Ағымдағы жылдың 28-ші ақпаны Ерназар ауылы тұрғындарының есінен көпке дейін шықпайтыны сөзсіз. Неге дейсіз ғой? Дәл осы күні Ерназар ауылында Жамбыл ауданы әкімі мен Ерназар ауылдық округі әкімінің 2020 жылдың қорытындысы бойынша халық алдында есеп беру кездесуі өткен болатын.

Сол жиында ауыл тұрғындары аудан әкімі Сәкен Арубаевқа бірқатар сауал жолдап, оның шешілу жолдарына ықпал етуін өтінген еді.

Соның ішінде жұртшылықтың ауылды «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету, Саухатов, Абай, Ақшуақ ана көшелеріне шағал тас төселгенін, енді асфальт жабындысы жасалса деген тілегін назарға алған өңір басшысы Сәкен Қаланұлы ұсыныстарды хаттамаға еңгізіп, келер жылы шешімін табуға уәде берген болатын.

Міне, бүгінде халыққа берген сол уәделер жүзеге асырылуда.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жоғарыдағы 3 көшеге 57 млн 186 мың теңге қаралып, жол жабындысы төселсе, мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде елді мекенге 194 млн 110 мың теңге бөлінді. Газ тарту жұмыстары алдымен Жұма стансасында толығымен аяқталып, Ерназар ауылына таяп қалды. Алдағы уақытта ауылішілік көшелер қазылып, газ жүйесі жүргізілмек.

Айтылды – орындалды, орындалуда дегеніміз осы шығар.
Халық өтінішінің жүзеге асуы деңгейін аралауға шыққан аудан әкімі Сәкен Арубаев Ерназар ауылына арнайы барып, игіліктерді көзбен көріп қайтты.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
Жамбыл ауданы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз