кітап әрбір жас офицерге салтанатты ант қабылдағанан соң қаруменен бірге беріледі. Бұл тек оқу құралы ғана емес, жауынгерлерді жеңіске жігерлеп, әскери шеберліктерін шыңдайтын басты құралдың бірі», – деді Арон Шнеер.

Міне, тарих сабағы! Басқа мемлекет, басқа армия! Бірақ қазақтың қайсар ұлы Бауыржан Момышұлының қолбасшылық талантына неткен табынушылық! «Израиль жас армиясы оның ерлігі мен батылдығы үлгісімен тәрбиеленуде», – деп сөзін қорытты Арон Шнеер. Бұл, әрине, Бауыржан Момышұлының Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігі мен көзсіз батырлығына деген өзге елдің құрметі мен зор қошеметінің үлгісі.

Енді израильдік полковник Меир Паильдің /Палевский/ пікіріне құлақ ассақ. «Армия туралы кәсіби түрде жазылған құнды, керемет кітап екен (әңгіме «Волоколамск тасжолы» романы жайлы). Ол офицерді ойлануға, әрекет етуге, жауапкершілікті түсінуге, қиыншылықты сезінуге, қалыптасқан жағдайға байланысты сол жерде дұрыс шешім қабылдап, әрекет етуге жұмылдырады. Бұл курсанттарға арналған өте қажетті оқу құралы. Болашақ офицерлер кітапты класста талқылап, ой-пікір алмасады, шығарма жазып, ой-өрістерін кеңейтеді».

 

Ерлік пен батырлықтың символы

Сондай-ақ Мәскеу маңындағы Академқалашығынан Хайм Авраамович Авритустың да жазған хаттары Бауыржанға деген өзге елдің азаматының табынушылығын көрсетеді. Ол 1949 жылы КСРО Ғылыми Академиясының этнографиялық экспедиция құрамында Алматы қаласына келген болатын. Өзі қылқалам шебері болғандықтан орталық мұражайда орналасқан жергілікті суретшілердің туындыларымен танысады. Сонда бір адамның суретті портретіне назары түседі. Сол суретті көруге күніге келіп те жүреді. Ол – Бауыржан Момышұлының суреті болатын. Батырға деген сүйіспеншілігі артқаны сонша, ол Москвадағы жоғарғы оқу орнын бітіргеннен соң Қазақстанға келіп тұруға бел байлайды. «Әрине, басты мақсатым, менің осы елге деген махабатымды оятып, тәнті еткен сурет кейіпкерімен жолығып, танысу еді», – деп жазады ол Момышұлына.

Чехия елінің тұрғыны Ирина Сватанева «Волоколамск тасжолы» кітабын оқығалы бері, «Бауыржан Момышұлы мен үшін ерлік пен батырлықтың басты символына айналды. Сондықтан да мен кез келген адамдармен кездескенде, ең бірінші кітап кейіпкеріндегі қаһарманымның әдемі іс-әрекетін іздеймін» деп толқып жазыпты. Соңында өз жазбасын: «Жасасын, менің теңдесі жоқ батырым Бауыржан Момышұлы!» – деп түйіндепті.

 

Ұлы Отан соғысының ардагері, отставкадағы полковник, әдебиеттанушы Петр Зелманович Горелик Момышұлымен Калининдегі әскери академияда оқытушылық жұмыс атқарған жылдары танысқан. Сондағы әсерін былай деп қағазға түсірген: «Өміріңде өшпес із қалдыратын кездесулер болады. Ол ноқтаға бас бермейтін асау аттай, арынды желдей еркін дала қазағы еді».

Горелик Момышұлының академия басшыларын қалай әжуалағанын ризалық сезіммен әңгімелейді. Бірде инспекторлық тексеру ретінде Бауыржанның лекциясына факультет деканының орынбасары, Кеңес Одағының Батыры полковник Поветкин қатысады. Оған лекция ұнайды. Поветкин оны жасырмайды. Дегенмен, бір ғана ескерту жасайды: орыстардың арасында талай жыл тұратын Момышұлы қалайша осы уақытқа дейін шығыстық акцентінен арылмаған. «Мені Поветкиннің бұл ескертуі қатты ашуландырды, ашуланғанымды жасырғаным да жоқ, – депті Б.Момышұлы кейін Гореликке. – Отыз жылдай акценті күшті әрі біз одан да үлкен кемшіліктеріне кешіріммен қараған адам басқарған елде осындай кемшілікті бетке басу, жұмсартып айтқанда, ақымақтық». Бұдан кейін шыдамай кеткен Момышұлы Поветкинді былайырақ алып шығып, таза орыс тілінде «әдемілеп тұрып» боқтап алады да: «Қалай, полковник, акцент жоқ па?» – дейді әжуамен.

 

Генерал шені берілмесе де…

Горелик Бауыржан Момышұлы екеуінің арасында сенімге негізделген жылы қатынас қалыптасқанын бірнеше мәрте атап көрсеткен. Ал, ол байқағыш адам болғандықтан, оның Момышұлын қандай адам ретінде көргенін білу қызық-ақ: «…оның мінезі азиаттық болатын. Бауыржанға шығыстық ақсүйектік тән, ол үшін ар-ождан деген бос сөз емес еді. Ол әділетті, кейде кешірімді, реті келгенде емендей илікпес қатал болатын». Сонымен қатар ол биліктің қазақ батырына көзқарастары онша емес екендігін жақсы білген. «Оның болжап білуге болмайтын мінезі, бүркелемеусіз ашық қазақ патриотизмі, жұмсартып айтқанда, қуатталмады», – бұл полковник Горелик биліктің полковник Момышұлына деген қалай қарағанын білдіретін пікірі. «Жұмсартып айтқанда» деп өте дәл жазып отыр. Ал, ащы шындығын айтатын болсақ, «қуатталмады» емес, қуғындалды. Горелик өзінің одан арғы ой-толғамдары арқылы бізді, міне, осындай қорытындыға алып келеді: «Бас штабтың академиясын бітіру оның түлектерінің басым көпшілігі үшін генералдық лампасқа апарар тіке жол болатын. Бірақ Бауыржан Момышұлына генерал шені берілмеді. Оның өз қызметін туған Қазақстанында жалғастыруына да рұқсат етілмеді».

Дегенменде, 1990 жылы қазақтың ұлы перзенті Бауыржанға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Тіпті кеш қабылданған шешім. Әйтсе де әділдік ақыры салтанат құрды. Бұл жоғарғы награда халық үшін керек еді. Себебі онда тек Баукеңнің ғана емес, Екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлік үлгісін көрсеткен күллі қазақ халқының қаһармандығы жатты. Сонымен қатар бұл қан майданда қаза тапқан мыңдаған қазақ жауынгерлеріне деген құрмет пен қошеметі және әрине, ең бастысы, тарихи әділдіктің салтанат құруы үшін керек еді.

 

Бекет МОМЫНҚҰЛ,

«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының

штаттан тыс қызметкері,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.