US Vice President Joe Biden and Chinese President Xi Jinping toast during a State Luncheon for China hosted by US Secretary of State John Kerry on September 25, 2015 at the Department of State in Washington, DC. AFP PHOTO/PAUL J. RICHARDS (Photo credit should read PAUL J. RICHARDS/AFP via Getty Images)

немесе АҚШ-Қытай қатынасы қандай болуы мүмкін?

 

Екі түйе сүйкенсе…

 Қазақстанда түрлі сайлаулар өткен сайын бармағын шайнайтын адамдар ең соңында «шіркін, демократия мен әділ сайлаудың жарқын үлгісі АҚШ-та ғой!» деп тамсана отырып, көңілдің көк дөненіне мініп алып, тым алыста жатқан Америка жақты бір шолып қайтатыны бар. Дегенмен сол Құрама штаттардың 2020 жылдың соңына қарай өткен Президент сайлауы- шуы мен дуы көбірек естілген бір түрлі сайлау болып тарихқа қалды. Қиян-кескі тартыс, қаралауға толы ақпараттық соғыс, толқыған халық, күн санап өршіп бара жатқан коронавирус секілді аса күрделі жағдайларды бастан кешіре отырып, Ақ үйдің төріне Джо Байден келіп жайғасты. Қазірге дейін АҚШ-ты билегендердің ішінде ең қарт Президент ретінде, жарты ғасырлық ғұмырын АҚШ саясатына арнаған 79 жастағы Байден мырза ресми түрде қызметіне кірісіп кетті.

АҚШ әлемдегі алып держава ретінде жаһандық геосаясат пен экономикаға терең ықпал етіп отырған ел. Ол керек десеңіз «дүниенің сақшысы». Доналд Трамп билікте отырған 4 жыл ішінде АҚШ-ты қойып, әлемдік экономика мен саясат сахнасында тосын жағдайлар көп болды. Трампқа баға берушілер, оның 4 жыл ішінде АҚШ экономикасының өсу қарқынын айтарлықтай жылдамдата алмағанына, сыртқы саясатта сәтсіздіктерге ұшырағандығына көбірек тоқталатыны бар. Дегенмен біраз елге Трамптың Қытайға қарата ұстанған қатаң саясаты «майша жақты». «Әлемнің өндірушісі» ретінде, жер-жаһанды жаулай бастаған Қытай капиталына қарата «сауда соғысын» қозғаған Трамп, сонымен ғана тоқталып қалмай, өнеркәсіп пен технологиялық патент жағындағы Қытай ұрлығын тоқтатуға тырысып бақты. Әлемдегі алдыңғы орында тұратын экономикалық тұлғалар ретінде АҚШ-Қытай арасындағы «сауда соғысы» дүниежүзіне айтарлықтай ықпал етті. Ол ең алдымен әлемдік экономиканың өсуін баяулатты. Екіншіден жаһандық экономикалық  процесті бүлдіріп кетті. Жаһандық экономикада теңсіздік орнады. Деструктивті үкіметтік айнымалар орын алды. Міне, АҚШ-Қытай арасындағы дипломатиялық және экономикалық қатынастар осылайша күллі әлемге ықпал етіп жатқандықтан, жер шарының түкпір-түкпіріндегі мемлекеттердің барлығы, екі елдің өзара байланысына зер сала қарайтын болды. Бұл үрдістің ішінде АҚШ-тан алыста жатсақ та, екіншісімен шекаралас отырған қазақ елі де шет қалмақ емес.

 

«Түсініксіз» Трамптың дүлей соққылары

 Дональд Трамп АҚШ тарихындағы ең қалталы Президент ретінде дараланып көрінген адам. Сондықтан да билікке келе сала «Президент ретінде жалақы алмайтындығын» мәлім етті. Оны даралап тұрған тағы да бірнеше өзгешеліктері болды. Яғни, Құрама штаттардың тізгінін ұстағанға дейін ешқандай мемлекеттік қызметте және әскери қызметте болмаған адам еді. Ол сайлау арқылы жеңіске жетті. Өзінің сайлауалды бағдарламасында «Егер мен Президент болып сайланар болсам Қытайдың теңсіз саудасына тосқауыл қояр едім. Екі ел арасындағы сауда қатынасында қытайлықтар АҚШ-ты «зорлап келді» деп салды. Жеңімпаз ретінде билікке келген Трампқа күле қарағандар да көп болды. Себебі атақты бизнесменнің өткен өмір жолы мен еркін сөйлеп еркін жүретін қылықтары ешқандай танымал саясаткерлердің бойында жоқ болатын. Дональд Трамп билік тізгінін қолына алысымен-ақ Қытаймен арадағы экономикалық қатынастарды реттеуге кірісті. Ең әуелі тең дәрежеде сауда жасауды ұсынды. Яғни «АҚШ-қа жеткізілген Қытай тауарларынан қанша көлемде кедендік баж алынатын болса, Америкадан Қытайға жеткізілетін тауарларға да Қытай тарапы сол мөлшерде кедендік баж алуы тиіс» деді. Қытай тарапы бұл ұсынысты сөзбұйдаға сала берді. Ендеше «Қытайдан жеткізілетін тауарларға кедендік баж мөлшерін жоғарылату керек» деді де, неше жүз млрд долларлық құнға ие Қытай өнімдерінің кедендік баж мөлшерін  бұрынғы 10 пайыздан 25 пайызға жоғарылатуды бұйырды. Осылайша екі елдің арасында «сауда соғысы» басталды да кетті.

Трамп Президент болып сайланғанның келесі жылында Азия елдеріне сапары кезінде Бейжіңге арнайы ат басын бұрды. Ол Қытай астанасында ешқандай оғаш қылықтар жасамады. Өзімен бірге ерте барған кәсіпкерлер мен қоса өзгеде Ұлттық компания өкілдерін қатыстыра отырып, қытайлармен жалпы құны 300 млрд доллардан асатын келісімдерге қол қойып қайтты. Еліне барғасын сәл тыныстаған Трекең, «Қытайлар АҚШ-тың технологияларын, өнеркәсіп саласындағы патенттерін ұрлап отыр» деді де өз елінен Қытайға кетіп жатқан күрделі технологиялық бөлшектер өндіретін компанияларға санкция сала бастады. Осының арқасында әлемдегі көптеген елдер Қытайдың сандық технологияларына күдікпен қарай бастады… Арада біраз уақыт өткенде Дональд Трамп мырза Қытай төрағасы Си Циньпинді «менің досым» деп құрметпен тілге алды. Қытай саясаткерлері Трамптың алда қандай қадамдар жасайтынын біле алмай дал болды. Оның Твиттер парақшасындағы сан құбылған сөздерінің кейбірінде шынымен де нақты байлам жоқ еді… Осылайша АҚШ-ның «түсініксіз» Президенті өз елінің экономикалық мүдделері үшін бұрын болмаған шайқастар ұйымдастырумен тарихта қалды.

 

Байден қандай мінез көрсетеді?

 Бұл сұрақ қазіргі таңда көптеген адамдардың көкейінде жүрген жұмбақ іспетті. Оған әлемдегі саясаттанушылар әлі де толық баға бере алмай отыр. ҚХР-дағы Халық университетінің профессоры Хы Я Пи мырза бір сұхбатында Байден дәуіріндегі екі ел қатынасы туралы болжамдарын ортаға салыпты. Хы Я Пи профессордың болжамы бойынша «әр екі жақ келіссөз үстеліне отыруға мүдделі» көрінеді. Яғни Трамп былықтырып кеткен проблемаларды бірлесе шешу жоларын қарастыру үшін өзара келіссөздерге жүгінетін болады. Алайда қытайлық профессор АҚШ-тықтардың «қожайындық» мінездерін жоғалтпайтындығын да айтқан. Сонымен қоса «екі мемлекетті ортақ мүддеге бастайтын себептердің бірі – қазіргі пандемия жағдайындағы вакцина мәселесін ойдағыдай шешіп, тұралаған экономиканы тезірек қалпына келтіру үшін бір-бірімен жақындасу мүмкіндігі туындайтын болады» депті. Соның ішінде экономикалық қайшылықтарды тезірек шешу басты назарда екендігін айтқан. Яғни, қытайлық саясаттанушы Байден дәуірінде, АҚШ халқы тап болып отырған қиындықтарды еңсеру үшін Қытаймен бұрынғыдай жақындыққа келмесе де Трамптан қалған тоңның жібитіндігінен үмітті екендігін жасырмапты.

Жақында «Уолл-стрит джорнэлда» басылған бір мақалада аталмыш тақырып төңірегінде ой өрбіткен саясаттанушылардың пікірлері айтылды. Онда 2020 жылдың желтоқсан айында АҚШ-қа сапармен барған ҚКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі Ян Цзечидың Вашингтондағы кездесулері кезінде, алдағы уақытта екі елдің лауазымды тұлғаларының саммитін өткізу туралы жазылған хат ала барғандығын айтыпты. Яғни «Бейжіңдегілер Байденмен тіл табысуға бірінші болып қадам жасады» дейді мақала авторы. Бұдан шығатын қорытынды Қытай тарапы АҚШ пен қатынасын жақсартуға барынша мүдделі болып отырған көрінеді… Дегенмен мақалада айтылған кейбір дәлелдерге қарағанда Байден дәуірінде де АҚШ Си Циньпинның арқасынан қаға қоймайтын сияқты.

Саясат майданында жарты ғасырға жуық еңбек етіп келе жатқан адамның АҚШ мүддесін бәрінен де биік қоятынына сенетіндер көп. Тағы бір саясаттанушылар Байденның жаңа командасындағы саясаткерлердің қазірге дейін Қытай мәселесінде Трамптың көзқарастарын қолдап келгендері көп болғандығын айтады. Сонымен қоса Джо Байденның бір кездері Бейжіңнің Шыңжаңдағы ұйғырлар мен өзге де этникалық азшылыққа қарата ұстанған саясатын «геноцид» деп атағандығын еске алыпты. «Америка дауысы» радиосынның сайтында жарияланған бір мақалада АҚШ-тың жаңадан сайланған мемхатшысы Тони Блинкенның 23 қаңтар күні сөйлеген сөзінде «АҚШ тарапы Тайванның өзін қорғауы үшін көмектесе беретіндігін, әрі Бейжіңнің Тайванға қарата әскери, саяси және экономикалық тәсілдерді қолдана отырып қысым жасауын тоқтатуға шақыратындығы» туралы сөзін мысалға келтірген екен.

Қазірге дейін ашық ақпарат көздерінде айтылып жатқан болжамдарды қортындылап, «Байден дәуірінде АҚШ-Қытай қатынастары белгілі деңгейде жақсарады» дегенге сенім артатындардың қарасы мол. Кейбір мамандар «Байден Қытайға қаратылған  сыртқы саясатта, Трамп кезіндегідей қатал мінез көрсете алмайды. Себебі, эпидемия және экономикалық тоқырауға ұшыраған, ел ішінде нәсілдік қақтығыстар әлеуметтік толқулар басталған күрделі жағдайларды шешу барлығынан маңызды. Сонымен қоса әр кезектегі жаңа жасақталған үкіметтің бастапқыда Қытайға қараған қабақтары қатулы болып келгенімен, көп ұзамай жібіп сала беретіндігін» еске алған.

Ал Қытайдағы саясаттанушылардың кейбіреуі «қазірше нақты болжам жасаудың қиын екендігін, барлық мәселелердің алдағы уақытта жүре келе шешімін табатындығын, бастысы әлем экономикасын жақсарту мен пандемия әкелген қиыншылықтарды еңсеру үшін күрделі қақтығыстардың болмайтындығына» сеніп отыр.

 

Ерқазы Сейтқали

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз