Ақ Димаштың аман болсын бір басы,

Кең дүние, ән мен әлем сырласы.

Ай менен күн – қоштасу мен кездесу,

Қос ғашықтың жүзігі мен сырғасы.

“Adagio”

«Adagio» құз басында жаңғырдың,

Шыңырауға көз жасыңды қалдырдың.

Ән екенсің әлай жалған, сұм тірлік,

Жоқ іздеген жүрегіндей жалғыздың.

Періштелер қанатымен тербеп тұр,

Күміс қоңырау көмейдегі өрнек бұл.

Шолпан жұлдыз ол да қонақ аспанға,

Ай дидарын ақырғы рет көрмек бір.

«Adagio» қақ суына қанбаған,

Құлансың ба – қу далада зарлаған.

Мұнарсың ба мұңды көзден көшкен бұлт,

Тұмарсың ба – аяулыға арнаған.

« Adagio» жер елжіреп, талықты,

Көл дірілдеп, орман үнсіз жалықты.

Димашымның көмейінде көп бұлбұл,

Ән бастауын Хақтан сұрап алыпты.

Тал бүрлейді аман-есен таң асса,

Жан жадырар жақсыменен жанасса.

Сорлы жүрек не сұрайсың сен одан,

Сезім сөніп, серігінен адасса.

Ағып түсті көзге біткен қарашық,

Таң ұрлады жұлдыздарды таратып.

Жаңа ғана тұр еді ғой қос ғашық,

Жер мен гүлдей, ай мен күндей жарасып.

(…Қайда кетті соның бәрі таң асып?!)

«Adagio» жалғыздықтың айдыны,

Сыңар аққу, сыңсып ұшты қайғылы.

Бірін-бірі жоғалтып ап іздеген,

Қайда қалмақ, қайда бармақ қай күні?!..

Екеу еді жалғыз-жалғыз қалып жұп,

Шөлдедің бе?!..Көз жасынан алып жұт.

Өкшесімен өз маңдайын ұрғылап,

Өзегі өрт…кімге айтады қалыңдық.

У ұсынды қара зәрді бал қылып,

Тас көшеде тағдырларды талдырып.

Көшкен бұлттар жүзін бөлек аударды,

Жапыраққа жалғыз тамшы қалдырып.

«Adagio» – шыдам екен шындығың,

Ән көтерді әуелетіп жыр жүгін.

Байғұс әуен бар қуатын жиды да,

Дүниенің айтпақ болды сұмдығын.

Димааш!.. Димаш!..

Жұбата гөр ғаламды,

Он сегіз мың ғалам болып сал әнді.

Балпаң-балпаң балапаны үміттің,

Қауырсыны қан-қан болып таланды.

Қара жерге қанды көйлек кебіндеп,

Адамзат жүр соның бәрін «Өмір!..» деп.

Әр жүректі бодан қылған бір кеуде,

Күш көрсету, содан басқа не білмек.

Димашым-ай, тағы әнге салып бер,

Жүректерге бостандығын алып бер.

Қаптап алған су қараңғы санаға,

Көзін ашсын, әннен шырақ жағып бер.

Әлем деген жолаушының кемесі,

Жер түңіліп, шығып болды ел есі.

Босатпайды адамзатты ант ұрған,

Миындағы жауыздықтың шегесі.

(..Сұм ниеттің жебесі мен елесі)

Адамдармыз, астамшылмыз – біз демек,

Жүректерді жіпсіз байлап, тіздемек.

Әр кеудеде бодан болған бір жүрек,

Бірін-бірі ән мен ғана іздемек.

«Adagio» – бір бозторғай бозаңда,

Жалғыз қалды, екеу еді озалда.

« Adagio!..»

Бүгін айтшы бәрінде,

Ертең бәрі айналады тозаңға.

Жан берістік, жан алыстық не тынды?! Таң атқан-ды, болды лезде екінді.

Салт пен сана шыға қашып төрімнен,

Жаназасыз ” Жаһанданып…” секірді.

Жанарыңнан көктем бүрлеп шықпады, Не өзгерді, сен көзіңді сыққалы. Ақтың жолын қара кесіп келеді,

Сол қараны сорлы халық ықтады.

«Adagio!..» Сен шақырдың шыдамды, Шыдам деген сырласым ғой,сыралғы. Дүниенің таңдайынан үн қатып, Димаш!..Димаш!..Тағы айтшы, бір әнді?! (Мынау төзім енді қанша шыдар-ды?..)

Жәудіреп тұр жаннан өзге дара шың, Әнмен жалға көк пен жердің арасын. Кіршігі жоқ кіл періште -ару ән, Толған айдай мөлт -мөлт етіп қарасын. (Қозғар бәлкім адамзаттың санасын.)

Өлең болып өзіңе мен жетейін, Бек түсіндім без-заманның көкейін. Ән сал,Димаш,аппақ сүттей -ақ қайың, Саялайын, шүкір етіп өтейін.

Ән қорғаным ,жел өтінде қосым бұл, Әнім туыс, жаннан бөлек досым-жыр. Бөкен тектес халық едім бөктерде, Қансыраған сансыз үміт босып жүр. (Сайын қырда сая таппай шошып жүр)

Кездестік пе?!..Қоштасамыз,пендеміз.

Арман көкте, адасқандар жердеміз.

Марапаттың уын ішіп мастанған,

Біз бір жабық, мың құпия пердеміз.

Өмір мынау өксіп жүріп жетілді,

Ай бетіне ноқат түсіп кетілді.

Кездескен жан қоштасуға дайын бол,

Аймаласқан ай менен көл секілді.

Тал шыбықтың таң асырып бүршігі,

Сары күздің қоштасқалы тұр түні.

Қоштасуға құстың бейім қанаты,

Боз ботаның жасқа бейім кірпігі.

Жыламаған махаббатты көрмедім,

Ол айыпты, енді, әрине, Сен де мін.

Уақыт күліп жолға тастап жөнелер,

Сылқ-сылқ сыңғырындай теңгенің.

Бітпеген ән, күтпеген жыр бұл әлі,

Тек жауапсыз жалғаншының сұрағы.

Алақанда қоштасудың мөрі тұр,

Жүрегінде көп төзімнің мұнары.

«Adagio», ән салып тұр Димашым,

Бізге жұмбақ, көкке таныс сырлас үн.

Қоштасқандар бірін-бірі іздеп жүр,

Дүниеге сыйғыза алмай бір басын.

Ән сал, Димаш!..

Әлди-әлди, жан бесік,

Жеті қат көк керегіңді ал кешіп.

«Adagio» – ән төресі, әдемі,

Сұлу саздан бір мерейім қалды өсіп.

Сынып түсті шөлмек болып көк аспан,

Екі тағдыр талқан болды адасқан.

Жағалаудан қол созбады жан біткен,

Жан болмады қос ғашыққа қарасқан.

Қарады да бұлттар қашып тарқады,

Енді кімге бұлар үміт артады.

Бақыт тастап еншісіне толқынның,

Уақыт сүйреп бұрымынан тартады.

Кездеспейсің мынау мұхит кеңшілік,

Тағдырыңды талға байлар енші ғып.

Ғашығыңа бұлғамайсың қолыңды,

Ақ көйлек пен ақ жолынан сен шығып.

Қос жүректі жалғыз-жалғыз бодан ғып,

Маңдайыңа қалай енді қонар құт.

Кездесулер қоштасудың сәл алды,

Ұмыт бәрін жүрегіңе болар жүк.

Adagio: төзім-серік, шыдам-ән,

Уақыт солай, бақыт солай сынаған.

Біздің қазақ: «Адамға –адам, Қонақ!..»- деп,

Ай көрмесе сағынысып жылаған.

Тозақ оты, жұмақ гүлі, бақ құны,

Кім біледі тірлігіңде нақ мұны.

Таң самалы – тамаша бір сезімнің,

Құлағымда қалып қойған шаттығы.

Кездесумен қоштасудың құрбаны,

Жағалауда жан біткеннің тұр бәрі.

Өз жүрегін өз қолымен суырып,

Өз бақытын адам байғұс ұрлады.

Керегесін сөгіп тастап, уығын,

Кездеспеудің өмір салды құрығын.

Жан етіңді жанған отқа сал дағы,

Үмітіңе тамызық қыл жылуын.

Гүл қауызын көбелек боп мекенде,

Қоштасуға сен асықпа бекерге.

Сағат тілі –сансыз дауыл, көп құйын,

Сұрамайды сені сүйреп кетерде.

Әсем саздың, сағыныштың қағын іш,

Жүрек деген мың жанартау, жарылыс.

Қанатыңа қауырсын ғып қыстыр да,

Шамаң келсе ғашығыңды алып ұш.

«Adagio» – сезімдердің құйыны,

Жан жарасы, жауыр болған иығы.

Күллі әлемдік ұйқылы – ояу адамзат,

Солай дейді сыбыр – сыбыр бұйығы.

“Samal tau”

«Адажио», біздің жүрек – «Самал тау»,

Сан үмітке кеш тыныс та, таң арқау.

Ән боп ағып, жылға салып жаныңа,

Жатпақ емес жанартаулар самарқау.

Емген сүті уызынан адал-ды,

Заман толғап, дәуір тілеп жаралды.

Адамзатты қазақ болып құшақтап,

Біздің Димаш –Біз боп сүйді ғаламды.

Сол «Самалтау» әр жүректің әлемі,

Жақсылықтан жанның бәрі дәмелі.

Естідің бе?!..

Кәрі құрлық,Адамзат,

Ұл жанында – ұлт арманы бар еді.

“Adai” küiі

Димаш, Димаш!..

«Адай» күйін тартшы бір,

Ән мен күй бар, одан басқа жат ғұмыр.

Күллі адамзат бір көтерсін еңсесін,

Жылап жүрген қара табан, ақ сіңір.

Тазартып бер көкірегі шаң болса,

Тізе бүксін, тақтан түсіп Хан болса.

Алашымның намысы бар бұл күйде,

Естір құлақ, «Елім!..» дейтін жан болса.

Сабыр Адай

Ақтау қаласы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз