Темірқазық

0
96

Қазақ ұлттық аграрлық университеті ауыл ғылымы мен білімінің алтын ордасы, ұлттық зерттеу орталығына айналды

 

Бүгінде Қазақстан халқының 43 пайызы ауылды жерлерде тұрады. Мұның жартысына жуығы жастар. Білім мен ғылымның ауылға бағытталған темірқазығы Қазақ ұлттық аграрлық университеті зерттеу университеті дәрежесін алды. Бұл атақ осы университет ұжымының ғана емес, осында оқыған ғалымдардың, ауылшаруашылық мамандарының, мемлекет қызыметкерлерінің, басқа салаларда қызмет істейтін агроном, ветеринар, инженер, бухгалтер, экономисттердің де үлкен жетістіктері.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей ауылды көркейту бір ғана ынтамен шешілмейді, осы салада жұмыс істейтін әрбір адамның ғылыми жетістіктерін, оны өндірісте пайдалану тәжірибесін игеруді талап етеді. «Білекті бірді, білімды мыңды жығады» деген қанатты сөз бар. Сондықтан да білім мен ғылымсыз алға басу мүмкін емес.

Университеттің зерттеу университетіне айналуына көп еңбек сіңіргендердің бірі университет ректоры академик Есполов Т.И.Мәскеу қаласындағы А.Н.Костяков атындағы Бүкілодақтық гидротехника және мелиора­ция ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында оқыды. Академик, ҚҰАкадемиясының вице президенті, экономика ғылымының докторы, техника ғылымының кандидаты, біздің факультеттің өте білгір түлегі. Ол күн түн демей, 10 шақты жыл бойы, ұжым басшыларын, педогогтар мен қызыметкерлерді ұйымдастырып зерттеу университеті атану жолында бір жеңнен қол шығарып, бір жағадан бас шығарып еңбек еткізді.

Біздер (авторлар) осы университеттің ІТ–технологиялар, автоматтандыру және агроөнеркәсіптік кешенін механизациялау факультетінің «И.В.Сахаров атындағы Машина пайдалану» кафедрасында қызмет етеміз.  Сондықтан факультеттің ұжымының ізденіс университетіне айналуына қосқан үлестерін қысқаша көрсеткіміз келеді. Болғанды ұмытпай, қазіргі ұжым жетістіктерінің тірегі ол факультет ардагерлерінің ғылымдағы және мамандар дайындаудағы істеген еңбектері.

Солардың бірі, АША академигі Иван Васильевич Сахаров (1903-1978 жж.). Иван Васильевичті 1931 жылы КСРО халық комиссариатының шешімімен Қазақстанға келіп, біздің факультеттің бірінші деканы, кафедра менгерушісі, проректор, профессор қызыметтерін өмірінің соңына дейін атқарды.  Ғылым жолындағы оның басты жетістіктерінің бірі КСРО ғалымдарының алғашқысы болып шөпті престеу әдісін қолданып, докторлық диссертация қорғады. Престеп жем-шөп дайындау әдісін қазір дүниежүзінің барлық мемлекеттерінде қолданады.

Тағы еске алатын тұлға – Тәжібаев Лашқар Есенқұлұлы (1915-1995 жж.), техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚазССР-ның ғылым және техникасына еңбегі сіңген қайраткері. ҚазССР Халық су шаруашылығы ко­митетінің басқармасының бастығы қызметін атқарды. Мемлекеттің салаларын сумен қамтамасыз ету прблемаларын шешуге атсалысып, қызмет етті. Ол үлкен ғылыми мектеп үйымдастырып, 30-дан астам ғылым докторларын және кандидаттарын даярлады. Солардын бірі біздің ректорымыз академик Есполов Т.И. және тағы басқа ғалымдар.

Алшынбай Мұхтар Рахымұлы (1926-2013), академик, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚазССР-ның ғылым және техникасына еңбегі сіңген кайраткері. ҚР Ауылшаруашылығын механикаландыру бойынша жетекші ғалым саналады.

Қыпшақбаев Иса Қыпшақбайулы (1927-2012), академик, қазақ ауылшаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтында (1970 – 1978 жылдары директор), қазақ ауылшаруашылығын механикаландыру ғылыми-өндірістік бірлестігінде (1978 – 1997 жылдары бас директор) ғылыми-педагогикалық, басшылық қызметтер атқарды. 1997 жылдан Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ұстаз. Иса Қыпшақбаев Қазақстаның ауылшаруашылығын механикаландыру саласын дамытуға үлкен үлес қосты.

Сонымен қатар көптеген ардагерлерді еске алуға болады, мысалы Д. М. Серікбаев (1921-1972 жж.) ауылшаруашылық институтының механикалау факультетін аяқтағаннан кейін осы институт оқытушысы, Қазақ ССР Жоғары және орта арнайы оқу орны министрлігінің ЖОО басқармасының бастығы, министрдің орынбасары, кейін Өскемен құрылыс-жол институтының ректоры міндетін атқарған. Ерекше еңбек сіңіргені үшін Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Техникалық университетіне Д. Серікбаевтың есімі берілді.

1948 жылы механизация факультетінің құрамында ауылшаруашылығын электрлендіру бөлімі ашылады. Ардагерлері Ю.Д.Зубков, Т.Т.Те, П.А.Рубцов, А.А.Захаров тағы басқалар.

Агроөнеркәсіп кешеніне және әлемдік ғылым-білім кеңістігіне қажетті мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сонымен қатар әлеуметтік бағдарланған, жоғары мәдениетті және толерантты тұлғаны қалыптастыруға  ықпал ету. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті – инновациялық бағыттағы элиталық жоғары оқу орны,  Қазақстан мен  Орта және Орталық Азиядағы аграрлық секторының көшбасшысы:

– ғылыми-ағартушылық жүйені халықаралық білім стандарттарына сай жүргізе отырып,  бітірушілердің экономикалық сектордың талаптарына сай, әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына ықпал жасауда;

– әлемдік QS рейтингтік агенттігінің 600 жоғары оқу орнындары кіреді. Мақсатымыз QS рейтингтік агенттігінің 300 жоғары оқу орнындары құрамына ену;

– білім мен ғылымды және өндірісті агроөнеркәсіп кешеніндегі инновация негізінде интеграциялай отырып, білім алушылар мен профессор-оқытушылардың ұтқырлығын арттырудамыз.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басты міндеті жоғарғы білімді маман дайындау мен әлемдік ғылым-білім кеңістігіне қажетті мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сонымен қатар әлеуметтік бағдарланған, жоғары мәдениетті және толерантты тұлғаны қалыптастыруға  ықпал ету. Ауылдағы жастарға, қаладан келетін жастарға және ауылға қайта көшіп баратындарға ұзақ мерзімді экономикалық жаңаша жағдай жасау бағдарламасын қоғам болып ұсынуымыз керек. Ол үшін білімін күшейтіп, мәдениетті қалыптастырып, көркіне көрік қосып және азаматтарына рух беру маңызды. Қазіргі ауылдың әл-ауқатын көтеру, оны нағыз іспен қолдайтын, нақты көмек қолын созатын мемлекеттік іс – ол тың көзқараста жаңаша түзіліп, қабылданатын «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасы бойынша маман дайындау.

Ауыл жастарының 60 пайызына жуығы 90 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінен қалаған мамандықтары бойынша маманданып шығып, ауылдың еңсесін көтеруде өз еңбектерін сіңіріп келеді. Ауылға өзгеріс пен жаңалықты әкелетін – білім мен ғылым.

Сондықтан да туған жердің түлектері өз ауылының абыройы мен мәртебесі үшін қашан болсын «туған ауылыма өзіндік үлесімді қоссам» деп жүреді. Иә, халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екеніне ешкім де таласа алмайды. Ауылдың ауасымен тыныстап, тұнық суынан қанып ішіп, табиғатының тамсандырар көркінен қуаттанып жүрген әрбір азамат кіндік қаны тамған ауылын барынша қастерлеуі қажет. Ауылымыз төрт түлік малымен, кең даласы толған егінімен еліміздің асыраушысы болып келеді. Ел экономикасының еселеп артуына қосып отырған үлесі де қомақты.

Өкімет тарапынан республика жастарына ауылдық квота мен ауылға қажет мамандықтарға оқу гранттарының көптеп берілуі – «Дипломмен – ауылға!» жобасын нақты қолдаудың қайталанбас үлгісі. Президенттің бұл бастамасы қоғамдағы жастардың ерте бастан әлеуметтенуін еліміз бойынша алғашқы жүзеге асырушы жаңа үдеріске негіз болды.

Өз тәжірибемізге келсек, Қазақ ұлттық аграрлық университеті мемлекеттік саяси ұстанымдарына сүйене отырып, Елбасы анықтап берген нақты стратегиялық бағыттармен жұмыс істеп келеді. Отандық аграрлық білім мен ғылымның қара шаңырағы, ауыл шаруашылығының ең басты ғылыми даму тарихының негізін салушы, ұлтымыздың аграрлық сала мамандарының ұстаханасы саналатын университетіміз негізінен ауыл экономикасын көтеруге қызмет ететін 41 мамандықтар бойынша білікті кадрлар даярлайды.

Біздің мақсатымыз – ауылдан келген жастарға тиісті білім беріп қана қоймай, олардың ел мен жердің қасиетін бағалайтын, туған топырақтың қадірін біліп, ауылын қадірлейтін және сол ауылдың зиялысына айналатын тұлға ретінде қалыптастыру. Бұл істің ел іргесінің тірегін нығайту үшін жасалып келе жатқан қадам екеніне айырықша назар аударудамыз. Мемлекеттің, ұлттың болашағы мен тірегі болатын білімді жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі Елбасы назарында болуы көп жағдайды аңғартады. Елбасының қолдауымен 2009 жылдан бастау алған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы Қазақ елінің күретамыры болған ауыл үшін де, жастар үшін де тарихи ұсыныс болғаны анық.

Осы жоба аясында 30 мыңнан астам жас мамандар ауылды жерде өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Олардың қатарында біздің университет түлектері де кездеседі. Студент жастарға оқуын бітірген соң, дипломын ала сала бұрынғыдай қаладағы ұйым, мекемелерге жүгіре жөнелудің реті жоқ. Тіпті солай бола қалған күннің өзінде де жастарға қалада тұрақтап қалу немесе тұрғын үй мәселесін шешу оңайға соқпайды. Ал ауылдық аймақтар білімі жоғары, көзқарасы кең, білікті мамандарға зәру. Бұл әсіресе, білім мен ауылшаруашылығы саласына көбірек қатысты.

Ендігі кезекте білікті аграрлық мамандардың, іскер фермерлердің, озық технологияны игерген жастардың ауылға тартылуын мемлекет көмегімен оңтайландыра түсу керек. Мамандар тапшылығын көріп отырған ауылдарға еліміздің жоғарғы оқу орындарында білім алған жастар барып қызмет етіп, орнығатын болса ел еңсесі бұдан да көтеріле түсетіні сөзсіз. Ауылға барған жас маман тек кадр мәселесінің шешілуіне ғана ықпал етіп қоймай, ондағы өзге де салаларға серпін береді. Қашанда жаңалыққа жаны құмар жастардың өзі қызмет еткен салада да жаңа тың серпілістер жасайтынына сенім мол. Бұдан жастар қызметке келген ұйым, мекемелердегі жұмыс сапасы да арта түсетіні анық. Жастардың ауылға деген көзқарасын өзгерту шараларын батыл іске асырсақ, мәні зор үлкен іс болмақ. Жастарды осы бағытта тәрбиелеуіміз қоғам үшін кезек күттірмейтін ауадай аса қажетті шаруа.

Ауылда мемлекет жүргізіп отырған аграрлық сала, кәсіпкерлікті дамыту, білім беру салаларындағы реформалардың жемісін көруге болады. Осыған орай жоғары білім алған көзқарасы кең, көзі ашық азаматтар ауылға барса, ондағы демократиялық құндылықтардың қалыптасуына біршама ықпал ететін болады. Осы орайда ауылдың да технологиялық жүйедегі өндірісті қалыптастыру дүниесін игере алатынына көз жеткізудеміз. Экономикалық әртараптандыру мәселесі де ауылға жат дүние болып есептелмейді.

Біз маңызы зор ауыл мәселесін тектен-текке тілге тиек етіп отырған жоқпыз. Бұл Қазакстанның барлық облыстарына тікелей қатысты. Сондықтан ауыл жастарының ҚазҰАЗУ білім алуға деген талаптарын қуана құптаймыз. Оларға бар мүмкіндіктер мен жағдайларды жасап, ертеңгі болашақтарына жарқын жол ашамыз.

 

П.Ж.Жүнісбеков,

ҚазҰАЗУ, И.В.Сахаров атындағы

Машина пайдалану кафедрасының 

профессоры, академик

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.