Бауыржан, «Аспаннан түс», сен жерге керексің!

0
180

Айына 150 өлең жазатын ақын

 

Кейде поэзия оқығың келеді. Ондайда әдеби порталдарды, сайттарды, «гугол көкені» қотарамын. Іздеген жетер мұратқа. Әрине табамын. Бәзбір ақындар жаныңды жадыратады, жүрегіңе сәуле түсіреді.  Енді біреулері ақын деген атқа сай емес, көңіліңді құм етеді. Жазғанына түсінбейсің, ойына бойламайсың! Әйтеуір бір терең шыңырау жатқан. Жасырып керегі не, құласаң нардан құлағың келіп көп жағдайда мықтыларды іздейсің. Ондағы ойың жанға дәру жыр оқу.  Бірақ үмітің ақталмайды көп ретте…

Иә, бізде ақын көп. Өте көп… Бұл жолы атағынан ат үркетін, алмаған сыйлығы жоқ ақын Бауыржан Қарағызұлына жолықтым. Өзіне емес әрине. Өлеңіне. Өлеңіне емес, өлеңінің тақырыбына. Ойламаған жерден. Әдейі іздесем бұлай жолықпаспын. Интернетті қотарып жатып көзіме ілікті. Әдеби порталда тұр. Тақырыбы бірден елең еткізді. «Жер – ұшпақ дәнегі». Оқығым келіп кетті.

Сабазың біраз жырды ұрып тастағанға ұқсайды. Не деген шабыт десеңізші! Өлең кітаптары да көп-көрім шамасы.  Енді ақын адам өлең жазбай отыра ала ма, түсінуге болады ғой. Баяғыда астаналық марқұм бір ақын атамыз: «Күніне бес өлең жазбасам ұйықтап алмаймын» дегенде жас болсам да шошып кеткенім бар.  (Өлеңмен ауырып жүрген кез ғой).

Кейін өлең кітабын тауып алып оқысам, тек ұйқасқа ғана құрылған,  поэзиядан «садаға кеткір» кітап екен. «Жоспарды орындау үшін» (Күніне бес өлең) атамыз нені жазбады дейсіз. Көзге көрінгеннің бәрі жырға айналып кете беріпті. Бұрыштағы сүңгі,  ашық қалған әжетхана, үйдегі семіз мысық, жыртылған дастархан,  желінген еттің сүйегі, айтпақшы кемпірінің үйде жалаң аяқ жүруі т.б. айта берсем жетеді.  Күлмеңіз, рас айтам. Алдына «күніне бес өлең жазам» деп мақсат қойған ақын, сол жолда аянбаған. Өлермендікпен жұмыс істеген. Енді есептей беріңіз, бір күнде бес өлең! Оны отыз күнге көбейтіңіз. Жүз елу жыр! Шағын бір кітап. Кәдімгі фабрика… Обалы қане,  өлең техникасы керемет енді.  Ұйқастары шып-шымыр. Әттең дегізетіні, өлеңі  көркемдіктен жұрдай… қияли адамның қилы кезеңі…

Бірді айтып, бірге кете бердім-ау, мен жолықтырған Бауыржан ақынның «Әдебиет» порталындағы (17.10.2020) жаңа топтамасы «Жер – ұшпақ дәнегі» деп аталыпты. Қызық тақырып. «Жер» ол бәрімізге түсінікті.  Ұшпақ деген сөзде таңсық емес. «Ұшпаққа шығарса көрерміз» деп жатамыз кейде. «Дәнек» те түсінікті. «Даналық дәнегі» немесе «Асқабақ дәнегі». Алайда осы үш сөйлем біріккенде «жер байғұсты ұшпақтың дәнегіне» айналдырып жібергені қызық.  Жә, өлеңге оралайық.

Карантин. бесінші күн.

«Таңғы эфирден құлаған дауыстар,

үйдегі кілемнің үстіне шашылды,

көңілім су сепкендей басылды.

Балама қараймын, естіген жоқ.

Далаға шықпаңыз, қымбаттым».

Тоқтаңыз Бауыржан мырза,  «Таңғы эфирден құлаған дауыстар» үйдегі кілемнің үстіне  қалай «шашылады»? Эфирден құлаған бетте «дауыстар» кілемнің үстіне «шашылса» тас емес, моншақ болғаны ғой. Біз «тас» шығар деп ойладық құлаған. Егер шынымен «құлаған дауыс» тас болса, ол шашырамайды, уатылады емес пе.  Онда «Таңғы эфирден «құлаған» емес, шашылған моншақ дауыстар» десеңіз шындыққа бір табан жақындар едіңіз. Алайда бұл да жүрекке қонымды жыр жолы дей алмаймыз.

Сосын неге «көңіліңіз су сепкендей басылады». Себебін айтсаңыз екен? «Эфирден құлаған дауыстардың», «үйдегі кілемнің үстіне шашылғаны» ұнамады ма? Меніңше бұл көңілге кірбің түсіретін нәрсе емес. Ондайға көңіл аудармасаңыз екен!

«Балама қараймын, естіген жоқ» дейсіз. Ол да естуі керек «құлаған дауысты» немесе «кілемге шашылғандарды». Негізі тарсыл мен гүрсілді бала психологиясы бірден аңғарады ғой…

Соңғы шумақта  «Далаға шықпаңыз, қымбаттым» деп тұрсыз? Кімге айтып тұрсыз, балаңызға ма? «Ол құлаған дауысты» естімесе, сіздің ескертпеңізге құлақ аса қоюы екіталай ғой. Сөз шығындап қайтесіз бекерге. Әлде жұбайыңызға айтып жатсыз ба? Өкінішке орай оны көре алмай тұрмыз ол маңайдан.

Ары қарай кеттік.

«Кілемге су сепші, сыпыртқы қайда?»

Балалық шағымнан апамның дауысы талықсып естілді.  

Уақыт бір сәтте ауысты,

мөлт еткен мұңыммен қауышты.

Түсіне салыңыз, қымбаттым. (Қымбаттыңыз нені түсінуі керек еді? Сіздің өзіңіз дұрыс түсінбей жатсыз ғой не айтып жатқаныңызды?  Неге жұмбақтай бересіз?  Неге секіре бересіз ойды аяқсыз қалдырып? «Апаңыздың талықсып жеткен дауысына» неге жауап бермейсіз тым құрыса?).

«Уақыт бір сәтте ауысты,

мөлт еткен мұңыммен қауышты» деп қайыра салғаныңызға қайранмын.

Ақын өлеңге нүктені былай қояды:

Біз қанша гүлдердің обалын көтердік?

Тек қана қиянат жоспары өтелді.

Қиянат тозаңы әлемді шарлап жүр,

интернет түнімен жөтелді.

Бетперде тағыңыз, қымбаттым.

Енді талдап көрейік:

Біз қанша гүлдердің обалын көтердік? Бұл жерде ақын  не айтқысы келді екен, ә? Жоғарыдағы «құлаған дауыстардан» кейін «обал-сауапты» термелеу не үшін керек болды?!

Әлде… Қыздарға деп қырдан жұлған қыршын гүлдер есіне түсті ме, жоқ әлде, құшақ-құшақ букеттердің «тағдырына» алаңдап отыр ма?

Ал мына жолға не дейсіз?

«Тек қана қиянат жоспары өтелді». (Бұл не сөз?! «Қиянат жоспары» да болады екен ғой. Естімеген елде көп деген рас-ау).

Одан кейін ақын былайша толғайды: «Қиянат тозаңы әлемді шарлап жүр». Тағы да қиянат. Негізі, «Капиталдың» авторы Карл Маркс деген данышпанның: «Европаны бір елес кезіп жүр. Ол – коммунизм елесі» дегенін ақын оқыған. Сосын  «Қиянат тозаңы әлемді шарлап жүргенін» сеніммен айтып отыр. Келіспеске шара жоқ.

 

Жөтелген интернет, тұншыққан тіл, еріншек күн

 

Ал енді  өлеңнің мына жолына «таңданбай» көр: «интернет түнімен жөтелді». Интернеттің «жөтелгеніне» қарағанда  індет жұқтырып алған секілді ме, қалай?  Олай деп жатқаным, «жөтеліп» жатыр ғой, байғұс «қиналып!».

Бұл короновирус зәнтәлақ,  демек,  адамға ғана емес, интернетке  де өш болғаны ма? Елдің есінде жүрсін деп ескертіп жатқаным ғой. Беті аулақ. Әлде «кеудесінде» бұрыннан кінәраты бар интернет пе?». Оны ақыннан басқа ешкім білмейді. Соңғы жол: «Бетперде тағыңыз, қымбаттым».  Осы «қымбаттым» сөзі кімге айтылғанын ақын ақыры ашып айтпай кетті:  Қиялындағы сұлуға ма, әлде үйдегі келінге ме? Осы жоғарыдағы үш шумақ өлеңнен Сіз не түсіндіңіз, қадірлі  оқырман?

Келесі жыр: «Қайырлы таң!»

Бүгін дөңбекшіп шықты

ұйықтай алмады түнім.

Әне, шығыстан ерініп,

әрең дегенде Күн шықты.

Менің мемлекеттік тілім

тап-таза ауада тұншықты.

Өзіне де сол керек!

Good morning!

Енді талдап көрелік: «Бүгін дөңбекшіп шықты ұйықтай алмады түнім.  (Бұл жерде ақын өзін емес «түнді» айтып жатыр «Ұйықтай алмады деп». Бұлай жазу поэзияда бар үрдіс. Абстрактілі ұғым ғой. Сіз ақынның өзі екен деп қалмаңыз). «Әне, шығыстан ерініп, әрең дегенде Күн шықты». Шынын айту керек, көз алдыңызға үйінен  жұмысқа әрең келе жатқан еріншек адам елестейді. Сурет қой. Алайда бұл  Бауыржанға дейін де талай айтылған  теңеу. Тұманбай ақында «… күндегіден жай тіпті, әрең-әрең бұлт астынан ай шықты» деген жолдар бар. Айырмашылық біреуінде «Күн», екіншісінде «Ай» шығып тұр.  Хронология тұрғысынан Молдағалиев алда.

Қызық осы арада басталады:

«Менің мемлекеттік тілім

тап-таза ауада тұншықты.

Өзіне де сол керек!.

Good morning!».

«Өз ана тілімізді осыншама тұқырту кімге керек? Тілдің жазығы не?» дейтіндерге не айтарымды білмей отырмын. Бар айтарым, ақын мемлекеттік тілді «тап-таза ауада» «тұншықтырады». Не үшін?  Тұншықтыруға не себеп? Қылмыскер ме? Сосын тілді неге «тар қапаста»,  «зындан да» болмаса «бір қуыста» ұстап алып тұншықтармайды?  Неге осы ақынның өлеңі жұмбаққа толы? Астарлап не айтқысы келеді?

Күн «ерініп»  шығыстан «әрең» шығып келе жатса, неге ақын «мемлекеттік тілді» «таза ауада» «тұншықтырды?». Неге таңертең? Неге түсте болмаса кешке емес?  Астар іздеп көріп едік, біреуі де қабыспады. «Ұйықтай алмаған түн»,  «Әрең шыққан күн»,  «Тұншыққан тіл» арасында бір байланыс жоқ.

Егер батып бара жатқан күнге «жыр арнап», соңында тілді «таза ауада тұншықтырса» түсінуге тырысар едім. «Батқан күн секілді, тілім, сенде  батып бара жатырсың» дегенді ишарамен айтып жатыр ғой ақын деп.

Мұнда «таң атып келе жатыр»,  демек, «тілім сенің де таңың атады» десе жарасар еді ғой…

Жаныма тағы бір батқаны, шенеуніктердің көпшілігі пысқырмайтын сорлы тілді  жанашыр ақыны, сол тілде жазып жүрген ақыны, сол тілде нәпәқа тауып жеп жүрген ақыны «Өзіне де сол керек» деп тұқыртатыны түсініксіз?

«…Тас жүректі тіліммен тілімдедім. Кей кезде дүниеден түңілсем де, Қасиетті тілімнен түңілмедім» деген кеңес заманындағы Мұқағалидың қайсар рухы қайда кеткен?! Бүгінгі ақындар осыншама боркемік болар ма?

Айта кетер бір жайт, ақын Пушкин мен Лермонтовты көп оқыған тәрізді. Олардың қолжазбаларының жиектерінде французша сөздер жазылып, салған суреттері  тұратын еді ғой. Зерттеушілер бұл қос ақынның французшаға жетік болғандарын  жазады. Баукеңнің французшасын білмедім, ағылшыншасы тәуір ме деп қалдым.

Өйткені өлеңнің соңында:

«Менің мемлекеттік тілім

тап-таза ауада тұншықты.

Өзіне де сол керек!.

Good morning!»  – деп аяқтапты.

«Good morning!»-ті қазақшаға аударсақ   «қайырлы таң!» болып шығады.

Оу, арқалы ақын бауырым, «Мемлекеттік тіл таза ауада тұншығып» жатқанда, «таңымыз қайырлы» бола қояр ма екен? Қалай ойлайсың?

«Әке» мен «Ана» деген қадірлі атты арқалаған екі өлеңге талдау жасамаймын. Ақынның жаңашылдыққа деген ұмтылысына қанша разы болсам да, «эксперименттің» сәтсіз шыққанына сенімдімін. Мұның бағасын жыр сүйер қауым өзі берсін!

«Сенің өміріңдегі,

Сенің осы түкке тұрмайтын өміріңдегі,

ең шынайы Адам.

Құдай оған сені берді.

 

Алыстан жүрегіңе үнсіз қарап отыр.

Сезбейсің.

Сезбегенсің.

Кейін, өзгересің.

 

Оның қадірі жоқ.

Қадірін кеш білесің, сезінемін.

Өйткені, Ол – өзің едің».

 

Ана

 

Әлі дүниеге келмеген Сөз.

Жаралмаған Ой.

Шөлдеген сағыныштың тілі.

Үні махаббаттың. Өлімнің гүлі.

Менің жүрегіме сотталған қарыз.

Мәңгілікке сотталған.

Сенің, де…

 

Омырауынан тараған нұр –

ақиқатқа айналған аңыз

шексіз ақпарат керуенінде билейді.

Мейірім – шексіз қатал.

Қаталдық – шексіз жылауық.

Қып-қызыл тамұққа күймейді.

Лайықсыз аппақ Ұшпақ.

Біздің арамыз

сондай жақын болса да алыс,

алыс болса да сондай жақын.

Сүттің дәмі жұлынымда шексіз ұшады,

Иісі шексіз құшады өмірімді.

Мен де – шексіз!

 

Сен неге өзгердің, бауырым!

 

«Балкондағы біреу» өлеңіне тағы бір үңіліп көрмекпін. Осымен сөзім тәмәм.

Түн қандай тып-тыныш,

жаның бір рахат күй кешкен.

Үйлескен бәрі өзінше.

«Адам өзін ғана өзі түсінген»,

деп, күрсініп алып:

«Эмоция деген не?» деймін ішімнен.

Мүмкін ойың ба, ойыңды бүлдірген?

Кім сені жылатқан? Кім мені күлдірген?

Күн сайын таңертең оянсам,

өзім емес сияқтымын…

Онда, өзім болмасам,

Кіммін мен?! Стоп!

Бауыржан мырза, ренжімеңіз, Сіздің дардай атыңызға мына өлең лайық емес. Бұл кәдімгі өзің айтқандай эмоциямен жазылған өлең. Қазақшалап айтсам, күшеніп жазылған өлең!  Күшенген жерде күшті өлең тумайды ешқашан.

«Эмоция» деген не деп өзіңе сұрақ қойып, оған жауап іздеген екенсің? Жауабын мен берейін. Эмоция  – осы өлеңің. Жылт етпе сезімге бой алдыру да эмоцияның бір түрі, бауырым.

«Күн сайын таңертең оянсам,

өзім емес сияқтымын…

Онда, өзім болмасам,

Кіммін мен?!» депсің ағыңнан жарылып. Оған да жауап бере кетейін. Сырт көз сыншы дейді ғой қазақ. Сен баяғыда поэзияға алғаш түрен салғанда азулы ақын едің. Өрнекті ой, салмақты сөз айтатынсың! Теңеулерің түбірлі, әр шумағың тұғырлы болатын. Қазақы қара өлеңнің күбісін пісетінсің. Өреге құрт жайғандай – өлеңдерің өрелі еді.  Өрмелеп шығып тоя жегеміз келетін. Өлеңдеріңді сүйсініп оқып қымыз ішкендей қызатынбыз, қазы-қарта жегендей бөгіп отыратынбыз. Қызығып та, қызғанып та оқитынбыз жазғандарыңды.  Қазақта бір сойқан ақын өсіп келеді деп халқың да қуанғаны анық. Шабысың да дара еді, қиялың да дана еді…

Кейіннен Сен өзгеріп кеттің. Ата – діннен безіп, салт-дәстүрден шошынған   уахабист секілді. Ұлттық танымнан, «Күпі киген қазақтың қара өлеңінен»  қалай алыстадың, солай өлеңіңнен әр кетті. Ойларыңнан сән кетті. Теңеуіңнен нәр кетті.

Содан бастап өлеңге өрнек салмадың… ермек деп қарадың…

Абай атаңның «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішіне, қулық сақтап» дегенін жадыңнан мүлде шығарып алдың. «Ой, өлеңі керемет» дегенге алданып, аспанға «ұштың», ғарышты барып «құштың».

Өзге планеталықтар түсінбесе, қазағың әзер түсінетін тақпақтар мен жаңылытпаштар жаза бастадың.

Қазақы түйсікпен айтсам үйірінен адасқан саяқ құсап кеттің,  астрономиялық терминге салсам,  «күнді айналған жер құсап» басқа әлемде жүрсің. Өлеңдеріңді оқыған сайын оны аңғару қиын емес.

Ей, ақын, бауырым, аспанға көтерілген ғарышкердің өзі белгілі бір мерзімде жерге оралады. Сенің де  қайтатын уақытың болды, «Аспаннан түс», сен жерге, елге  керексің! Жердің үстінде де жазатын нәрсе жеткілікті.

Айтпақшы, ақын бауырым, жерге оралмас бұрын мемлекет қазынасынан миллиондаған доллар бөлініп кейін жоғалып кеткен «KAZSAT» ғарыш аппаратын қарай саларсың. «Қайтқан малда қайыр бар» деуші еді ғой бабалар тәмсілі. Тауып жатсаң Тұмағаңның мақамына салып  «KAZSAT»-ты қондырып қанатына, «Протон» самғады ғаламына» деп әндетіп ораларсың.

 

Нағашыбай Қабылбек

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.