«Әлібиге әділдік» деген тақырыппен онлайн жиын өткізген көпшілік Президент Қ. Тоқаевқа үндеу жолдады

«Әлібиге әділдік» деген атаумен БАҚ-тарда да әлеуметтік желіде де көпшіліктің назарын аударған, тіпті елге танымал өнер адамдарының да алаңдаушылығын тудырып, барлық қоғамның дерлік қолдауына ие болған Әліби ісі ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетовтің құзырына да жетіп, қазір ақ-қарасы қаралып жатыр.

Бірақ Әліби ісіне соңғы әділдік нүктесі қойылғанша, қол қусырып отыруды жөн деп санамаған қоғам қайраткері, көсемсөзші, журналист, мәдениеттанушы Серік Ерғали, «Qazaqstan dauiri» газетінің, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, «ЕлАна» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайтының Бас редакторы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы бастаған Әліби Қаныбекұлының құқығын қорғаушы қоғамдық топ елімізде Наурыз мерекесін тойлаудың алғашқы күні деп белгіленген 14 наурыз – Көрісу мейрамы күні зуумда конференция өткізді.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы

Онлайн конференцияға Facebook әлеуметтік желісі арқылы көптеген қолдаушы қоғам қайраткерлері, жанашыр жастар, басқа да қоғам белсенділері қатысып, өз пікірлерін білдірді. Нұр-Сұлтан қаласынан ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы, қоғам қайраткері, көсемсөзші, журналист, мәдениеттанушы Серік Ерғали, «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова, Ақтөбе обдысынан кітапхана меңгерушісі Қырмызы Байқан, дарабоз сыйлығының бас жүлдегері, ақпарат саласының үздігі, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы, Нур-Султан қаласы Адвокаттар алқасының адвокаты Риза Нұрбаева мен Алия Ахметжанова, Нұрсұлтан қаласынан ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, Алматы қаласынан ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Меруерт Өтекешова, Нұрсұлтан қаласынан ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, «Алтын жүрек» номинациясының иегері Ільясова Майра, Нұрсұлтан қаласынан ҚР Еңбек сіңірген әртісі  «Құрмет» орденінің иегері Светлана Айтбаева, Әлібидің әкесі Қаныбек Табышов, бір топта оқитын достары Жәңгір Қайыржанұлы, Қанат Маратұлы, Айзада Жанатқызы,  жеңгесі, мұғалім, Ақтөбе қаласынан Балжан Тасқынбаева, Ақтау қаласынан ф.-м.ғ.к., доцент Ш.Есенов атындағы КТИУ ұстаз Базаргүл Құлжағарова, Нұрсұлтан қаласынан Сәлима Қасымбек, бір топта оқитын достары Жәңгір Қайыржанұлы, Қанат Маратұлы, Айзада Жанатқызы сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды.

Журналист, мәдениеттанушы Серік Ерғали

Онлайн жиынның ұйымдастырушысы, модераторы, қоғам қайраткері, көсемсөзші, журналист, мәдениеттанушы, этнограф Серік Ерғали: – «Мереке бола тұра, мемлекетке де халыққа да ең басты құндылық болып есептелетін адам құқы туралы ашық, онлайн конференцияға жиналуымыздың мәні аса зор. Бұл жиында бас қосуға мәжбүр болып отыруымыздың себебі, еліміздің жап-жас азаматы Әліби Қаныбекұлы Өтепбергеннің жазықсыздан жазықсыз 10 жыл мерзімге сотталып кеткендігі. Бұл жас азамат «Шабыт» Ұлттық академиялық Өнер университетінің студенті ретінде еліміздің мәдениетіне, өнеріне аты әйгілі Меруерт Өтекешова апамыздың туған баласындай болған шәкірті және ибалы отбасында дұрыс тәрбиеленген азамат ретінде жазықсыздан жазықсыз сотталып кетуі бәріміздің де төбе құйқамызды шымырлатып отыр. Себебі мұндай жолмен біздің елімізде кез келген адамды саусақ шошайту арқылы соттап жіберуге мүмкіндік бар екеніне көзіміз жетіп, мұндай масқара жағдайға тоқтау салу керек. Бұл біздің азаматтық міндетіміз. Сондықтан зуумдағы жиынға қатысып отырған барлықтарыңыздың азаматтық белсенділіктеріңізге алғыс айтамыз. Жаңа жыл құтты болсын! Құрметті Facebook-тағы біздің жанашыр достарымыз, сіздерге де осы тілек пен алғысымызды арнаймыз.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров

Бұған дейін бұл іс бойынша талай адамдар, талай азаматтар өзінің пікірін, позициясын, көзқарасын айтып келді. Тиісті органдарға шығып келді. Өкінішке орай, нәтиже болмай отыр. Себебі іс қайта қарауға жіберілсе, бұған дейін заңсыз әрекет еткен, үкім шығарған Әліби ісіне қатысы бар барлық құқық қорғау органдарының қызметкерлері жауап беруге тура келеді. Сондықтан бұл іс қайта қозғалмай тұрғаны жасырын емес.

Енді жаңа жылымыздың алғашқы күні бірінші Алла тағаладан тілек тілейміз. Жаңа жылда жарылқап, азаматымызды қапастан босатып, еліміздің масқара болған сот жүйесін жаңартуға бүгінгі отырыстың қорытындысы ретінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаға арнайы Үндеу жариялаймыз. Бұл әрекетімізден ешқандай нәтиже болмаса, дүниежүзілік деңгейдегі ұйымдарға, инстанцияларға шығамыз», -деп Әліби Қаныбекұлының құқығын қорғаушы қоғамдық топтың онлайн конференция ұйымдастырудағы мақсаттын түсіндіріп берді.

Кітапхана меңгерушісі, нағашы апасы Қырмызы Байқан

Ал Ақтөбе облысының тұрғыны, кітапхана меңгерушісі Байқан Қырмызы: – «Әлібидің нағашы апасымын. Әлібидің басына осындай сынақ түскен қиын шақта, Әлібиге қолдау білдіріп, көмектескен әрбір жанға Алла разы болсын! Әлібидің басындағы жағдайды қысқаша баяндап өтетін болсам, Әліби елордадағы «Шабыт» Ұлттық академиялық Өнер университетінде, «Қазақтың Қыз Жібегі» атанған Меруерт Өтекешова апайдың шеберханасында топ жетекшісі болып, өзінің арманы – өнер жолын қусам деген ізгі ниетімен білім алып жатқан еді.

ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Меруерт Өтекешова

Екінші курсты тәмамдап, достарымен, туған анасындай болған панасы – Меруерт Өтекешованы орталарына алып, еліміздің екі облысында гострольдік сапармен өнер көрсетіп, кейін демалысқа шыққан еді. Жазғы демалыс уақытында еңбек етіп, өзіне аздаған қаражат табу мақсатында балалармен жұмыс жасағысы келетінін айтқан болатын. Әрине, әкесі, аға-бауыр, туыстары ол ұсынысын қолдап, азамат жігіт жұмыс істесе несі жаман деп, лагерьде жұмыс істеуіне рұқсат бердік. Жұмысқа орналасқан үш-төрт күннен кейін ерке балалардың әрекетіне тап болып, басына бұлт үйіріліп отыр. Әрине бәріміз де бала өсіріп отырмыз. Ешкімнің баласын жамандауға қақымыз жоқ. Бірақ балалардың «кектенген» әрекетінен Әлібидің басына ауыр сынақ түсіп тұр.

Әлібидің анасы осыдан бес жыл бұрын қайтыс болып кеткен. Ол бауырымның «осы баламды әнші қылсам, өнер биігінен көрсем, сахна төрінен көрссм» деген арманы бар еді. Бірақ сол арманды анасы көрмей кеткен соң әкесі, туыс, бауырлары Әліби өнер университетіне оқуға түсем дегенде тақымымызды қысып, тілегімізді тілеп, қолдап аттандырған едік. Ақ қанат арманының ақ жолына түскен Әлібиімізді бүгін бір көруге зар болып отырмыз. Әрине заң бәрімізге бірдей. Дегенмен, әр нәрсенің екі жағы бар. Істі тергеу барысы бір жақты қаралды, куәгерлердің, тіпті жала жауып айыптаған топ басында ойланбай жазған арыздарын қайтарып алып, ондай жағдайдың мүлде болмағандығы, «Восток-Ақтөбе» жазғы лагеріндегі орнатылған бақылау камерасында да Әлібиге қатысты ешқандай оғаш әрекеттің жоқ екеніне қарамастан, ешқандай айғақ, дәлелсіз 10 жылға бас бостандығынан айырылып, мамандандырылған түрмеде отыр. Бұл әділетсіздік!

ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Ільясова Майра

Екі жылдай уақыт болып қалды, Әлібиге сенген, оның бойындағы адалдық пен адамгершілікке сенген Асанәлі Әшімов бастаған, түгелге дерлік өнер қайраткерлері мен қоғам белсенділерінің, барлық жанашыр Әлібиді қолдаушы таныс, бейтаныс барлық қоғам үніне жоғары билік пен заң органдарының құлақ аспауы жанымызға батып отыр. Өрімдей жастың өмірі өксікпен өтпек пе деген үрей, түн ұйқымыз бен күн күлкімізді ұрлады. Барлық тілекші, жанашыр қолдап жатқан жандарға рақмет! Біз әділдікке орнайтынына сенеміз! Әліби ақталып келеді деген үмітіміз үзілмейді!», -деп Әліби Өтепбергеннің басына түскен ауыр сынақтың мән-жайына тоқталды.

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы

Сондай-ақ, дарабоз сыйлығының бас жүлдегері, ақпарат саласының үздігі, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы: – «Әліби ісінде әділдік орнайтынына сенеміз. Жас баланың жазықсыз жапа шеккені бәріміздің жүрегімізді ауыртады. «Qazaqstan dauiri» газетінің, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, «ЕлАна» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайтының Бас редакторы, ҚР Журналистер Одағының  мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызының зерттеп, зерделеуімен, газетіміздің 18.02.2021 жылғы  N7 санында «Жазықсыз жапа шеккен  Әлібиге араша!» деген тақырыпта ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетовтің назарына  жанайқай мақала жарияладық. Бұл іс біздің назарымызда болады. Ақпараттық қолдауға әрдайым дайынбыз. Біз біргеміз, қолдаймыз», -деп жанашырлық, қолдау ниетін білдірді.

ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Светлана Айтбаева

Сонымен қатар, онлайн жиын барысында сөз сөйлеген ұстаздары Меруерт Өтекешова, Асхат Маемиров, Майра Ілиясова, Светлана Айтбаева, адвокаттары Риза Нұрбаева мен Алия Ахметжанова бір топта оқитын достары Жәңгір Қайыржанұлы, Қанат Маратұлы, Айзада Жанатқызы Әліби Қаныбекұлы туралы пікірлерімен бөлісіп, оның адамгершілігі мен таланты, мейірімділігі мен еңбекқор, ізденгіштігі, әділетсүйгіштігі мен «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қағидаға берік, адалдығы туралы айтып, Әлібидің бостандыққа шығатынына сенім білдіріп, ақ адал ниет-тілектерін жеткізді. бір топта оқитын досы Жәңгір Қайыржанұлы, Қанат Маратұлы, Айзада Жанатқызы

Бір топта оқитын досы, Жәңгір Қайыржанұлы

Бір топта оқитын досы, Жәңгір Қайыржанұлы: – «Құрметті Әлібиді қолдаушы, жанашырлары біз сіздерге рақмет айтамыз. Ұстаздары, ел анасы, ел ағалары барлығыңыз қолдау білдіріп жатырсыздар, Әлібиді ойласақ, бәріміздің жүрегіміз ауырады. Себебі, біз тергеудің көзі көрмейтін, сотының құлағы естімейтін, билігі жақ ашпайтын қоғамда өмір сүріп жатқанымыз өкінішті. Бірақ біз Әлібидің ақ таңы ататынына сенеміз. Әлібидің кінәсіз екенін білеміз. Біз бірінші курстан «болар бала боғынан» дегендей Әліби еліміздің өрелі өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосатын азаматтың бірі болатын. Асхат Маемиров аға да «Әліби қазақтың болашақ Асанәлісі еді» деп айтып жатыр, біз де ағамен келісеміз. Біз азаматтық тұрғыда Әлібиді қолдау адамдық борышымыз деп білеміз. Себебі Әлібидің басындағы келеңсіз жағдай біздің Қазақстан сотының дерті десек те болады. Біз ел ағаларынан Әлібидің ісі өзіміздің сотқа сенбейтінімізді, істі қайта қарау «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деңгейінде қалып қояды-ау деген күдігіміз расқа аналып кете ме деген қаупіміз бар болғандықтан, бұл іс дүниежүзілік деңгейге жетсе қалай болар еді деген өтінішімізді жеткізгіміз келеді»,- деп алаңдаушылығын білдірсе, бір топта оқитын Қанат Маратұлы: – «Біз Әлібимен бірінші курстан бері бірге оқыған группаластарымыз.

бір топта оқитын досы Қанат Маратұлы

Әліби алғашқы күннен біздің өзімізді тәртіпке салып жүретін. Мысалы қыздарға «Сендер Қазақтың қыз Жібегінде оқисыңдар, шаштарыңды өріп жүріңдер» деген сияқты көзге ұсақ-түйек болып көрінгенімен, мағынасы зор ибалық, ізеттілік мәндегі қазақы, адами болмысқа тәрбиелеп жүретін. Светлана Айтбаева апай айтқандай, Әліби балаларды тәртіпке шақырғаны үшін осындай жағдайға тап болып отыр. Оны біз осы іс басталғалы бері айтып келеміз. Айта береміз, шаршамаймыз. Әліби бостандыққа шыққанша айта береміз», -дейді.

Бір топта оқитын досы Айзада Жанатқызы

Ал бір топта оқитын досы Айзада Жанатқызы: – Әліби ісін орта жолда қалтырмай, қолдап жатқандарыңызға рақмет. Шынымен бұл тек Әлібидің ғана емес бүкіл қазақ баласының, қазақ жалқының басына түскен трагедия болып саналады. Себебі бұл жағдай әркімнің басына түсуі мүмкін. Бәрімізге ауыр. Әлібиді ойласам, анау қараңғы қапаста жазықсыздан жазықсыз отырғаны жүрегімізді ауыртады. Шыны керек ол не үшін отырғанын өзі де білмейді. Қандай жазығы үшін отырғанын… Мен Әлібиден төрт жас кішкентаймын, ол маған үлкен қамқорлықпен қарайтын. Мен бірінші курста 17 жаста болатынмын, сол кезде біз топпен бір жаққа баратын болсақ, Әліби мамама қоңырау шалып, сұрап алатын. Тіпті қарындарың ашып қалған жоқ па деп жағдайымызға алаңдап, форманы тастамай киіп жүріңдер (актерскийде қара форма киетін талап бар),    шаштарыңды жинап жүріңдер, апайды алаңдатып, шаршатпаңдар, тыңдаңдар, ағайдың тілін алыңдар деп бізден үнемі тәртіпті талап ететін. Аузынан тек осындай сөздер ғана шығатын адамнан арсыздық келеді деп ойламаймын. Әлібидің адал екеніне сенемін, ешқандай дәлелсіз, кінәсіз анау жақта отырғанына, біз, қарсымыз. Әлібидің ақталып, бостандыққа шығатынына сенімдіміз»,- деп ел ағалары мен аналарға зор сенім артып отыр.

Алайда заң тұрғысынан адамның адалдығы мен әділеттілігі сынға түскенде, алдымен айғақ дәлелдің табанды түрде нақтылануымен ғана жеңіске жетуге болатынын, ақиқаттың анау айтқандай оңай орнай қалмайтынын, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына дейін жетіп, жемқорлығымен ұятқа қалған Қазақстан сотының кез келген істе әділдік жолында әділ шешім шығаруға соншалық құлықты емес екенін айтқан «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова Әліби Қаныбекұлының құқығын қорғаушы қоғамдық топ өкілдеріне және барлық қолдаушы тарапқа өзінің ойы мен ақыл-кеңесін айтып, істің мән-жайының ары қарай қалай өрбуі керектігі жөнінде пікірімен бөлісті.

«Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова

«Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталованың айтуынша мәселе эмоциямен, бүкіл халықтың өре түрегелуімен арызданып, шағымданумен шешілмейді. Әліби ісінде үлкен күрескерлік пен сабыр керек! Әліби ақталуы керек! Бұл еліміздің сот жүйесіндегі тамыры тереңдеп бара жатқан, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бір қадам болса да әділдікке жақындау үшін және келешек ұрпақтың мемлекетімізде адам құқының аяқ асты болмайтынына, құқықтық тұрғыда еркін әрі қауіпсіз еңбек етеміз деген жастардың сеніміне селкеу түсірмеуіміз үшін қажет.

Зәуреш Батталова: – «Онлайн конференция барысын басынан бастап бақылап отырмын. Әкесі, ұстаздары, барлық үлкен-кішілі жанашыр адамдардың пікірін тыңдадым. Әлібидің өнер адамдарынан, қоғам қайраткерлерінен өте жақсы мінездеме алып отырғанын, халық қолдап, қатарластарының, крустастарының, группаластарының сыйлайтынын көріп, түсініп отырмын. Жақсы. Бірақ құр эмоциямен, жанашырлық, жалынды сөзбен ештеңе дәлелдей алмаймыз. Мен заң тұрғысынан айтар едім… Ол таза еді, жақсы еді, ешқандай қылмыс жасамаған еді деген аз. Мен Меруерт Өтекешова апайымыз, Димаштай ұлды дүниеге әкелген Светлана Айтбаева сөйлегеннен кейін Әлібидің жазықсыз екеніне сенемін, Әлібидің жазықсыз екені ақиқат. Бірақ заң тұрғысынан сенбей отыр ғой.

Әлібидің Әкесі Қаныбек Табышов

Негізі соттың шешімін тек қана жоғары сот қана жойып жібере алады. Адвокатты тыңдағанда түсінгенім, жоғары сот бұл істі еш өзгеріссіз қалдырды. Енді бас прокуратураға арызданды. Бас прокуратура протест шығарса, нақты кемшіліктерді дәлелдеп соттың қайта қарауына жіберсе, онда жақсы. Жібермесе, онда ол іс осылай қалатын болып тұр. Заң тұрғысында процесстің қатесін дәлелдеу арқылы және арызданғандардың біреуінен басқа арыздарын қайтарып алған адамдар да Әлібидің ақталуын қолдап, бізбен бірге аяғына дейін күрессе… Арыздарын қайтарып алды ма, «ерліктерін» соңына дейін жеткізіп, жақтаушылармен бірге болулары керек деп ойлаймын. Ешқандай қылмыстық істің болмағанын көріп отырған ата-аналар балалардың қателігінен іс насырға шапқанын біліп отырып, Әлібидің обалына қалмасын, ақталуына көмектессін. Өз балаларын да тәрбиелесін. Ертең өз балалары елімізде 37 жылды тудыратын балаларға айналмасын. Адам өмірімен ойнамасын! Адам өмірі ойыншық емес! Бүкіл қоғамның алдында мұндай қастандық жасауға, мұндай әрекетке баруға ешкімнің қақысы жоқ. Жаңа ұстаздары, басқа да адамдар айтқандай, елімізде егер ертең қандай да бір жағдайда балалар немесе басқа адамдар «ғайыптан тайып» біреуге жақпай қалса,  кез келген адамның саусақ шошайту арқылы жауапқа тартылу қаупі бар екені жасырын емес. Шынында да бұл мәселенің күрделілігі сонша, сот төрелігінің әділетсіздігінің кесірінен әр баланың ертең «ойыннан от шығып», біреуден «өшімді аламын, жауапқа тарта саламын» деген арам пиғылды, ойды қолдаған сияқты әсер қалдырып отыр. Неге десеңіз… Қазір балалардың бәрінің қолында смартфон, бәрін көреді, оқиды, интернет арқылы жақсыны да жаманды да үйренеді. Сондықтан Әліби ісі секілді мәселеде балалардан кеткен ағаттықты ақтау тәрбие мәселесіне де кері әсерін тигізетін түрі бар.

ф.-м.ғ.к., доцент Ш.Есенов атындағы КТИУ ұстаз Базаргүл Құлжағарова

Әліби ісінде әділдік орнауы керек. Тек қана Әліби үшін ғана емес, тек қана Әлібиді бостандыққа шығару үшін ғана емес, бүкіл баланы шындыққа тәрбиелеу үшін қажет. Балаларымыздың ойында «біреуден өш алам, біреуді жауапқа тартам» деген арам пиғыл болмасын. Тағы бір айтатын нәрсе. Әлібидің группаластары секілді жастардың жүрегіне күмән ұяламасын. Қазақстанда еңбек ету қауіпті, жазықсыздан жазықсыз жазалануымыз мүмкін деген үрей болмас үшін… Қазақстанда заң орындалмайды, Қазақстан сотының әділдігі жоқ деген жастардың күмәні болмау үшін, біз, күресуіміз керек. Сондықтан Әлібидің бостандығы бірінші болса, екіншіде балалардың тәрбие, сенім мәселесі тұр.

Елімізде тергеушілердің кесірінен қаншама адам әділетсіз сотталып жатыр. Мұны бәріміз білеміз. Ең бірінші орыстар айтқандай «рука руку моет», қазақта «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген сөз бар. Сот бірін бірі қолдайды. Сотты кері қайтарып, күшін жойып, әділ шешім қабылданса, заңсыздыққа жол берген адамдар жауапқа тартылады. Бүгін содан қорқып отыр. Өкінішке орай, құзырлы органдарда Әлібидің тағдырын, мемлекеттің беделін, жоғары адам құқын қорғау принципін, заңның жоғары мәртебелі принципін қолдап отырған заң адамдары жоқ. Сондықтан . Өзіміз құқық қорғаушылар топ құрып, сараптамалық кездесу өткізіп Әліби ісінде халықаралық құқықтық стандартқа келмейтін қандай процессуалдық қателік бар, соны талдап, дәлелдеуге дайынбыз.

Жазықсыз Әліби екі жыл отыр. Біздің Қазақстанда Арон Атабек жазықсыз 15-16 жыл отыр. Басқа да қаншама жазықсыз сотталғандар бар. Сондықтан менің нақты ұсынысым әділдік жолында жұмыс тобын құрып, заңды түрде күресуге бірігейік! Бірігейік, біріккеннің күші мол болады, жеңіске жетеміз. Жұмыс тобын құрайық, адамдарды, беделді адамдарды, құқық қорғаушыларды, тағы басқа құқық қорғаушыларды шақыруды мен өз міндетіме алайын. Сөйтіп істі аяғына жеткізейік. Үміт сөнбеуі керек!»- деп Әліби ісінің өте нәзік, күрделі мәселелерін түсіндіріп берді.

Жеңгесі, мұғалім Тасқынбаева Балжан

PS: «Әлібиге әділдік» сұрап, құқының қорғалуын талап еткен топтың жанайқайы екі жылдай уақыт өтсе де толастар емес. Мән-жайға қанық болғаннан кейін Әлібидей ел жақтаған жас өреннің қапыда қапаста отыруы кез келген жанның жанын түршіктіретіні рас. Елімізде сот төрелігінің «Тура биде туған жоқ» принципінен тайқып, мазаққа айнала бастағаны кім кімді де ойлантуы керек. Өсіп келе жатқан ұрпақ үшін де әділдік салтанат құрған, құқықтық, азаматтық қоғамның орнау керектігіне мемлекеттің әрбір азаматы үн қосуға қақылы. ҚР еңбек сіңірген әртісі  «Құрмет» орденінің иегері Светлана Айтбаева айтқандай, Әліби өзінің қарамағындағы балалардан темірдей тәртіп талап еткені үшін ғана жазаланып отыр. Бұл ақиқат. Атақты ойшыл Әбу Насыр әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес,  тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген  білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Бұл сөздің растығы  Әлібидің лагердегі балаларды тәртіпке шақырып, би кешіне жібермегені үшін, кінәлі болып отырғандығынан көруге болады. Осы орайда ұрпаққа өнегелі тәрбие беру – қоғамның өзін, елдің тірегін қалыптастыру екенін естен шығармасақ…

Онлайн жиынға қатысушылар ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың атына үндеу жолдады. Жоғарыда айтқанымыздай мұның алдында «Qazaqstan dauiri» газетінің бастамасымен Әліби Өтепбергеннің ісі қазір ҚР Бас Прокуратурасында жатыр. Халық әділдікті талап етеді. «Qazaqstan dauiri» газеті мен сайты және «Елана» сайты бұл істің барысын назардан тыс қалдырмайды.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ,

«Qazaqstan Dauiri»

 

Қазақстан Республикасының Президенті ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаевқа

Көшірмесі ҚР Бас Прокуратурасына

 

ҚР ҚК 124-бап 3-ші бөлігі бойынша 

Жазықсыз сотталған Өтепберген Әліби Қаныбекұлы

құқығын қорғаушы қоғамдық тараптың

ҮНДЕУІ

26 наурыз 2020 жылы Актөбе қаласының ауданаралық сотының шешімімен 19.03.1997 жылы туған Өтепберген Әліби Қаныбекұлы ҚР ҚК 124-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. 08 маусым 2020 жылы Ақтөбе облыстық қылмыстық істер сот алқасының қаулысымен сот Үкімі өзгеріссіз қалып, аппеляциялық шағым қаңағаттандырусыз қалдырылды.

Қорғау тарапы соттың үкімімен және аппеляциялық алқанын қаулысымен қылмыстық–процессуалдық заңның елеулі түрле бұзылуына байланысты   соттардың үкімдерімен ешбір келіспейді.  Сот актілерін заңсыз және негізсіз деп санаймыз, себебі соттың шығарған қорытындылары іс жүзіндегі орын алған оқиғамен ешқандай сәйкес келмейді, қылмыстық процессуалдық заң өрескел қате қолданылған, осы қылмыстық іс бойынша дәлелдердің растығына  жөнсіз баға берілген. Бұл оқиға қылмыстық іс қозғауға тұрмайтын, тәртіпке шақырған тәрбиешіге ерегесіп, жасөспірім балалардың қасақана түрде алдын ала келісіп берген доностың кесірінен ушығып, ақыры ұшқары қолдан жасалған сот процесіне айналған.

Нәтижесінде балаларға тәрбиенің нағыз болмысын паш ететін үлгілі, кіршіксіз 21 жасар қыршын жастың ғұмыры быт-шыт болып отыр. Өкініштісі сол – өзіңіздің көзіңіз жетіп, сот жүйесін реформалау керек деген бастамаңызға бұл сот шешімі тағы бір дәйек пен дәлел болып отыр.

Біріншіден. Сот тергеу барысында «Акбөбек-Восток» лагерінде тәрбиеші болып жұмыс істеген куәгер Н.А. Бахитжанның көрсеткен жауаптары тексеруден өткізілмеген және үкімді шығаруда еш ескерілмеген жеке алғанда Н.И.  Бахитжан өзінің жауаптарында ол  Өтепберген Әлібимен 7-топта тәрбиеші болып бірге істегенін айтқан. Ол қыздар тобын  қараған, ал Әліби ұл балалар тобын бақылаған.

Куәгер Н.Бакитжанның айтуы бойынша, ұл балалардың А.Қ.Өтепбергенге  жала жапқандары туралы айтып жеткізген 7-жасақтың қыз балалары анықталмаған және  олардан жауап алынбаған.

Оқиға былай орын алған. 2019 жылы 25 шілде күні аталған 7- жасақтың ұлдары өздерін тәртіпсіз ұстағандықтан, Ә.Қ.Өтепберген мен Н.Бакитжан екеуі сол ұлдарды кешкі би кешіне жібермеу туралы шешім қабылдаған. Келесі күні, яғни 2019 жылдың 26 шілдесі күні балаларға ата-аналары келіп, Н.А.Бахитжан корпус ішінде бірнеше ер баланың өз араларында сөйлесіп тұрған сәттерінде, арасында біреуінің «Біз Әліби ағайды соттатайын деп жатырмыз, сонда мен басты рөлде ойнаймын»,- деген сөздерін анық естіген. Кейін бұл әңгімелерді естіген 7-жасақтың бірнеше қыздары тәрбиеші Н.А.Бахитжанға келіп, «Әліби ағайдың кінәсі жоқ, балалар дискотекаға жібермегені үшін осыдай шу шығарды» деп мәлімдеген.

Істің мән-жайын түгелдей өзгертететін қыздардың айғақ-деректері мен куәгер Н.А.Бахитжанның баяндаған мәліметтері сотқа дейінгі тергеп-тексеру процесінде мүлдем тексерілмеген, сот отырысында да ескерілмеген.  Сөйтіп, оқиғаның түпкі мотиві мүлдем қарастырылмаған.

Екіншіден. Кәмелетке толмағандардың жауаптарына депонирование жүргізу барысында ҚР ҚПК  заңына қатысты өте маңызды  бұзушылықтар жіберілген.   Қылмыстық істің бар материалдарында жауаптарды депонирования жасау кезінде прокурордың сұрақтары қажеттілікке жарайтын жауаптарға итермелеу орын алған және қойған сұрақтарына прокурордың өзі жауап беріп отырған. Тіпті Тергеу судьясы  осыған көңіл аударып прокурордың сол кездегі әрекеттеріне ескерту жасаған.

Үшінші: Сотқа дейінгі тергеу барысында кәмелетке толмағандарға тергеу судьясында бар дәлелдердің негізінде олардың психо-эмоцианалдық жағдайларын анықтау мақсатымен сот-медициналық сараптама тағайындаған. Сот сарапшысының қорытындысы бойынша, сарапшы қойылған сұрақтарға тиянақты жауап бере алмаған.  Себебі, вербалды және вербалды емес мәліметтердің бақылау бейне камерасындағы жазылған бейне жазбалары көрінбейді.

Бұндай сот процесінде сот-психологиялық-криминалистік сараптама шеңберінде  тергеу өңдірісін жүргізудегі ықпал жасау фактілерін анықтау  және адамның психологиялық-эмоционалдық жағдайын өзгерту мақсатындағы  мәселелер шешіледі. Осыған байланысты сотқа бейне жазбаларды қолданып жауаптар алып және қайталап сот психо–эмоционалдық сараптама жүргізуді тағайындауы  қажет еді – ол істелмеген. Сонымен бірге сот-сексолого-психолого психиатриялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, Өтепгерген Әліби Қаныбекұлы бұрын, қылмыс жасаған кезде және қазіргі уақытта (зерделеу сәтінде) қандай да бір психикалық күйзеліске шалдықпаған, қалыптан ауытқымаған, сонымен қатар жыныстық басымдылығының педофилия түріндегі белгілері мен жыныстық саласы бойынша сырқаты анықталмаған. Ә.Қ.Өтепбергенде кәмелетке толмағандар мен жас балаларға қатысты сексуалдық жағына басымдық анықталмаған. Бұл сараптамалық қорытынды Әліби Өтепбергеннің әрекеттерінде қылмыстың құрамы мен қылмыстық оқиғаның жоқ екендігін растайды.

Төртінші. Соттар алдын ала тергеуде орын алған  бұзушылықтарға жіті назар қоймаған, осының нәтижесінде екінші инстанциядағы сот үкімді сол күшінде  қалдырған.

ҚР қылмыстық кодексіне сәйкес қылмыстық процессуалдық заңды бұзып қол жеткізген деректерді дәлел ретінде қолдануға жол берілмейді және ол айыптың негізі ретінде алынбайды, сонымен қатар қылмыстық іс бойынша кез келген оқиғаны дәлелдеуге қолданылмайды. Оны тек жоғарыда көрсетілген дәлелдердің шындыққа жанаспайтындығы негізінде жоққа шығару үшін қарауға болады, қорғаудың жеке дәлелі ретінде  Ә.Өтепбергеннің жазықсыздығы оның айыбын растаушы айғақтар жыймасының жоқтығы болып табылады.  Осының барлығында дәлелге жатпайтын және процессуалды заңды бұзу жолдарымен алынған дәлелдемелер  Өтепберген Әлібиде жас балаларды жыныстық жолға бұрмалаудың  жоқтығын көрсетеді.

Басқа дәлелдер бойынша сотталушы балаларға ешқашанда тиіспеген. Балалар оған қасақана жала жапқан.

Бесінші. Тергеушілер жәбірленушілердің түгелінен психологты, педагогты және адвокатты қатыстырмай заңсыз жауаптар алған. Бұл жәбірленушілердің өкілдерінің (ата-аналары) жауаптарымен расталып отыр, олар сот отырысында балаларынан жауап алу кезінде өздерінен басқа ешкімнің болмағанын көрсетті, басқа ересек қатысушылар  болмаған.

Алтыншы. Кәмелетке толмағандардан жауап алу бойынша фальсификация/бұрмалау фактісі орын алған, ол деректер бойынша  бір тергеуші жәбірленушілерден бір күн ішінде және бір уақытта жауап алған. Іс бойынша маңыздылардың бірі болып «Акбөбек-Восток» лагерінің барлық периметрінде және корпустардың іштеріндегі орнатылған 48 видео бақылау камераларында түсірілген жазбалардың біреуінде де Өтепберген Әлібидің демалушы балаларға қатысты қандай да болса құқықбұзу фактілері кездеспеген. Балалардың жауаптары бойынша  Өтепберген Әліби оларға қатысты орынжайлардың ішінде де, сыртында да күш көрсету әрекеттерін жасаған деп көрсеткен жала болып табылады.

Жетінші: Сот отырыстарында жәбірленушілердің жауаптарынан, олардың айтқан ойлары және аргументтері осындай фактінің орын алуы болмағанын меңзейді, бұған соттар назар аудармаған және  көзге де ілмеген.

Жәбірленушілер әлеуметтік желілерде және теледидарда осы фактінің және оқиғаның болмауы туралы жазбалар орнатуға мәжбүр болып отыр. Сол жазбаларда осы фактінің болмауы және олар ата-аналарына ешқандай қылмыстың болмағаны туралы және  Өтепберген Әлібиге жала жапқандары туралы   шынайы түрде айтып мойындағандары туралы жазады.

Бүгінгі күнде 6 (алты) кәмелетке толмаған жасөспірім өздерінің бастапқы берген жауаптарынан бас тартып және олар  Өтепберген Әлібиге жала жапқандарын мойындап отыр.

Құқық күзету органдарының адам тағдырына бұлайша атүсті қарап, оны аяқасты етуіне қарапайым біз секілді азаматтар тағы да көз жеткізіп, бұл саладағы аталған былыққа қарап, елдің болашағына деген үмітімізді үзуге бармыз. Елдегі заңдылықтың орындалуына бірден бір жауапты тұлға ретінде Сізге соңғы рет шығып отырмыз. Бізде басқа шара қалған жоқ. Әліби Өтепберген 2 жылдан бері істемеген қылмысы үшін абақтыда қылмыскерлермен бірге ғұмыр кешіп, өтеуде.

 

ҚҰРМЕТТІ ПРЕЗИДЕНТ МЫРЗА!

Жоғарыда келтірілгендерді басшылыққа алып: ҚР азаматы Өтепберген Әліби Қаныбекұлының  ҚР ҚК 124-бабы 3-бөлігі бойынша жазаға кесу үкімін қайта қаратуға тікелей араласуыңызды СҰРАЙМЫЗ!

ҚР ҚК 124-бап 3-ші бөлігі бойынша

Жазықсыз сотталған Өтепберген Әліби Қаныбекұлы

құқығын қорғаушы қоғамдық тараптың ашық онлайн конференциясы.

14.03.2021

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз