Арқа төрінде ҚР Ұлттық академиялық кітапханада ақын, аудармашы, «Серпер» сыйлығының лауреаты, «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас редакторы Саят Қамшыгердің «Арайлап атар, әр таңым…» деген атпен «Тастамашы ана», «Ертегісіз өткен балалық», «Көше балалары» атты аударма жинағының тұсаукесері өтті.

Шыңғыс Айтматов балалар әдебиетін «Ізгіліктің аралы» деген екен. Осынау кіршіксіз таза, «жүрек бұлағы» тұнық балалар әдебиетіне кез келген ақын, кез келген жазушы қалам тарта бермейді. Тіпті, 90 жылдардан кейінгі буынның қолына кешеге дейін «Менің атым Қожа»-дан (1963 жылы жарық көрген) басқа ауыз толтырып айта қоярлық шығарманың түспегені шындық.

Саят салған әдеби көпір

Саят Қамшыгер: «Қазір балалар әдебиетіне сұраныс өте жоғары. Кездесулерде балалардан «Не оқығыларың келеді?» деп сұраймын, «Қазір заман басқа ғой. Балалардың талғамы да басқа. Олар қиялмен басқа әлемге ұшқысы келеді, ғарышты игергісі келеді, уақыт машинасы сияқты дүниемен ата-бабалар заманын тамашалағысы келеді. Бізге сондай шығармалар ұсынасыз ба, бар ма?»  деп сұрайды. Өкінішке қарай, ондай шығармалар ұсына алмай жатырмыз. Сондықтан ол олқылықтың орнын толтыруымыз керек», – дейді.

Иә, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары дағдарған қоғам кітап оқудан, ал қазақтың балалар әдебиеті үздік шығармалар көшінен қара үзіп қалған кездер болды. Дегенмен, қазір кітап оқитын ұрпақ қалыптасты. Ақын, жазушы Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ», Саят Қамшыгер аударған Башқұрт ақыны Айгиз Баймұхаметовтің «Тастамашы ана», «Ертегісіз өткен балалық», «Көше балалары» сынды кітаптары, Санжар Керімбай сияқты басқа да руханият жанашырларының арқасында әлемдік балалар әдебиеті, қазақтың әдет-ғұрып, салт-санасына арналған шығармалар қазір оқырман көзайымына айналып үлгерді.

Осы тұрғыда Саят Қамшыгер балалар әдебиетінің шынайы жанашыры, шынайы жоқшысы бола білді. Шығармашылығы мен аудармалары арасындағы жұмысты еңсере жүріп, балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналын жарғақ құлағы жастыққа тимей, Қазақстанның әр өңіріне, әр мектебіне барып, әр ауылдағы мектеп оқушыларымен тіл табысуы, оларды руханиятқа, әдебиетке тартуы да қажырлы еңбек. Балалардың жүрегін жаулау деген бұл періштелікке, өзіңнің адами бар болмысыңды сол балалыққа жетелеу дейтін дүние. Саят өзі де «баланың деңгейіне түсу емес, баланың деңгейіне көтерілу» қағидасын серік ете білді.

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Саят Қамшыгердің аудармалары таныстырылымы әдеби кешінің тізгінін қолға алған ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы айтқандай: «Саят Қамшыгер – қазақтың еңбек торысы, айқайламай, арқырамай, жер тарпымай өзінің жорға жүрісінен жаңылмай, ұлтқа, қазаққа, руханиятқа керек шаруаны атқарып жүр. Саяттың ақындығы – үлкен ағаларынан баға, ақсақалдарынан бата алған ақындық мектеп. Сондай-ақ, ол мен тек қана ақынмын деп сыңарезулеп, сыңаржақтап қана жүрмей қазақ әдебиетіне не керек, бізге не жетіспей жатыр, туысқан түрік әдебиеттерінде не бар, қандай жақсы дүниелер бар соның барлығын аударып, оқырманмен қауыштырып, қыруар шаруа жасап жүрген азамат».

Бүгінгідей жаһандану заманында жас ұрпақ тәрбиесіне құлшына қалам тарта білген Саят Қамшыгермен кездесуге ақын, жазушы, балалар әдебиеті өкілдері, оқушылар көптеп жиналды. Кеш шымылдығын ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысының орынбасары Нұржан Нұрланұлы ашып:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында жалпы балалар әдебиетіне көңіл бөлу жөнінде айтқан болатын. Осыған орай 2021 жыл – «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланды. Биыл балалар әдебиеті қаламгерлерін қолдау, жасөспірімдер арасында кітап оқуды насихаттау белсенді түрде жүзеге асады. Балалар жазушыларының әлем әдебиетінен көркем аударма ісін дамыту үшін қазіргі заман қаламгерлерін көпшілікке танытуда, бабаларды кітап оқуға ынталандыруға бағытталады», – деп Саят Қамшыгердің шығармашылығына шабыт тіледі.

 Алайда қазақ әдебиетінің ішінде балалар әдебиетін насихаттау бір жылмен шектелмеуі керек. Кітап оқитын ұлт, кітап оқитын оқырман қалыптастыру үшін үздіксіз мектеп қабырғасынан бастап балаларды тәрбиелей бастау керек екенін ұмытпаған жөн. Балалар әдебиеті ұрпақпен үндесіп, жалғасын табуы керек. Бір жылдың шеңберінде ғана балалар әдебиеті мен жазушы, ақындарын жоқтамай жыл сайын іздеп, түгендеп отырсақ нұр үстіне нұр емес пе?!

Осы ойымызды сабақтастыра жалғаған «Қазақстан дәуірі» ЖШС-нің Бас директоры «Мөлдір бұлақ» журналының қамқоршысы, қазақтың асыл анасы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы: «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дейді, мен Саятты мақтамаймын, Саятпен мақтанамын. Қазіргідей пандемия кезінде, біздің Саят бір өзі бір редакция. «Мөлдір бұлақ» балалар журналын, ақындығын да тастамай, тіпті, Бішкек шақырса Бішкекке, Уфа шақырса Уфаға, Өзбекстанға шапқылап, бауырлас елдер арасында әдеби көпір болып жүр. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген осы Саят дер едім. Саят екеуіміз бүгін шығыста болсақ, ертең батыстамыз. Бірге жүріп Саяттың балалар әлеміне кіруін, өлеңдерін оқып, балаларды өлеңге, поэзияға, прозаға, әдебиетке, руханиятқа тартқанын көріп бір әдемі күй кешемін. Әр кездесуімізде адамдар бізбен қимай қоштасады. Қазір де қимай күтіп отыр. Бүгін кітаптарының тұсаукесері болып жатқанының өзі – біздің барлығымыз, біздің бірлігіміз. Айналайын құтты болсын, қаламың мұқалмасын. Бейбітшілік заман болсын, қазақ аман болсын!» – деп ақжарма тілегімен академиялық кітапхана ұжымы мен жиналған көпшілік оқырманға алғыс айтты.   

Тілге жеңіл, жүрекке жақын

Ал келесі сөз кезегін алған жазушы, композитор Төкен Әлжантегі: «Саяттың бала тәрбиесінде, бала психологиясында адамгершілік қасиетімен елге жағымды болып жүргенінің өзі үлкен азаматтық. Үлкен жүректі азамат болмай әдебиетке де басқаға да жақындау мүмкін емес. Меніңше, Саяттың бір жақсы қасиеті – жазумен журналистік салада қызметті бірге алып жүрген ерлігі ұрпаққа үлгі болуы керек», – десе, ғалым, филология ғылымының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Білім академиясының басшысы Ұлан Еркінбай: – «Саятпен көп жерде сапарлас болдым. Ізгіліктің белгісіндей, әрдайым тазалық жағында жүреді. Жаны таза, әлемі мөлдір Саяттың балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы болуы да бекерден бекер емес», – деп оқырман талғамына сай «тілге жеңіл, жүрекке жылы» қарапайымдылығымен, тазалығымен ерекшеленген халықаралық деңгейдегі жазушы Саят Қамшыгер шығармаларының негізгі бағыт-бағдарына тоқталды. Сонымен қатар Ұлан Еркінбай ақынның барлық кітаптарын шығарған «Samga» баспасының атынан Саят Қамшыгерге шапан жапты.

Иә, халықаралық жазушы деуге әбден лайық Саят өзінің нәзік, сыршыл ақындық жүрегімен Башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтің шынайылықпен жазылған еңбектерін дәл сезінген, дәл бере білгендігі, оқырмандарының сезімімен емен-жарқын үндесе білгендігі. Саяттың айта кетуге тиіс тағы бір қыры – редакторлығы. «Мөлдір бұлақ» балалар журналын шығара отырып, Саят «бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей үлкен жауапкершілікті арқалап жүр. Яғни, журнал қоржынына келіп жатқан балалар шығармаларының ішінен нағыз талантты танып, оны демеп жіберу керек. Бұл келешек 10-20 жылдан кейінгі біздің қазақ әдебиетін жасаушы ұрпақты Саят сияқты редакторлар өсіріп жатыр дегенді білдіреді. Балаға шабыт беру де үлкен еңбек.

«Әр нәрсе өз құндылықтарына қайтуы керек. Сол сияқты біздің де бастапқы ұлттық түп сана, құндылықтарымызға қайтуымыз керек»,- дейді Саят Қамшыгер. Осы орайда журналист, «Абай» телеарнасының басшысы Азамат Кеңесұлы: Саяттың көрегенділігі – ешкім айтпай-ақ, ешкім тапсырма бермей-ақ, тамыры, түбі бір бауырлас халықтардың арасын жақындастыруды ертеден бастап кеткендігі. Екінші бір мәселе: бізден кейінгі буын балалары оқитын әдебиетсіз қалды. Саят осы бос кеңістікті, олқы жерді толтырып, осы істі қолға алды. Шығармалары балалардың жүрегіне жол тапты. Әлі де оқырман ықыласына бөлене береді деп сенеміз», – деді.

Шынында да Саят Қамшыгер кешегі бауырлас түркі әдебиетіндегі Башқұрттың драматург жазушысы, ақын Мұстай Кәрім мен Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шаханов сияқты үзіліп қалған достық жібін жалғастырушы алтын көпір екенін мойындауымыз керек. Ол аударған бауырлас халықтар әдебиетінің қазақ оқырманымен қауышуы қазақ балалар әдебиеті үшін де үлкен олжа. Әліден бастап Саят шығармаларын құныға бойына сіңірген, әдеби кеш қонағы, Нұр-Сұлтан қаласы Сәкен Сейфуллин атындағы №80 мектеп оқушылары ақын өлеңдері мен шығармаларынан үзінді оқып, жиналған көпшіліктің көңілін босатты. Осы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Айгүл Жүнісбекова:

«Балалар әдебиетінде соңғы тренд болған «Тастамашы, ана» кітабының астанадан он шақтысын ғана таптық. Елорда үлкен қала болғанымен, балалар әдебиетін іздеп оқитын оқырман үшін кітап дүкендерінің тапшылығын байқадық. Алматы қаласынан пойызбен, жолаушылар арқылы екі-үш рет алдырып оқыдық. Бұл кітаптардың бала психологиясында алатын орны үлкен. Себебі қазіргі қоғамда болып жатқан жағдайлардың шынайы суреттелуі және тастанды балалар тағдыры мен ата-анасы бар балалар арасындағы «аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» деген философиялық таным оқырманның ішкі түйсігіне түрткі болмай қоймайды», – дейді.

Астанаға жылымық әкелген ақын

Ақын, журналист Серікбол Хасан:

«Бала деген өте талғампаз оқырман олардың көңілінен шықты деген сөз, демек ол шығарма өте құнды деген сөз. Саят ағадан үйренеріміз көп. Ғалымдығы бір төбе. Ақындығы бір төбе. Аудармаларымен балалар әдебиетінің қорын толықтырып жатыр. Алдағы уақытта жандана түседі деп сенемін. Тағы бір қасиеті қазір әдеби агент деген ұғым бар. Айгиз Баймұхамедовтің қазақ тіліне аударылуы Саят ағаның тағы бір талантты қыры деп білемін. Өйткені түркі әдебиеті, түркі қаламгерлерінің шығармаларын қазақ оқырманымен қауыштыру, таныту, насихаттау деген бір үлкен жұмысты бір өзі атқарып келе жатыр»,- десе, балалар ақыны Олжас Қасым: «Қазір кенежелеп қалған балалар әдебиетінің орнын ойсыратпай, бастамашы болып жүрген Саят ағамыздың көптеген шәкірттері де қалыптасып келеді», – деген қуанышын жеткізді.

Ал Нұр-Сұлтандағы Башқұрт орталығынан келген өкіл Роза Бектемірова да қазақ ақынына тілегін арнап, Саяттың «Ауыл» деген өлеңін башқұрт тілінде оқып берді. Қазақ радиосының директоры Мұхамед Әли Болатұлы Саят Қамшыгердің «Биші қайыңдар» деген өлеңін оқып, «Саят балалық деңгейінде биіктігін сақтап қалған азамат. Дана адам дегеннің белгісі, бір ерекше ережесі менің түйсігімде ол дәуірді бойына сақтаған адам. Ол қандай дәуір… Балалықтан даналыққа дейінгі аралықта бозбала, ержігіт кезі. Ғашық болу үшін де ерлік керек, қайыңмен тілдесу үшін де қайрат керек»,- деген лебізін білдірді. Ақын өлеңдерін оқуды N83 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы Ернұр Ерғалиқызы жалғастырып, Башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметтің Саят аударған «Ертегісіз өткен балалық» кітабынан монолог оқып, жүректерді тебірентті.

Екі сағаттан емін-еркін асқан емен-жарқын кездесу ешкімді жалықтырмады. Саят Қамшыгер жайлы айтар әңгіме жиналып-ақ қалыпты. Өнердегі сара жолын салып, талғампаз оқырман жүрегіне жол тапқан Саят Қамшыгер жайлы достары да бала күндерінен естелік айтты. Лебізін білдіріп, алғыс айтқысы келген, құрметін көрсетіп, жақсыдан шарапат алғысы келген көпшіліктің тоқтайтын түрі көрінбейді. Өлеңдер оқылып, жырдан шашу шашылды.

Әдеби кештің түйінін еңбегімен ел еркесіне айналған ақын, аудармашы Саят Қамшыгер өзі түйіндеді. «Астанаға көп адамдар Алматыдағы жылу жоқ деп баға беріп жатушы еді. Бірақ жылу бар екен. Ол астананы жылытып тұрған сіздердің көңілдеріңіз, риясыз пейіл, жүректеріңіз. Қатты толқып отырмын, балалар өлеңдер мен монолог оқып жатыр. Мен шынында да бақытты болып отырмын. Әзербайжанның Баку қаласында Айгизбен таныстым. Қонақ үйдің бір бөлмесінде 4 күн бірге қонып, сырластық. Айгиз Алматы туралы сұрай береді, сұрай береді. «Неге сұрай бересің?» десем, «Менің анам қайтыс болып кеткен. Анам төрт-бес жас кезімде Валентина Толкунова айтатын «Город мой Алматы» деген әнді айта береді, тамақ істесе де, кір жуса да айта беретін. Сонда Алматы туралы әнді неге айта берді деп таң қалатын едім. Алматымен бір байланысы бар ма, әлде көргісі келді ме? Менің бір арманым бар Қазақстанды, Алматыны көргім келеді» дейді. Ол ән «Сағындым Алматымды» екен. Айгиз мен сені Алматыға шақырам дедім. Содан кейін ол Алматыға он шақты рет келді. Алла Тағала мені Башқұрт пен қазақтың арасын жалғасын деп кездестірді-ау деймін. Солай жолы ашылды. Айгиз қазақты өте жақсы көреді. Бұл кітаптарда Айғиздің басынан өткен тағдыры суреттелген, сонысымен құнды, шынайы.

Мектепте жүріп алғаш өлең жазып жүрген бала кезімде, шіркін өлеңдерімді оқытып алсам ғой, ауылға бір ақын, журналист, жазушы келсе ғой, сұрақтарымды қойып алсам ғой деп армандадым. Бірақ мен 11 сынып бітіргенше, менің Кезеңсу деген ауылыма ешкім келмеді. Бірақ мен қазір бақыттымын. «Мөлдір бұлақ» арқылы мен өзімнің бала күнгі арманшыл кезімдегі сияқты балалардың арманына қанат бітуіне, өлеңдерін тексеріп, шығармаларының жарық көруіне кішкентай болса да себепкер болып жүргеніме қуанамын. Өнерлі ұрпақ өсіп келеді. Еліміз аман болсын! Ұрпақ аман болсын», – деп кеш қонақтарына алғысын білдірді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз