Ұстаз, ғалым, қайраткер

0
148

Қазақтан сөз қалған ба… Ащы менен тұщыны татқан білер, алыс пенен жақынды жортқан білер деп, көзі мен көңілі жетер нәрсенің қай-қайсысының да нарқы мен парқын айырып отырғанды жөн көретін қаймана жұрт жақсы мен жаман, таршылық пен кеңшілік, баршылық пен жоқшылық сынды керағар құбылыстардың бәсін салғастыру, шендестіру арқылы безбенге салған фәлсафашы да бір жағынан. Тіл біліміне сүйенсек, бұлардың бәрі антоним атаулының төңірегіне топтасатын, «қайта айналып келмейтін» пенде тірлігінің бүкіл қызығы мен шыжығын тұл бойына жиып, бұрынғының қабасақал классиктерінше толғасақ қарама-қайшылықтар бірлігінен туындайтынын бәріміз мойындап, мақұлдаймыз ғой. Салмағын бұлдайтын батпан мен мысқал таразыға тартылар, алайда «адам аласы ішінде» деген, арзан мен маржанның, жақсы мен жаманның бағасын берер критерий мен кредо, өзімізше айтсақ, өлшем қандай?

«Кәміл инсан» ілімін түйіндей отырып, ұлы Абай адам болуға ұмтылған ұрпағына «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деп өсиет қалдырды ғой. Мұны «толық адам» өлшемі десек те болар. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ–бес дұшпаның білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой–бес асыл сөз көнсеңіз». Бұл қағидалар, тіршілігінде басқаны былай қойғанда бет қызаратын оғаш қылық қылмай, соңына қалжуыр байламаған азаматтардың Темірқазығы ғой. Ат жалын тартып мінген азамат ретінде елі мен жері алдындағы есебін түгендеген кім-кім де өзін Абай атамыз айтқан адамшылық айнасынан көруге ұмтылар. Кірпияз рухқа қылау түсірмей жеткен абырой биігінен өз ғұмырнамасына көз тастар…

Әр нәрсенің шынайы бағасы салыстыру арқылы білінеді, дедік қой жоғарыда. Бұл орайда данышпан Абай «жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жақсы болад-тағы» деп, майдан қыл суырғандай мәселенің мәнісін ашып береді. Ділмар қазақ «жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай бір қоймас тегіне» деп, көн қатса қалыбына келетінін алға тартқан. Бұл тәмсіл өмір сапарының кезекті белесіне адами қадір-қасиетімен көтерілген замандастарымызға тікелей қатысты.

Әркім-өз дәуірінің перзенті. Осы мақаланы жазар алдында әріптесім, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты, қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз Қоңыр |Мұқатайқызы Мұқатаеваның өмір жолына тағы бір үңіліп шықтым. Ұстаз. Білім нұрын шашушы, ізгілік нұрын себуші. Осы орайда ұстаздық ету, шәкірт тәрбиелеу жөнінде тағы ұлы Абайдың қаламынан туған «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық қылған жалықпас, Үйретуден балаға» деген мәңгілік жолдар ойға оралады. Қазіргі қоғамымызда мұғалім еңбегіне, жоғары және орта мектеп оқытушысының образына деген деген қилы көзқарас, түрлі пікір орын алып отырғанда, Ұстаз деген бас әріппен жазылатын ардақты атқа, абыройлы атауға лайық тұлғалардың арамызда жүргеніне шүкіршілік етеміз.

«Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деген Абай кредосы қай кезде өз күшінде. Тіршілік тауқыметі етектен тартып, жағадан алып жатқан алмағайып заманымызда көбіміз ұстаздықты етікшілік пен аспаздыққа барабар кәсіп деп ұғынуға бейімбіз. Ал, Ұлт көсемі Ахаң, Ахмет Байтұрсыновтың бағамдауынша Ұстаз-адамдық диқаншысы. «Адамдық диқаншысы қырға шықтым, Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым. Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім…» деп толғанған Ахаң өнегесі «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған» талапты жастарды елге, Алаш идеясына қызмет етуге үндеді.

Ал, кезінде ұлы Ыбырай бата берген «үміт еткен достары»-жас ұрпақ тәрбиешілерінің бүгінгі тірлігі қандай? «Егемен Қазақстан» газетінде өткен жылғы ақпанның 7-ші жұлдызында «Арзан атаққа алданған «ағартушылар» атты проблемалық мақала жарияланып, онда былай делінді: «Жуырда «Ұлт ұстазы» атағын бес мың теңгеге сатып алған мұғалімдердің сертификаттары ғаламтор бетін шарлап кетті. Абай атамыздың «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?!» дегеніндей, қазір ғаламтор бетінен ақылы конкурстар мен ақылы атақтар туралы жарнамаларды кезіктіруге болады. Ақшаң болса арзан атақты сатып алып, шартарапқа шекеңнен қарай бер». Көп ұзамай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев диплом сатумен айналысатын жоғары оқу орындарын жабу туралы Жарлық шығарып, ол іске аса бастады.

Ардақты ағайын, «балақтан басқа өрлегендердің» білімді саудаға салып жиған байлығы бүгінгі күннің ащы ақиқатына айналып отырғанда «біз білім сатып мал іздемек емеспіз» деген Абай, Ыбырай, Ахмет өнегелері қоғамдық сұраныстан айырыла бастағандай көрінеді. Бұл пікір бір пәсте шындықтан шығандамағанымен, осынау түйткілдің ел талқысына түсіп, оның түп тамырын жою жөніндегі қам-қарекеттің қолға алына бастауы көңіл түпкіріндегі үміт отын тұтандыратынын тілге тиек етелік. Сондай-ақ саналы ғұмырын білім іздеуге арнап, инемен құдық қазғандай тірлік кешіп келе жатқан сәулелі жандар шоғырының молдығы сенімімізді беркіте түскендей.

Жоғарыда айтқанымыздай, сол бір шоғырдың алдыңғы сапында келе жатқан ұлағатты ұстаз Қоңыр Мұқатайқызының қоғамдық сана көшбасшысы ретіндегі сан салалы қызметі арнайы сөз етуді қажет етеді. Арқа төсінде, Қарағанды облысының Шет ауданында өмірге келген ол жиырмасыншы ғасырдағы қазақ мемлекетінің тұңғыш президенті Әлихан Бөкейхановтың «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген антын бала кезінен құлағына құйып өсті. Ленинге Қазақ автономиясының шекарасын мойындатқан Алаш қайраткері, халқымыздың тұңғыш математика профессоры Әлімхан Ермековтің ғажайып эрудициясы, тастүйін ерік-жігері жайлы сол Əлекеңнің «Пай-пай, мына орыстан да біздің Əлімханмен екі сағат сөйлесуге жараған ұл туған екен» деп қуанған лебізін көбімізден бұрын естіп-білді.

Бергісі қаз дауысты Қазыбек атасының, арғысы Жанақ ақын жырға қосқан, Иран энциклопедиясының жазуынша Үгедей ханның бас бітікшісі (ғұламасы) (bitikčīān) болған түп бабасының аруағы қолдап, 1968 жылы Ақжал мектебін үздік тәмамдағаннан кейін С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түседі, оны 1974 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп шығады. Еңбек жолын Қазақ КСР Мемлекеттік кітап палатасында библиографтан бастап, редактор, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады. Жас маманға бағыт нұсқап, жол көрсеткен

Римма Төрегелдиева, Баскен Шамұратова апайларының, Палата директорлары Ермекқали Нығметов, Қабдікәрім Ыдырысов, Тахауй Ахтанов, Әбілмәжін Жұмабаев, Софы Сматаев ағайларының, әріптес інісі, өмірден ерте өткен Серік Сейдумановтың есімдерін ілтипатпен еске алады. Білімі мен білігін жарқырата көрсете білген Қоңыр Мұқатайқызы 1998 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директорының орынбасары болып тағайындалып, ұзақ жыл жемісті еңбек етті.

Қоңыр Мұқатайқызы елімізде баспа ісінің дамуына, ұлттық библиография саласының өркендеуіне үлкен үлес қосып, мемлекеттік ақпарат саясатын жүзеге асыруға бір кісідей атсалысты. Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы шығаратын «Кітап шежіресі», «Журнал мақалаларының шежіресі», «Газет мақалаларының шежіресі», «Қазақстан Республикасы Баспасөзінің статистикасы», «Диссертация авторефераттарының шежіресі», «Қазақстан Республикасының кітап жылнамасы», «Казахстаника» сияқты библиографиялық көрсеткіштерді жариялауға басшылық жасады. Сондай-ақ ақпарат, кітапханатану және баспа ісі саласындағы стандарт бойынша «Кітаптарды халықаралық стандарттық номерлеу. Құрылымы, құрамы, жазылуы» деп аталатын ҚР СТ 994-96 ұлттық стандартын дайындауға жетекшілік ете отырып, стандартқа жазылған ПР РК 50.1-23-96 Ереже-әдістемелік құралдың авторы болды. Республика кітап шығару саласы бойынша ISBN, музыкалық басылымдарға ISMN, мерзімді басылымдарды халықаралық тіркеу бойынша ISSN стандарттарын республика баспа өнімдері саласына енгізудің басы-қасында жүрді.

Ол сондай-ақ «әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шыққан «Басылымдардың шығарылым мағлұматтары: баспагерлер үшін әдістемелік нұсқау», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдарындағы баспасөзі 1991-2008», «Роль и необходимость применения международных стандартов ISO в издательском деле: Основные стандарты по издательскому делу» кітаптарының авторы.

Қызмет өрісі білім бұлағы-кітап тарихына, библиографиялық әдебиет төңірегінде болғандықтан, ұзақ жылдар бойы тірнектеп жинаған деректерінің басын құрап, оларды тың ойлармен, идеялармен толықтырып, 2007 жылы Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жанындағы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңестің мәжілісінде Қоңыр Мұқатайқызы академик Сейіт Қасқабасовтың жетекшілігімен «Ы.Т.Дүйсенбаевтың ғылыми мұрасы» атты кандидаттық диссертация қорғады.

Ғылыми еңбек кейіпкері, әдебиеттану мен фольклортану ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті-әдебиеттанушы ғалым, Қазақстан ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор Ысқақ Тәкімұлы Дүйсенбаев өзінің бүкіл саналы өмірін туған әдебиетіміздің тарихын зерттеуге арнап, оның ғасырлар бойғы даму, қалыптасу, кемелдену кезеңдерін зерделеуге айтарлықтай үлес қосты. Ауыз әдебиетінің және жазба әдебиеттің тарихын қағазға түсірген Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Сәкен Сейфуллин сынды Алаш ардақтыларының, бұл бағытты әлемдік деңгейде дамытқан Мұхтар Әуезовтің,

Сәбит Мұқановтың, Қажым Жұмалиевтің, Бейсенбай Кенжебаевтың, Темірғали Нұртазиннің, Мұхамеджан Қаратаевтың, Мүсілім Базарбаевтың даңқты жолын жалғастырды.

Ғылыми жұмысқа баға берген көрнекті әдебиеттанушы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық иегері, энциклопедиялық мол білімді Жұмағали Ысмағұлов қазақ әдебиеттану ғылымындағы өзекті тақырыпқа арналған еңбекке «Қазақ фольклоры мен әдебиет тарихын зерттеу ісіне үлкен үлес қосқан көрнекті әдебиеттанушы ғалым Ысқақ Тәкімұлы Дүйсенбаевтың ғылыми мұрасын жеке тақырып етіп алып зерттеудің маңызы зор. Себебі ғалымның фольклортанушылық, әдебиеттанушылық еңбектеріне терең үңіліп, қазақтың ғашықтық жырларын, әсіресе «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» эпосының XVIII-XX ғасырлардағы қазақ әдебиеті мәселелері мен жеке ақындарды зерттеудегі ғылыми ізденістері мен жаңалықтарын сараптау қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымы үшін көп пайда келтіреді. Мұның өзі осы жұмыстың өзектілігін, ғалым мұрасының кейінгі жас ұрпаққа да қызмет ете беретін ғибратын байқатады» деп жоғары баға берді. (Осы орайда университетіміздің «Өнегелі өмір» сериясымен Жұмекеңнің 90 жылдығына орай арнайы басылым жарық көргенін оқырман жадына сала кетейік). Ал белгілі ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Айгүл Ісімақова «Қ.Мұқатаева Ы.Т.Дүйсенбаевтың казақ текстологиясын қалыптастыру ісіндегі өлшеусіз еңбегін ғалымның «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры мен Абай, Сұлтанмахмұт шығармаларын текстологиялық тұрғыда зерттеген ұлан-ғайыр жұмысына айырықша тоқталады да, нақты талдаулар негізінде Ы.Т. Дүйсенбаевтың текстолог-ғалым ретіндегі үлкен бір қырын танытады» деп, диссертацияның ғылыми құндылығын атап көрсетті.

Ал, фольклортанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Сәрсенбі Дәуітов «Ы.Дүйсенбаевтың қазақ әдебиеті мен фольклоры тарихына орай ғылыми еңбектерін жүйелеп, саралап, талдауы негізінде қазақ филологиясына қосқан үлесі, ғылыми ұстанымдары мен көзқарасын, бүгінгі таңдағы әдебиеттану үшін маңызын анықтауда Қ.Мұқатаева саралай білген. Әдебиет тарихы туралы еңбектерін кеңес дәуірінің шындығымен және сол тұрғыдағы шығармашылық ортамен байланысын қарастырған, осыған орай әдебиет тарихын дәуірлерге бөлу принциптерінің себеп-салдарын айқындаудағы еңбектеріне талдау жасап, толық мағлұмат берген. Ғалымның текстологиялық ізденістерін қазіргі ғылым биігінен айшықтап көрсеткен» деп, жұмысқа жоғары баға берді.

Қоңыр Мұқатайқызының ғылым қайраткеріне арналған «Профессор Ысқақ Дүйсенбаев» атты монографиясы «Санат» баспасынан жарық көрді. Қ.Мұқатаева сондай-ақ «Қазақ әдебиеттану ғылымы тарихының» бірінші томының «Ысқақ Дүйсенбаев» атты тарауын жазды, «Ысқақ Тәкімұлы Дүйсенбаев» атты биобилиографиялық көрсеткіш шығарды.

Зерделі ғалым 2011 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұстаздықпен етуде. Журналистика факультетінің баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының доценті ретінде жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, саналы толқынды тәрбиелеуге үлкен үлес қосуда. Баспа ісін халықаралық деңгейде насихаттауда Халықаралық Мәскеу (МКВЯ), Абу-Даби,

Франкфурт Халықаралық көрме-жәрмеңкелеріне қатысқан, Қазақстан баспагерлері мен кітаптаратушылары Ассоциациясы атқарушы директоры қызметін атқарған көп жылдық ізденістерінің негізінде «Қазақ университеті» баспасынан 2012 жылы «Баспа ісіндегі стандарттар» атты оқу құралы, 2018 жылы «Отандық және шетелдік баспа ісі» атты оқу құралы жарық көрді.

Белгілі баспагер, библиограф-ғалым, редактор, ұлағатты ұстаз Қоңыр Мұқатайқызының елге сіңірген лайықты бағаланды. Баспасөз саласындағы көп жылғы еңбегі үшін және мемлекетіміздің рухани-мәдени кемелденуіне қосқан үлесі ескеріліп, Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2010 жылы Қазақстанның тұңғыш баспасының 90 жылдығына орай және баспа ісі саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Байланыс және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасын иеленді. Оған республика баспа, кітап ісін дамытуда, кітап саласының ұлттық библиографиясының дамуына қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасы Баспа және полиграфия ісінің қайраткері» атағы берілді, Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен наградталды. 2012 жылы Қоңыр Мұқатайқызына «Кітап мәртебесін арттыруға қосқан зор үлесі үшін» медалі беріліп, 2013 жылы Халықаралық кітап ісін дамытуға қосқан үлесі үшін «Иван Федоров» алтын медалі және дипломы табыс етілді. Сол жылы «Европейская Научно-Промышленная Палата» ұйымының шешімімен «Мәдениет саласындағы өнегелі кәсіби қызметі және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі, сонымен қатар халықтар арасындағы достық пен ынтымастықты арттыруға сіңірген еңбегі» үшін «Диплом Качества и Европейская Золотая Медаль» құрметті атағымен марапатталды. Қоғам қайраткеріне 2019 жылы «Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі» құрметті атағы берілді.

Қоңыр Мұқайтқызы үш бала тәрбиелеп, өсірген өнегелі жанұя иесі. Жолдасы Қалменбай Әбдірахманұлы Сармантаев Харьков ауыл шаруашылық институтын бітірген, экономика ғылымының кандидаты.

Журналистика факультетінің баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы библиограф-ғалым, баспагер-редактор, доцент Қоңыр Мұқатайқызы Мұқатаеваның 70 жасқа толуына арнап «Баспа, полиграфия және web-технологиялар жүйесін оқыту-зерттеу мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция ұйымдастырып, сондай-ақ конференция аясында жинақ әзірлеп отыр.

Қайраткерлік қызметін, ғылыми ізденістерін зерттеушілік жұмыспен ұтымды ұштастырған ұлағатты ұстаз бүгінде толысу, кемелдену кезеңіне аяқ басты. Оның әлі де бергенінен берері көп. Жастардың қамқор ақылшысы, мейірбан ана, сенімді әріптес Қоңыр Мұқатайқызына жемісті ғұмыр, зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін.

 

Жетпісбай Бекболатұлы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.