Бағаны көтерген делдалдар заңға бағынбай ма?

– Cоңғы кезде өзіңіз жиі айтап жүрген қымбатшылық мәселесі… Әсіресе азық-түлік бағасы 15-30 пайызға дейін көтерілді. Ал «Тұтынушылардың құқын қорғау» туралы заңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына 15 пайыз үстеме қосылған жағдайда сауда орындары жауапкершілікке тартылуы керек. Бірақ билік бақылаусыз кеткен баға нарығын заң бойынша реттеуге асығар емес. Неге?

– Азық-түлік бағасына байланысты өткір мәселелердің бірі – делдалдардың әрекеті. Жақында ғана елде болып қайттық, барлық жерде азық-түлік бағасы қымбат. Халықтың күнделікті тұтынатын ет, май, қант, картоп, жеміс-жидек сияқты ас-суының бағалары 15-25-30 пайызға дейін қымбаттаған жерлер бар екен. Біз мұның себебін қараймыз.

Парламент мүшесі ретінде өткенде  екі базарды аралап шықтым. Сонда байқағаным, ауылда сойылған малдың етінің құны мен қаладағы еттің бағасында 800-900 теңгеге дейін айырмашылық бар. Демек, шаруаның өндірген тауарының бағасынан ортадағы делдалдар пайда көріп жүр. Бағаны көтеріп жүргендер де солар.

Жалпы баға саясатында үкімет тиімді тетіктер табуы керек. Шаруадан бірден базарға жеткізетіндей тетік керек. Бұл үнемі айтылады, бірақ орындалмай келе жатыр. Былай қарасаң, азық-түлік бағасын реттейтін нарық дейді. Бірақ үкімет араласпауға болмайтын, әсіресе халықтың күнделікті тұтынатын тауарларының бағасына үкімет міндетті түрде араласуы керек.

– Мінберлерде руханият мәселесі жиі айтылғанымен, халықты әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер көп мазалайтынын көріп жүрміз. Әсіресе, баспаналы болсам, баламды оқытсам екен деп күні-түні еңбектенгенмен, төменгі жалақы, банктерден алған қарыз халықтың еңсесін көтертпей отыр. Мәжіліс депутаты Айбек Паяев жақында Үкіметке «Қазақстан халқының жағдайы әлемдегі 56 елдің ішіндегі ең төменгі деңгейдегілердің бірі. Халықаралық стандартқа және қазақстандық қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес жалақыны нақты күн көріс минимумына сай көтеру ойларыңызда бар ма?» деген сауал жолдады. Сіздіңше қазіргі күрделі дағдарыс кезеңінде Үкімет жалақыны өсіре ала ма? Жалпы халықтың әлеуметтік проблемаларын шешу үшін не істеу керек?

– Жалақы мәселесіне келер болсақ, бұл үнемі айтылып жүрген мәселе. Өз басым осы мәселені екі рет басқа мемлекеттермен салыстыра отырып көтердім. Төменгі жалақы, төменгі күн көріс деңгейіне байланысты мәселе өте күрделі және бұл кешенді түрде шешілуі керек мәселе. Оған үкіметтің берген жауаптары бар.

Шынында да халықтың төменгі күнкөріс деңгейі, төменгі өмір сүру себеті өте төмен, қарабайыр. Ресей, Прибалтика, Белорусья, мемлекеттерінен өте төмен. Әлемдік халықаралық стандарттар бар, оларға жету үшін кешенді түрде жұмыстар атқарылуы тиіс. Бізде төменгі жалақы 42 500 ғой.

Тіпті болмаса, біз ең төменгі айлық көрсеткішін (МРП-ні) көтеретін болсақ, ол бүкіл жалақыға, зейнетақыға, бүкіл төлем жүйесіне қатты әсер етеді. Сондықтан мұның да дұрыс тетігін Үкімет жасайды деп ойлаймын. Өйткені үш жылдық бюджетті қабылдадық. Биылғы 2021 жылдың бюджетінде бұл төменгі күнкөріс деңгейі де және төменгі жалақы да өскен жоқ. Былтырғы мөлшерде қалды. Бірақ бұл бағытта үкімет жұмыс жасауға уәде берді.

– Қазір қоғам өте күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Тіпті  ата діннен, ислами имандылық жолынан адасушылық асқынып барады. Иманнан алыстап, ар-ұяттан безінудің де кейбір себептері «Құдай мені тез байыта салса ғой» деген материалдық тәуелділіктің салдары секілді…

– Дінге қатысты мәселе өте көп. Әртүрлі көзқарас, әртүрлі пікірлер бар. Қазақстан негізі зайырлы мемлекет дегенімізбен, дін мемлекеттің негізі идеологиясының бір саласы. Имандылық, ибалық, ар-ұят, намыс сияқты құндылықтар мемлекеттен бөлінбейді. Дегенмен, кеңестер одағында болған 74 жыл уақыт бізді ислам дінінен алшақтатты.

Тәуелсіздік алғаннан бері «есік-терезені» ашып тастадық. Елімізге еркін енген, бақылаусыз келген неше түрлі діндер мен наным-сенімнің барлығы ентелеп еніп ел ішін жайлады.

Дінді реттейтін заң Парламентке бірнеше рет келіп, біршама өзгерістер енгізілді. Соның ішінде ата-дәстүрлерімізге сәйкес келмейтін ағымдарға тосқауыл қойылды. Бірақ әлі де болса, қоғамда бізге жат кейбір көзқарастар қылаң беріп қалады. Меніңше бұл жерде тәрбие мәселесі жетіспей жатқан сияқты.

Менің жеке өз көзқарасым, жалпы дінге терең бойламау керек. Ол ұшы-қиыры жоқ мұхит. Негізі жас балалардың мешітке баруын, олардың діни оқуларға тым әуес болуын дұрыс деп ойламаймын. Бізде зайырлы қоғамның ең басты шарты – білім мен ғылым. Шындығында дінге бетбұрған мемлекеттің дамығанын мен көрген жоқпын. Сондықтан зайырлы қоғам ретінде ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне алаңдауымыз керек. Ал имандылық, ибалық мәселесінде дінді дұрыс пайдалануымыз керек.

Біз эмоцияға тез беріліп кетеміз

– Өзіңіз білесіз, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл» туралы заң жобасына қатысты қоғамның көзқарасы екіге жарылды. Қолдап жатқандар да, қарсылар да бар. Парламент бұл заңды қабылдамайтын болды, әлі де талқыланады, толықтырылады деген ақпарат тарады. Сіздің ойыңызша заңдағы олқылықтар мен артықшылықтар қандай?

– Бұл заңға қатысты айтарым, былтыр Парламентке түскен. Мәжілісте талқылаудан өткен. Қоғамға өте қажет заң. Ұлттық құндылықтарымызға, ұлттық салт-дәстүрімізге келмейтін кейбір баптар бар. Оларды жөндеуге, толықтыруға болатын еді. Бірақ қоғамда түрлі көзқарастар мен пікірлерге байланысты заң жобасы қазір Парламент пен Мәжілістен алынды. Заң қайта жасалады.

Бірақ статистика деген нәрсе бар. Сол статистикаға сүйенсек, елімізде отбасындағы зорлық-зомбылық жылдан-жылға қатты асқынып барады. Қоғам орнында тұрмайды, қазір басқа ұрпақ келді. Ұлттық құндылықтарды онша менсінбейді.

Ғасыр ауысса да әлі отбасындағы әлімжеттік, баланы ұрып-соғу, әйелді сабау, тіпті мүгедек қылу, үйден қуып жіберу, далаға шығарып жіберу фактілері өкінішке орай бар. Қоғамдағы ең әлжуаз, қорғалуы өте нашар топ – балалар. Балалар қазір үйде тәрбиеленіп жатыр. Заңның мақсаты отбасындағы озбырлыққа қарсы іс-қимыл, яғни профилактика – алдын-алу болатын. Келешекте қабылданатын заңда осы мәселелер қоғамда жан-жақты талқыланады.

Маған да бірнеше азаматтар хабарласты. Зиялы қауымнан хабарласып, бассалып, ойбайға басып жатқандар бар. Мен «Сіз заңды оқыдыңыз ба?» деймін. Оқыған жоқпын дейді. Заңды оқымай жатып, қалай пікір айтасыз, оқымайсыз ба деймін. Заңда қанша бап бар, сол баптарды қарап, түсінбейтін жерлерін заңгерлерден сұрап, бапқа қатысты нақты пікір айту керек қой. Өкінішке орай бізде эмоцияға, бір күндік мәселелерге көңіл бөлу басым.

Мен тағы да айтамын депутат ретінде, сенатор ретінде салт-дәстүрімізге, ұлттық құндылықтарымызға қарсы келетін бірнеше бап бар екені рас. Біз бірінші мұсылман қоғамымыз, азиялық мемлекетпіз, дініміз ислам. Сондықтан да Еуропадағы, Америкадағы отбасылық құндылықтар көп жағдайлар бізге келмейді. Бірақ отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы заң бізге керек. Ол салдармен күресетін заң емес, алдын алуға арналған заң болуы керек.

– Шынымен қазір елімізде қандай да бір мәселенің алдын алғаннан гөрі «болары болып, бояуы сіңген соң» жамырап, шулап ақыл айту тенденциясы қалыптасып келеді. Әр саланың өз кәсіби маманы қайда? «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» қағидасынан айырылып қалдық. Қалтадағы дипломның да қадірі қашты. Жоғары оқу орнын бітіргендердің 20 пайызы ғана мамандығы бойынша жұмыс істеуі мүмкін, қалған 80 пайызына маман ретінде сұраныс жоқ. Бұл тығырықтан қашан, қалай шығуға болады деп ойлайсыз?

– Жоғары оқу орнын бітіретіндерге грант саны жыл сайын көбейіп келе жатыр. Гранттар туралы Парламентте бірнеше рет мәселе көтергенбіз. Жалпы гранттарды бөлген кезде, мемлекет тарапынан оқытатын нақты сұраныс бар мамандықтарды бірнеше министрлік бірлесе анықтауға мүдделі болуы керек. Еңбек және әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі бар осылар алдағы жылдары қоғамға жоғары білімді қандай мамандықтар қажет болады, қай өңірге қандай маман қажет болады соны анықтап, сол болжамға сәйкес оқыту керек. Бірақ көп жағдайда бұл формальды түрде өтеді де, грантпен оқыған азаматтарымыз өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейді. Бұл үкіметтің тікелей жұмысы. Мұны біз үнемі айтып келе жатырмыз. Жақында ғана білім туралы заңды қабылдадық, осы желтоқсан айында өзгертулер мен толықтырулар енгіздік.

– Оқуға бөлінген гранттардың мерзімін он жылға ұзартып, университет бітірген маманды жұмысқа міндетті түрде орналастырып, еңбекке араластыру арқылы грантты қайтару секілді миханизмді іске қосса деген пікірлер де бар. Мұндай тәсіл мамандырды сұранысқа сай дайындауға әсер етер еді. Сіз, қажетсіз маман проблемасын қалай шешу керек деп ойлайсыз?

– Бұрын грант алған студент бітіргеннен кейін жіберген жаққа бара бермейтін. Мысалы шалғай ауылға, шалғай ауданға бармайтын. Соңғы қабылданған заңға бірнеше баптар енгіздік. Грантты алып төрт жыл оқып, бакалавр бітірген соң жіберген жаққа бармайтын болса, төрт жыл оқыған мемлекеттің берген қарызын қайтаруы керек. Тіпті үш жыл оқып, соңғы курсын ақылы негізде оқитын болса да оқыған жылдарының қарызын қайтаруы керек. Бұл мемлекеттің мүддесіне жасалған мәселе.

Білікті Парламент қана нәтиже шығарады

– Иә, айтуыңызға қарағанда Үкімет пен Парламент атқаратын шаруа әлі де көп екен. Мәжілістің жаңа құрамына да сын аз айтылып жатқан жоқ. Сіздіңше VII шақырымдағы депутаттар халыққа қызмет ететін сапалы заңдарды қабылдай ала ма? «Еститін Үкімет» қағидасына сай жұмыс істеуге қабілетті ме?

– Жетінші шақырылымдағы Парламентке әртүрлі көзқарастар бар. Сайлау өтті, өткен сайлауды айта бергеннен ештеңе өзгермейді. Өзінің артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Артықшылығы партиялық праймеризді алғаш рет қолданды. Мен өзім біршама жақсы жақтарын көрдім. Бұрын білінбей жүрген қоғамда пікірлері естілмей, өтуге мүмкіндігі болмай жүрген біраз азаматтарға жол ашылды. «Nur-Otan» праймериздері арқылы облыстық мәслихат, қалалық, аудандық мәслихаттарға мықты-мықты өзінің көзқарасы, пікірлері бар азаматтар сайлауға өтті. Парламентке де бір топ азаматтар келді. Нәтиже алдағы уақытта көрінер.

Әрине Парламент өте күшті болу керек. Білікті Парламент болу керек. Әр саланың мықты-мықты мамандары отыруы керек.

Мемлекеттік тіл туралы Заң керек!

– Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылына аяқ басты. Мемлекетіміздің дербес даму даңғылында бағындырған биіктеріміз, орындалған армандарымыз аз емес. Әттең, дейтін бір тұсымыз қазақ тілінің өз тұғырына қона алмай, «босаға жағалап жүрген ауыр халі». Кеше ғана ант қабылдаған депутаттар ана тіліне тіптен шорқақ. Нельсон Мендела «Адамның түсінетін тілінде сөйлессең, сен оның басымен сөйлесесің. Ал егер ана тілінде сөйлессең, онда оның жүрегімен сөйлесесің» депті. Айтыңызшы, қазақтың мемлекеттік тілі – ана тілінде сөйлемейтін Парламент қазақтың жоғын қашанғы «түйе мініп жүріп» жоқтайды? Қашан қазақтың «жан  қалауына» қызмет етеді?

– Тіл тақырыбы әбден жауыр болған тақырып. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  «Егемен Қазақстанға» берген соңғы сұхбатында ұлттық құндылықтарға байланысты өзінің үлкен бағдарламалық мақаласында айтты. Біздің комитет Парламентте ұлттық құндылықтарға байланысты үлкен тыңдау өткіземіз. Біз мемлекеттік тілді қабылдау туралы мәселені көтеретін боламыз.

Қазіргі тілдер туралы заң емес, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауымыз керек. Сол кезде басқа заңдар сол мемлекеттік тіл заңының аясында ары қарай өз жұмысын жасай беретін болады. Шынымен мемлекеттік тіл мәселесі – өте өзекті мәселе. Ол керек. Тілді 30 жыл айтып келе жатырмыз. Айтудан кенде болған жоқ. Бірақ енді заңмен бекіту керек. Барлығын заң аясында жасауымыз керек. Мысалы Прибалтика, көрші мемлекеттер заңмен бекітті. Біз де заңмен реттеуіміз керек.

– Қазіргі Ресейдегі жағдай ары қарай қалай өрбиді деп ойлайсыз? Егер санкция әлі де күшейетін болса, салдары біздің экономикаға, теңгемізге кері әсер етпей ме?

– Ресей үлкен мемлекет. Негізінен сыртқы саясатына қарайтын болсақ, одан әлі совет одағынан қалған империялық пиғылды байқау болады. Ал, жалпы қуаты мен байлығы әлемдегі ең мықты мемлекеттер қатарында. Ғылыми әлеуеті, экономикалық әлеуеті де жоғары. Бірақ дәл қазіргі әлеуметтік, экономикалық жағдайы тым жақсы деп айта алмаймын. Өйткені Батыс Еуропа елдерінің, Американың санкциялары Ресейдің экономикасына үлкен зиян келтіріп жатыр.

Ресейдің ішкі саясатында, ішкі ауылдарында, аймақтарында жағдай өте ауыр, өте қиын. Сыбайлас жемқорлық өте жоғары. Сондықтан Ресей халқының күннен күнге билікке қарсы наразылығы күшейіп келеді. Навальныйға байланысты халықтың билікке қарсы көтерілісінің бәрі Ресейдің ішкі шаруасы.

Онда болып жатқан оқиғалардың ықпалы Қазақстанға да тиюі мүмкін. Біз олардың ішкі шаруасына қол сұға алмаймыз. Дегенмен келешекте оларды үлкен реформа күтіп тұруы мүмкін. Саяси реформа, басқа да бір өзгерістер болуы мүмкін. Халқының, басқа да топтардың Ресей билігіне қарсылығы үдеп барады. Бұл жағынан қарағанда Ресейдегі жағдай Қазақстан үшін де сабақ болуы керек.

Интеграциялық саясатта Ресейдің үлес салмағы  басым

– ЕАЭО интеграциялық процестер көбіне экономикалық тұрғыда тәуелділік қамытына ұқсайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-тың былтыр мамыр айында өткен жиынында ЕАЭО-тың жаппай интеграциялау саясатының кейбір тармағы уақыт өте келе маңызын жоятынын айтты. Бірақ Президенттің ұсынысын өзге түгіл өзіміздің экономистер ескерген жоқ. Жалпы ішкі және сыртқы нарықта отандық өндірістің дамуына ЕАЭО-тың интеграциялық біртұтастандыру саясатының кері әсері көп сияқты?…

– ЕАЭО-қа да қатысты әртүрлі көзқарастар бар. Солардың ішінде бұл одақ тиімсіз деген пікір көп айтылады. Біз зерттеп көрдік. Тиімсіз тұстары да, тиімді тұстары да бар. Әсіресе, Ресей тарапынан тиімді тұстары аз. Интеграциялық саясатта Ресейдің үлес салмағы өте көп.

Біз Ресей сияқты тауар өндіруші ел емеспіз, тауар алушы, тұтынушы елміз. Өкінішке орай ішкі нарығымызда отандық тауарды сыртқа шығару жоқ. Көбіне шикі зат шығарушымыз.  Біздің ең үлкен кемшілігіміз, ұтылған тұсымыз қай саланы алсақ та өзіміздің бренд болатын отандық тауарларымыз жоқтың қасы. Көбінесе шикі зат, мұнай, газ, басқа да прокаттар ғана бар. Сондықтан біз тұтынушы ел ретінде Ресейдің, Белорусьяның заттарын, тауарларын алушы ғанамыз. Сол жағынан келгенде, біз ұтылып отырмыз.

Екінші жағынан біз көрші мемлекетпіз. Бұрын бір одақта болдық. Кедендік жағынан, мысалы Ресейден, Белорусьядан, Армениядан келетін тауарлардың, кедендік одақ, еуразиялық одақ болмаса қосымша құн салығы 30 пайызға дейін қымбаттап кетер еді. Осы тұрғыдан келгенде еуразиялық одақ елдерінің тауарын тиімді бағада алып отырмыз. Шетелден, Еуропадан тіпті Қытайдан келетін тауарлар мен еуразиялық одақ елдерінен келген тауарларды салыстырсақ болады.

Мұның әрине әлі де жетілдіретін тұстары өте көп. Бұл саяси одақ емес, экономикалық одақ. Жалпы көптеген ратификациялық заңдарды қабылдап жатырмыз. Кейбір бұйымдар мен өнімдерді таңбалау саясатының бізге керек емес тұстары да бар. Ол Парламентте айтылып жатыр. Келешекте ол жөнделеді деп есептеймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен – Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ  

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз