Ата-бабамыз аңсаған азаттыққа қол жеткізіп, тәуелсіздікті тойлауды бастағалы жатқанда көршіміз Ресейден жағымсыз хабарлар жетіп жатады. Оның басында Ресей думасының депутаты Жириновский тұр.

Неге екенін кім білсін, Қазақ жерінде дәл тәуелсіздік мерекесі аталып өтер тұста, жылда бір шу көтеріледі. Бұл қазақ билігіне ескеру ме, жоқ әлде қаймана қазақты үркіту ме, адам түсініп болмайды. Әйтеуір, қазақ даласына көз алартып, «Анау аймақ менікі, мынау төбе сенікі» дегенге саятын былдыр-батпақ сөздерімен орыс шовинистері әбден мезі қылып бітті. Жақында ғана дума депутаты Никонов деген қазаққа тиісіп, әрең дегенде сабасына түскендей болып еді, кеше тағы бір дума депутаты Федоров деген шықты.  Бұл соққан «Солтүстік Қазақстан – Ресейге тиесілі» деп бет бақтырмай отыр.  Анау-мынау емес, көшеде жүрген халық емес, заң шығарушы органның мүшелері, Ресейдің бет-бейнесі саналатын депутаттардың  бұл дөрекілігіне әзірге Путиннің өзі сыр білдірер емес.

Ал біздің Парламент депутаттары мен Ассамблея мүшелері тым-тырыс. Әліптің артын баққан түрлері болар. Қазақта «Жау кеткесін қылышыңды тезекке шап» деген тәмсіл барын осылар білмей ме, жоқ әлде, ресей думасының депутаттарының сандырағына сеніп отыр ма?

Жоғарыға жалтақтап, кім не айтар екен деп күтіп отырғанда әлеуметтік желіде профессор Құрманғали Дәркенов мырзаның жазбасы жарқ етті. «Никоновтан кейін тағы да бір Ресей мемлекеттік Думасының депутаты Евгений Федоровтың Қазақстан территориясына қатысты сөзін естідік. Оның сөзі тіптен сұмдық, сендер кімсіңдер деген ниетте ашық күш көрсету. Шовинизмнің ашық көрінісі. Қарапайым тілмен айтқанда күшті мемлекеттің әлсіз шағын мемлекетке күш көрсетуі. Ресей әлемдік экономикада даму деңгейі төмен, әлсіз мемлекет саналғанымен, мойындау керек бізге, Украинаға күші жететін мемлекет. Менің таң қалғаным өздерінің әріптестері Думаның қос депутаты осындай агрессивті пікір айтып жатқанда, біздің парламент не бітіріп отыр? Бәрі Косарев секілді ұйықтап, әлі оянған жоқ па? Әлде осыған реакция беру үшін біреуден рұқсат керек пе? Олардың азаматтығы, ел сенімін арқалағаны қайда? Жалпы менің бір түйгенім осы депутаттардың шамамен 95%-ы егер жеке мандаттық сайлау болса өтпейді. Халық оларды қолдамайды. Партиялық сайлаудың тиімсіздігі міне осыда. Сондықтан әлемнің көптеген елдері партиялық сайлау мен қатар жеке мандатты қолданады. Әрине, тарихшы ғалым Зиябек Қабулдинов Солтүстік Қазақстан ежелден қазақ жері екендігіне орынды, терең пікір айтты. Дәлелдеп тұрып айтты. Бірақ, осындай жағдайда парламент пен Халықтар Ассамблеясы батыл кірісіп, саяси процестен тыс қалмай өз дауыстарын шығару керек еді. Қабулдинов секілді дәлелмен батыл айтуы керек еді. Екеуі де үнсіз. Сондықтан оларға халықтың сенімі жоқ, бұл екі ұйым нақтырақ айтсақ, халық алдында беделсіз. Тіпті Е.Федоровтың Назарбаев, Тоқаев деп елемей сөйлеуі Қазақстан нота тапсырды екен, олай болса бізден алғанын Солтүстік Қазақстан жерін қайтарсын деп сөйлеуі өктемдігін ашық көрсетіп отырғанын білдіреді. Біздің елді сыйламайтындығын, басынып отырғанын ашық көрсетті. Ең бастысы біздің мемлекетіміздің тұтастығына қарсы сөзді жәй көшеде жүрген біреулер емес, депутаттар айтып отыр. Олар осылай қауіпті пікір қалыптастырады. Өз ішіміздегі жүрген сепаратистерге де қозғау салады. Біздің мемлекеттік қауіпсіздігімізге, территориялық тұтастығымызға қауіп төндіріп отыр. Бізге Черчилдің ағылшындардың мәңгілік досы да, жауы да жоқ. Тек мүддесі бар деген принципін ұстануымыз керек. Қалай дегенмен, ЕАЭО, ҰҚШҰ құрамындағы әріптесі, тәуелсіз ел Қазақстанға күш көрсетуі ақылға сыймайтын қылық. Бұрын іштей бүйрегіміз Ресейге бұрып батыс осы Ресейге қысым жасап отыр деген ой болса, қазір көп адам селк етіп оянғандай. Бұл біздің бір жағынан отыз жылдық жоғалтқан жылдарымыздың нәтижесі. Еліміздің тәуелсіздігі біз үшін қашанда басты құндылық».

Айтпақшы кеше Алматыда белсенділер Ресей елшілігінің алдына «Солтүстік Қазақстан – қазақтың жері!» деген жазуы бар плакат іліпті. Бірақ көп ұзамай оларды полиция алып кетіпті деп естідік. Елдің тұтастығына іріткі салғандар Ресейде сайран салып жүреді де, өз елінің қорғаны болуға талпынғандар жауапқа тартылса нағыз парадокс емес пе!

 

Нағашыбай Қабылбек

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз