«Тәуелсіздік бастауы – Желтоқсан көтерілісі»

0
456

      15 жылдық мерейтойына орай «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігі мен “Qazaqstan dauiri” газетінің ұйымдастырған дөңгелек үстелі өтті.

Биыл Желтоқсан көтерілісіне 34 жыл. Көтеріліске қатысқан 18 және 25-тердегі сол кездегі жалынды жастар қазір алды 60-ты алқымдады. Жеген таяқ, аяусыз соққы, түрме сызынан пайда болған жарақаттардан, ауру-науқастардан мүгедек болып қалғандар қаншама?! Көтерілістің маңызы, мәні жөнінде көп айтылды, көп жазылды. Көтеріліс бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Әуелі құдай, содан кейін осы көтерілістің әсерінен тәуелсіздігімізді алдық. Көтеріліске қатысушылар әрине, аттан түскен жоқ. Олардың біршамасы мемлекет тарапынан ақталды. Ақталмағандары он мыңдап саналады. Бір өкініштісі көтерілісшілердің арасына сызат түсіп, соның нәтижесінде ондаған ұйымдар құрылды. Солардың бірі де бірегейі – «Желтоқсан көтерілісі». Оны халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековпен бірге өлім жазасына кесілген Мырзағұл Әбдіқұлов басқарады. Биыл осы қоғамдық бірлестік 15-ке толды. Қарашаның аяғында қоғамдық бірлестік  мерейтойын атап өтті. Алдымен бірлестік мүшелері Тәуелсіздік алаңындағы Желтоқсанға арналған ескерткішке барып гүл шоқтарын қойды, қайтыс болған қаһармандарға құран бағыштады. Содан соң «Тәуелсіздік бастауы – Желтоқсан көтерілісі» атты дөңгелек үстел өткізді. Ұйым мүшелері Марат Бөтеев пен Жаңабек Тойбазаровтар баяндама жасады. Дөңгелек үстелге қатысушылар ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа Ашық хат жолдады. «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшелеріне Алғыс хаттар берілді, марапаттар тапсырылды. Сондай-ақ ұйымның жаңа мүшелерін қабылдап, оларға куәліктер тапсырылды. Біз бүгін осы дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірлерін газетімізге жариялап отырмыз.

 

 

 

Ертай Айғалиұлы, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы:

Алматыда «Желтоқсан-86» кешені салынады

– Қадірлі достар, бауырлар! Желтоқсан көтерілісінің қаһармандары! Бүгінгі 15 жылдық мерейтойларыңыз құтты болсын! Көтерілістен кейін ондаған қоғамдық бірлестіктер дүниеге келді. «Желтоқсан көтерілісі» ұйымының басқаларға ұқсамайтын ерекшеліктері бар. Біріншісі сол даңқты да атышулы көтерілістің атын иемденуі. Екіншіден бұл ұйымды кезінде өлім жазасына кесілген Мырзағұл Әбдіқұловтың басқаруы. Қоғамдық бірлестік соңғы 2-3 жылдың көлемінде біраз елеулі істер, шаралар ұйымдастырды. Соның бірегейі бүгін сүйінші хабар алдық. Өткен жылы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа қоғамдық бірлестік Тараз қаласындағыдай «Желтоқсан-86» кешенін салуға ұсыныс хат жазды. Бүгін қоғамдық бірлестіктің төрағасы Мырзағұл ағамызды қала әкімінің орынбасары Нұржан Бабақұмаров шақырып алып, осындай кешен салынатыны жөнінде айтты. Бұл мен ойлаймын, бүкіл Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға, қазақ халқына арналған зор мәртебе. Біздің газетіміз ұйыммен бірлесіп, жұмыс істеп келеді. Яғни ақпараттық демеушіміз. Мәселен мемлкеттік тіл туралы, оның мүшкіл жағдайы жөнінде Ұлттық кітапханада дөңгелек үстел өткізіп, билікке Ашық хат жолдадық. Тағы бір зор мәселе қазақ жастарының қаны төгілген киелі Тәуелсіздік алаңының екі жағын жауып, Ашық аспан астында мұражай жасауға ҚР Президентіне, қала әкіміне хат жолдадық. Бірақ әзірге жауап жоқ. Сондай-ақ осы көтерілістің қандықол қарақшысы ретінде М.Горбачевты миллиондаған доллар өтемақы төлеуін талап етіп, БҰҰ-ға хат жазылды. Расында да көтеріліске қатысушылар арасында ынтымақ жоқ. Бұл дұрыс емес. «Желтоқсан көтерілісі» ұйымы осы қателікті түзетуге бар күшін салып отыр. Оны өзге ұйымдар да қолдайды деп сенеміз.

 

Мырзағұл Әбдіқұлов, «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Бақилық болғандардың отбасыларына қамқорлық қажет

Құрметті қатысушылар, бүгінгі дөңгелек үстелге қош келдіңіздер! Бірлестігімізге міне, 15 жыл толып отыр. Арамызда алыстан Көкшетау, Тараздан келген қонақтар отыр. Қадамдарына нұр жаусын! Осыдан 1 жыл бұрын біз мемлекеттік орындарға барып ұсыныс берген едік. «Бізге Тараз қаласындағыдай «Желтоқсан-86» кешені керек» деп. «Желтоқсан көтерілісі мүшелерінің арасында бақилық болып кеткендер бар. Артында жетім балалары, жесір әйелдері қалып отыр. Оларға көмек беру керек. Үкіметтің берген темір-терсегі қарнымыз ашса жем, ауырсақ ем болмайды. Сондықтан олардың материалдық жағдайын көтеру керек» дедік. Таяуда Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Бабақұмаровпен кездесіп, сіздердің берген өтініштеріңіз қабылданды деген жылы хабар естідік. Желтоқсандықтарға Түріксіб ауданынан 64 гектар, Алатау ауданынан 13 гектар жер бөлініпті. Сол жақтан «Желтоқсан» ықшамауданын және «Желтоқсан-86» кешенін ашу жоспары бар. Мен бір марапат, атақ алайын деп жүгіріп жүргенім жоқ. Аздап болса да сіздерге көмегім тисе, өзімді бақытты сезінер едім! Өсіріп отырған бала-шағаларыңыздың қызығын көре беріңіздер, ұжымымызда ынтымақ-бірлік болсын!

 

 

Қанды қырғында қайсарлық көрсеткен жастар мен қазақ халқының және олардың көзсіз ерлігі, қазақ елі отаршылдық қамытынан құтылу арман-мұраты орындалды ма? Жоқ! Керісінше, КСРОның қызыл империялық диктатуралық саясаты жалғасын тапты!

(Баяндамадан үзінді)

 

Исмаил Хаджимұратов, Жамбыл облысы «Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары:

Жамбылдықтар сіздермен біргеміз!

Біздер де біраз жұмыстар атқарып жатырмыз. Аптасына бір рет келісіп, желтоқсандықтарды тегін моншаға түсіреміз. Жағдайы жоқ, кембағал отбасыларға отын-көмірін әкеп, газбен жағатын үйлерге тегін газ кіргізуге көмектестік. Оншақты отбасыларға еріктілер азық-түлік себетін жеткізіп тұрады. Қоғамдық бірлестіктің төрағасы, желтоқсаншы Мұрат Бердалин Праймеризге қатысты. Депутаттыққа түсіп, 4 орын алды. Егер ол жеңіп жатса, бізге де жаман болмас еді. Осыдан бұрын Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметовке жолығып, Тараз қаласында «Желтоқсан-86» кешенін салу туралы ұсыныс айтқан едік. Қазір Президент баспасөз хатшысы болып отырған Берік Уәли де қолдап, жоба жүзеге асты. Жақында бірлестік тіркеуден өтіп, өзінің мөрін алды. Осы Алматыдағы «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігімен тығыз байланыста болып жұмыс істейміз. Менің ұсынысым – әр облыста филиалдар ашылып, республика көлемінде болу керек. Осы мәселе жалғасын тапса деймін. Мен сіздермен біргемін!

 

Думан Нүсіпақын, «Құндылық» қоғамдық қорының директоры:

Жастарға шынайы идеология жетіспейді

Иә, шын мәнінде жастарға идеология керек! Бірлік бар жерде тірлік бар. Ол үшін Желтоқсан көтерілісіне қатысқан көзі тірі сіздер сияқты жандармен бірігіп, ассоциация сияқты ұйым құрып, билік басындағыларға өтініш-тілектерді жеткізіп отырсақ деген ұсынысым бар. Біздің қор Алматы қаласындағы Желтоқсан көтерілісіне байланысты мемлекеттік тапсырыстарды орындаумен айналысады. Желтоқсаншылармен дөңгелек үстел, кездесу, спорттық, концерттік шаралар, түрлі бағдарламалар ұйымдастырады. Оқу орындарында студенттер, оқушылармен кездесулер болады. Жақында сондай карантинге байланысты онлайн кездесу болып, оқушылар мынадай тосын сұрақтар қойды: «Ағалар, әпкелер, сіздер алаңға шыққандарыңызға еш өкінбейсіздер ме? Өйткені оқудан, жұмыстан қуылдыңыздар, денсаулықтарыңыздан айырылдыңыздар. Қазіргі мынадай қиын-қыстау заманда еңбектеріңіз ескерілмей, еш кетті деп ойламайсыздар ма? Сонда кім үшін, не үшін шықтыңыздар?» Шынында да бұл ойланатын сұрақ. Біздіңше Желтоқсан батырларының ерлігін тарих та, халық та ұмытпауы тиіс.

 

 

 

Жәнібек Жетіруов, кинорежиссер:

Сіздердің есімдеріңіз алтын әріптермен жазылуы керек

1986 жылы КазГУ-ді бітіріп, жолдамамен Жамбыл облысының бір ауылында жұмыс істеп жүргенмін. Осы қырғын болатынын алдын ала Алла аян беріп, түсімде көрдім. Алматыға қарай жүрегім алып-ұшып барғым келді, бірақ мені өткізбеді. 90-жылдары Мәскеуде оқыдым, мамандығым бойынша. Желтоқсан – жүрегіме жақын тақырып. Біраз деректі фильмдер түсірдім. 2006-2007 жылдары біраз көрсетіп жүрді де, бізді Астанаға (сол кездегі) шақырып, кейін 1 сағат 20 минуттық фильмнің 20 минутын кесіп тастады. Содан қысқартып-қысқартып, 56-ақ минутқа түсті. Ешкім шақырмайды, ешқайда көрсетпейді, көп кедергілер кездесті. «Хабар» телеарнасының өзі Тәуелсіздік мерекесінде кешкі 5-те тез-тез асығыс көрсете салды. Ешкім білмей де қалды. Мен желтоқсандықтардың көбін танимын, араласамын. Кездесулерге барғанда фильмдерімді көрсетем. Таяуда Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттерімен онлайн сабақ өтті. Орыс, кәріс, ұйғыр, неміс, т.б. әртүрлі ұлт өкілдерінің студенттері бар. Олар интернеттен алынған мәліметтер бойынша құрғақ баяндамалар жасап жатыр. Біз Желтоқсан көтерілісі, ондағы қаһарман ұл-қыздарымыздың ерліктері жайлы баяндап беріп едік, студенттер: «Сіздердің есімдеріңіз тарихта алтын әріппен жазылуы керек қой!» деп таң-тамаша болды. Халықтың есінен шығару үшін билік оқиға болған алаңды, мінберді құртты. Соның бәрі қалпына келуі тиіс! Ертең сіздер кетсеңіздер, бәрі ұмытылады. Сол үшін 35 жылдыққа «Желтоқсан алауы» деген деректі фильм шығармақшымын. Құдай бұйырса, 40 жылдыққа да көркем фильм түсіру жайлы арманым бар. Онда сіздердің әрбіреулеріңіз кейіпкер боласыздар.

 

 

                                                                                     ҚР Президенті

                                      Қасым-Жомарт Тоқаев

мырзаға

 

Ашық хат

         Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қазақ халқы шынайы тарихымызды парақтасақ Ресей империясының озбырлығына, басқыншылығына қарсы 300-дей көтеріліске шығыпты. Осы көтерілістерді аяусыз басып шаншып, қырып жойған Қызыл империяның шаңырағын шайқалтқан Желтоқсан көтерілісі. Бұл көтерілістің дүмпуі өзіңіз білесіз бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. КСРО мемлекеті өздерінің көп жылдар дайындаған зұлымдық операциясын қазаққа қолданды. Екі адамды ату жазасына кесті. Жүздеген адам әртүрлі мерзімдерге сотталды. Қаншама адамның тағдыры тәлкекке ұшырады. Жұмыстан, оқудан шығып қаңғырып қалған қазақта есеп жоқ еді.

Иә, халқымыздың ерік-жігері мұқалғанымен, қазақ жастарының сағы сынбаған, руһы тапталмаған кез еді. Әсіресе, қаланың «байырғы» тұрғыны саналып кеткен келімсектің пәтерін жағалап, тіпті тауық қорасы мен моншасында да тұруға мәжбүр болған студент, жұмысшы жастар қазақтың ақын-жазушылар ән мен күйге салып ұлықтап дәріптеген қызыл империяның солақай саясатынан әбден мезі болған еді.

Иә, жастарды алаңға шығарған тұрмыстық тауқыметпен қоса, қоғамдық орында, көлікте қазақша сөйлескен жастарды өз ана тілінде сөйлетпей, нәсілдік кемсітушілік жасап, қазақтың арын, қазақтың намысын қорлаған.

Әр майдан, қозғалыс, көтеріліс пен наразылықтың, тіпті ол жеңілгеннің өзінде де, бір нәтижесі болады. Билік пен басқарушы топ бұны зерттеп-зерделеп себеп-салдарынан сабақ алады. Желтоқсан көтерілісі кенестік қызыл империяның күйреуіне, одақтас республикаларда ұлт-азаттық күрестің жаңа деңгейде, қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйенің қатыгездігіне қарамастан, күресуге болатынын көрсетті.

Міне, биыл Желтоқсан көтерілісінің болғанына 34 жыл болыпты. Көтеріліс ардагерлерінің жасы қазір елуден асты. Түрмедегі, күнделікті өмірдегі қиындық ауыртпалықтардан, жеген таяқтан көтерілісшілердің дені ауру-сырқау, дімкәс жандарға айналды. Көтерілістің маңызы өте зор. Бірақ осы күнге дейін әлі де ақталмаған Желтоқсан қаһармандары бар. Әрине, нақты сотталғандардың көбісі ақталғанмен алаңға шыққан жүз мыңдаған көтерілісшілер кезінде жасалған зорлық-зомбылық, қорқытудан «бас жарылса бөрік ішіндегінің» кебімен қашып, пысып, жасырынып, өздері емделіп дегендей ауыр күй кешкенін көбіміз біле бермейміз. Олар рас таяқ жеді, зардап шекті, көп қиындық ауыртпалық көрді. Ол айдай шындық.

Бірінші мәселе осы азаматтар мен азаматшалардың ақталу жолын заңдық жолмен бекітіп беруіңізді сұраймыз.

Екінші мәселе. Жоғарыда айтқанымыздай көтеріліске қатысушылардың дені ауру-сырқау, дімкәс жандарға айналды. Оларға біріншіден тегін ем алатын арнаулы емханалар, ауруханалар бекітілсе. Екіншіден Желтоқсан мүгедектеріне арнаулы қамқорлық жасалып, 55 жастан бастап зейнет демалысына жіберу қарастырылса. Үшіншіден санаторилерге, демалыс орындарына тегін жолдамалар берілсе…

Үшінші мәселе Желтоқсан көтерілісінің мәртебесі жайлы. Бұл баспасөзде де, ғаламторда да жиі қозғалып келе жатқан тақырып. Кезінде Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырзалиев бастаған комиссиялар бұл мәселені толық шешпеді. Сондықтан бұл ұлт азаттық көтерілісінің болғанына 34 жыл болса да көтеріліске қатысушылардың мәртебесі Ұлы Отан соғысы. Ауған соғысына қатысқандармен теңеспек түгілі тіптен аты аталмай келеді. Жеңілдіктер атымен жоқ. Көтеріліс маңызы, жағынан дүниежүзілік мәнге, рөлге ие деп білеміз. Келесі жыл көтеріліске 35 жыл. Біз сізден қадірлі Президент мырза, осы көтерілістің маңызы, мәртебесі жөнінде қорытынды, нәтиже шығаруға арнаулы комиссия құруды өтінеміз. Сондай-ақ  келер жылды «Желтоқсан көтерілісі» деп атасақ бұл қазақ халқының рухының, намысының асқақтауына зор әсер етеді деп ойлаймыз.

Төртінші мәселе Алматы қаласы көтерілістің бесігі саналады. Бірақ оның нышаны оңтүстік астанада аса сезілмей тұр. Рас Желтоқсан көшесі бар. «Желтоқсан көтерілісі» ұйымы бастап бұл мәселені көтеріп жатыр. Желтоқсан көтерілісіне арнайы жер беріп, онда жаңа мөлтек аудан, Тараз қаласындағыдай «Желтоқсан-86» кешені салынса деген өтінішімізді қала әкімі қарапты. Жер бөлген сияқты. Бұл зор қуанышты мәселе. Тек соның жүзеге асуын жеке қамқорлығына алсаңыз. Сондай-ақ қазіргі Тәуелсіздік алаңына батыр қазақ жастарының қаны төгілген. Киелі алаң ол. Осы алаңды Ашық аспан астындағы мұражай жасау жөнінде (мәкеті дайын) «Желтоқсан көтерілісі» ұйымы Алматы қаласының әкіміне ресми хат жазғанбыз. Бірақ одан жауап келген жоқ. Осы маңызды мәселеге де зор көңіл бөлсеңіз.

Бесінші мәселе. Өзіңіз білесіз балаларымыз, жастарымыздың жан дүниелері рухани жағынан жүдеулікке, ездікке, намыссыздыққа бет бұрып барады. Желтоқсан көтерілісіне төрткүл әлем назар аударды. «Ерлік мектебіне» көтеріліс қаһармандарының іс-әрекеті, батырлығы сұранып тұр. Отансүйгіштікке, ерлікке осы арқылы баулуға болады. Ол үшін мультфильмдер, кинолар, кітаптар шығаруымыз тиіс. Алаш пен Желтоқсанды байланыстыратын тарихи дүниелер қажет.

Алтыншы мәселе тәуелсіздік үшін жандарын шүберекке түйіп алаңға шыққан Желтоқсан ұлт азаттық көтерілісіне қатысушылардың басты мақсаты не? Елді алаңға алып шыққан ұлы күш, ол-ұлттық мүдде мен ұлт болашағына алаңдаған қазақ қаны! Рас, Алла тағаламыз аңсай күткен Тәуелсіздігімізді алып берді. Қазір халықты, қазақты алдаусырату мүмкін емес. Оның рухы уақыт өткен сайын өсіп, асқақтап келеді. 30 жыл аз уақыт емес. Бұл уақыт Отанын, ұлтын, тілін, жерін жанындай сүйетін жастардың үлкен толқынын тәрбиелеп шығуымыз тиіс еді. Тәрбиелеп шығара алмадық! Бұл басты кемшілігіміз.

Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болғанмен Қазақстан ол тілде сөйлемей тұр. Мемлекеттік тіл туралы жеке заң қажет. Бұл масқара әрі қазақ халқын мүддесін қорлау деп білеміз. Жер сату мәселесі де толық шешілген жоқ. Басқа діни секталарға кеткен жастарымыз жүз мыңдап саналады. Дін туралы заңымыз солқылдақ заң. Оны қайтадан ұлттық мүддеге сәйкестендіріп қайта жасау қажет. Демографиялық тоқырау да алаңдатады. Ана капиталын жасап, балаларға жәрдемақыны көбейту қажет. Азғындық үдеп тұр. Жемқорлық-отанға сатқындық ретінде бағаланып, оларға ең ауыр жаза қолданылсын. Жемқорлардан түскен қаржы аналарымызға, балаларымызға жұмсалсын! Шетелдегі бауырларымызды атажұртқа оралту жөніндегі мәселені де жетілдіру қажет.

 

Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы!

         Біз сізге бұл ашық хатты еріккеннен, жеке басымыздың қамы үшін жазып отырған жоқпыз. Біздің бұл талаптарымыз халықтың талаптары. Бұл орындалуы тиіс талаптар. Қайталап айтамыз халықты алдау-Алланы алдау. Билік қазаққа, оның мүддесіне бұрылса Қазақстанның болашағы жарқын болады деген сөз. Ендеше осы айтқан уәждеріміз орындалады деп сенеміз.

 

Қол қоюшылар:

  1. Әбдіқұлов Мырзағұл, «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
  2. Талғат Айтбайұлы, баспагер, жазушы
  3. Шара Ергебаева, «Қайсар жүрек» қоғамдық бірлестігінің төрайымы
  4. Нұрлыбек Қуанбаев, «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

 

Дамир Дәулетбаев, әскери госпиталдың дәрігері:

Тегін ем-дом жасау – біздің парызымыз

Бүгін «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің 15 жылдығына куәгер болып отырмын. Құтты болсын! Еліміздің тәуелсіздік алуына сіздер зор үлес қостыңыздар! Желтоқсан көтерілісінен зардап шеккен жандардың өтініші бойынша біздің емханадан тегін ем-дом шараларын алуына жағдай жасап отырмыз. Сіздерге дәрігер ретінде тілерім, ең бастысы денсаулықты күтіңіздер. Дендеріңіз сау, мықты болып, осылай ауызбіршіліктеріңізден ажырамай, аман-сау жүре беріңіздер!

 

 

 

Мұрат Асаров, желтоқсаншы:

«Алаш-Желтоқсан» ғылыми конференциясын өткізу керек

Алда Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы келе жатыр. Бірлестікте кілең ардагерлер жұмыс істейді. Алды 50-де, арты 70-тен асқан. Бұл – тарих. Енді 25-35 жылдан соң олар да кетеді. Ұмытылмау үшін артта келе жатқан жастарды тарту керек. Енді 35 жылдықты қалай өткіземіз? «Алаш – Желтоқсан» деген тақырыппен үлкен ғылыми конференция өткізу керек деп ойлаймын. Депутаттар, қоғам қайраткерлері, студенттеріміз бар, бәрін қатарымызға тарту керек. Желтоқсаншыларды депутаттыққа ұсыну қажет, олар біздің мұң-мұқтажымызды жеткізіп, келелі ойлар айтып билікте жүрсе құба-құп.

 

Біз аңсаған, біз күткен, біз қан төккен – Қазақ тілі қайда?! Есі дұрыс мемлекетте мемлекет тілін «маймыл» тілі деген айуанды 24 сағатта, кемінде 20 жылға түрмеге қамар еді… Ал Божколар жүр «шартты жаза» алып тайраңдап. Осы ма біздің күрестің нәтижесі?

 

(Баяндамадан үзінді)

 

Талғат Айтбайұлы, журналист, баспагер:

Бұл әлем мойындаған ерлік

Желтоқсаншылар әлем мойындаған үлкен ерлік жасады. Бірақ біздің биліктің көзқарасы әлі өзгерген жоқ. Сол баяғы Желтоқсан оқиғасы деген атпен келеді. Осыдан 4 жыл бұрын «Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» деген атпен 25 қазанда Астанада үлкен халықаралық конференция өтті. Әлемнің 12 елінен делегация келді. Келген саясаткерлер, ғалымдар, тарихшылардың бәрі баяндама жасады. Украинадан келген бір азамат «Желтоқсан көтерілісіне 5 мың адам ғана қатысты» деп дерек беріпті. Негізі 17 желтоқсан күні алаңда 70-80 мың адам болғаны анық. Сол уақытта көтерілген жер, тіл туралы мәселелер әлі шешілмей тұр. Алаңнан, мінберден айрылдық. Бұл Желтоқсан көтерілісін ұмыту үшін істелінген нәрсе деп жатырмыз ғой. Қойылған ескерткіш те ыңғайсыз жерге орналасқан. Оған халық барып гүл шоқтарын қоя алмайды. Қазір ол жер әрі-бері машиналар жүйткіп өтіп жатқан жолға айналған. Ескерткіш Желтоқсан көтерілісінің мәнін ашпайды, оның орнына басқасы қойылуы қажет. Бүгінгі биліктің көзқарасын осыдан-ақ білуге болады. Бұл желтоқсандықтарды қорлау! Осының бәрі Ашық хатта жазылуы тиіс.

 

 

Мен мәселен 30 жыл болды, «Алматы-86. Желтоқсан» деген кітаптың соңында жүрмін. Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығында 5 томдығым шықты. Оны Алматы қалалық әкімшілігі қаржыландырды. Сосын мемлекеттік тапсырыспен «Дәуір» баспасынан берілген 8 томымның 2-уі ғана шықты. Тек «Желтоқсан көтерілісі» деп атауы өзгертілді. Қазір барлық оқу орындарында «Желтоқсан – ерлік мектебі» өтуі керек. Өйткені Желтоқсан көтерілісінің ерекше болатын себебі бар. Ұлы Отан соғысы, Чернобыль, Ауған соғыстарына адамдар күштеп барса, Желтоқсан көтерілісіне әр азамат ешкім күштеп, зорламай өзінің жүрек қалауымен барды.

 

Жанбақыт Борантаев, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас директорының орынбасары:

Біздің ұсақ-түйекпен айналысуға құқымыз жоқ

         Құрметті желтоқсандықтар, бүгінгі жиынымыздың мәні, мағынасы, мақсаты болу керек. Желтоқсан десе дүйім жұрттың ойына мәдениеттен кенжелеу қалған, бір-бірін аңдыған, ұрысқыш, төбелескіш деген сияқты жабайылау, тұрпайылау топ келеді. Неге? Өйткені біздің арамызда ауызбіршілік, ынтымақ жоқ. Әлі де қыздарымыз ерліктерімен алда жүреді. Статус, яғни мәртебе мәселесі бірінші кезекте тұруы керек. Желтоқсан көтерілісіне статус берілуі тиіс. Бізде ватсапта «Желтоқсан көтерілісі» деген чат бар. Сонда әртүрлі әзіл-қалжың, түрлі қағытпа видеолар салынады. Бұл дұрыс емес, нақты іске, жұмысқа көшіп, біздің ережеміз болуы керек, алқа құрылған жөн. Жоспарлы түрде ортаға мәселе тастауымыз керек. Бізге саннан гөрі сапа қымбат. Өткенде Бораттың туымызды қорлаған кезде де құр босқа айқайладық та қойдық. Осыны ұйым болып ескеріп, бірнәрсе істеуіміз керек еді. Біз ұсақталмауымыз керек, ірі істермен айналысайық! Менің айтайын дегенім осы еді.

 

 

 

Қорытынды сөз. Бақыт Байниязов, «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары:

Өкімет тарапынан жеңілдіктер жоқтың қасы

Мырзағұл ағамен, бірлестік мүшелерімен келісіп жарғы жасадық. Желтоқсан көтерілісін насихаттау үшін әртүрлі салада жүрген жастарды тартайық деп. 2005 жылға дейін Желтоқсан оқиғасы деп жүрді. Жыл сайын мерекеде оқу, жұмыс орындарында оқиғаны көзбен көрген қатысушыларды кездесулерге шақырады, газет-журналға жазады. Оған алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бірақ үкімет тарапынан жасалған жеңілдіктер аз. Әсіресе желтоқсаншылардың денсаулықтары жыл өткен сайын нашарлап барады. Емхана, демалыс орындарында тегін, жеңілдікпен ем-дом алуға мүмкіндік жоқ. Бұрын мен денсаулығыма байланысты жылына 2 рет ауруханаға жататынмын. Соңғы рет портал алып емделгеннен соң ондағылар: «Енді сіздер ем ала алмайсыздар!» деп ескертті. Содан Мырзағұл аға екеуміз әскери госпиталға барып есігін қақтық. Бас дәрігердің орынбасары Дамир Дәулетбаев бізді жылы қарсы алды. Талап-өтінішімізді ескеріп, желтоқсандықтарды тегін емдеуге уәде берді.

 

Дайындаған – Шаргүл Қасымханқызы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.