Фото ғаламтордан алынды

Әлеужелілердің әлегі

Ал АҚШ денсаулық сақтау саласының өкілдері АҚШ-тағы жаңа коронавирустық инфекциялар мен өлім-жітімнің өсуі негізінен вакцина алмаған адамдар арасында болып жатқандығын ескертіпті.

Фото ғаламтордан алынды

Президент Байденнің бұл сөздерінен кейін Facebook-тың вице-президенті Гай Розен-Джо Байденнің бұл пікірін теріске шығарды. Ол өз парақшасында «АҚШ-тағы Facebook қолданушылар вакцина қабылдау туралы пікірлерімен көптеп бөліскендіктен қазіргі таңда вакцинадан күмәнданатындардың саны 50%- ға дейін төмендегендігін» жазды. Розенның жазбасында «Facebook Карнеги Меллон университеті және Мэриленд университетімен бірлесе отырып әлемдік деңгейде сауалнама жүргізді. Бұл қимылға 70 миллионнан астам адам жауап берді. Біздің деректеріміз бойынша АҚШ-тағы Facebook қолданушылардың 85%-ы коронавирус вакцинасын қабылдаған немесе вакцинаға оң көзқараста екендіктерін білдірген» – деді. Розен сонымен қоса Facebook-тың адамдарды вакцина алуға ынталандыру үшін қабылдаған шараларын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді, оның ішінде вакциналар туралы жалған ақпарат туралы арнайы ережелер шығарғандығын айтты.

Үнділердің селқостығы

Әлеуметтік желідегі жалған ақпараттардың халықты жаппай вакциналауға үлкен кедергі болып отырғандығы – көптеген елдерде кездескені белгілі. Соның бір мысалы ретінде Үндістанды айтуға болады. Биылғы сәуірдің ортасына қарай Үндістанда коронавирустың таралуы, рекордтық деңгейге жеткені есімізде. Үнді еліндегі эпидахуал бақылаудан мүлде шығып, Үкіметтің өзі жан-жақтан көмек сұрауға мәжбүр болған еді. Бұған дейін әлемге әйгілі «дәрі зауыты» саналатын Үндістаннан, өзге елдер вакцина мен дәрі-дәрмек сатып алуды да жоспарлап отырған болатын. Өз елінің әлеуетіне қатты сенген Премьер министр Нарендра Моди ақпан айының басында сөйлеген сөзінде «әлемдегі ең ірі Ұлттық вакциналау жұмысы Үндістанда жүргізілетін болады. Сондай-ақ Үндістанда өндірілген вакциналарды шетелдерге гуманитарлық көмек ретінде жөнелтеміз» – деген еді.

Фото ғаламтордан алынды

Алайда дін мен дәстүрді бәрінен биік қоятын үнділер басшыларының «жалынды сөздеріне» емес, WhatsApp-та таралып жатқан «вакцина егілген адамдарда коронавирусқа қарсы белгілі деңгейде иммунитет пайда болғанымен, ағзада өзге ауруларды туғызып, ұрпақ көруге кесірін тигізеді» деген өсек-аяңға бой алдырыпты. Бұл кезде елде үндістандық ғалымдар зерттеу жасаған отандық вакцина мен Ұлы Британияда жасалған вакцинаны өз қалауы бойынша ектіруге мүмкіндік болған еді. Алайда ел арасына таралған жалған ақпараттардың кесірінен 2021 жылы сәуір айына дейін 1,3 млрдтан астам халықтың 70-80 миллиондайы ғана вакцина салдырған екен. Онан кейінгі уақытта ешқандай шектеусіз өткен саяси науқандар мен Кумбах мела секілді діни мерекелерде жиналған миллиондаған адамдар, санитарлық сақтық шараларын мүлде сақтамағандығы себепті – Үнді жері коронавирустың ошағына айналып шыға келді. Тіпті соңғы уақытта әлемді алаңдатып отырған Дельта штаммы да алғаш рет Үндістанда анықталғандықтан «Үнді штаммы» деген атаумен танымал болған еді…

Маман пікірі бәрінен маңызды

Біз тілге тиек етіп отырған бұл жағдайлар Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Covid-19 індеті анықталғанына мөлшермен 4 ай өтіп, Қазақстаннан да алғашқы науқас анықталғанша әлемді жұқпалы аурудың жайлап бара жатқандығына күдіктенгендер көп болды. Ал тәж вирусына қарсы вакциналар жасалып, ресми түрде қолданысқа енгізілгеннен кейінгі уақытта да халық арасында вакцина сапасы және оның өнімділігі туралы алып-қашпа сөздер – күнделікті қолданатын WhatsApp, Facebook қатарлы әлеуметтік желілерде желдей есіп жүрген болатын. Дегенмен кәсіби мамандардың көпшілігі әлеуметтік желілерде бұл тақырып аясында халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Мысалы клиникалық инженер Серік Мұратхан өзінің Facebook-тағы парақшасында вакцинаның жасалуы туралы жазбасымен бөлісті. «Вакцина екі түрлі жолмен жасалады. Біріншісі вирусты химиялық жолмен өлтіріп, оны белгілі сұйықтықта сақтап адамға егеді. Бір тамшы вакцинада миллион өлтірілген вирус болуы мүмкін. Алайда 100% өлген болуы мүмкін емес. Өлген вирус адам ағзасына кірген кезде, адам денесі оған қарсы күрес жасап, COVID-19 ға қарсы анти дене жасайды. Екінші жолы – жаңа нанотехнологиялық әдіспен вирусты синтездеп, вирустың ішін алып тастап қабығын қалдырады да қабық ішін залалсыз құрылыммен толтырады. Және осы синтезделген вирусты сұйықтықта сақтап адамға егеді. Адам ағзасындағы қорғанысқа жауапты клеткалар әлгі вирустың сыртқы қабығына қарап «COVID-19 келді» деп оған қарсы күрес жасап антидене түзеді. Вакцина үшін химиялық өлтірілген немесе синтезделген вирустың ортақ ерекшелігі – олар ары қарай көбейе алмайды. Тізбекке түсе алмайды. Қазақша айтқанда «піштірілген» вирус. Ал адам жұқтыра алатын вирус, ол көбейе алатын, тізбекке түсе алатын вирус. Сондықтан адам вакцина алған кезде оның ағзасына міндетті түрде вирус кіреді. Осы кезде адамның температурасы көтерілуі мүмкін, кәдімгі вирус жұқтырған сияқты ауруы мүмкін. Өйткені антидене вирустың көбейе алмайтындығын білмейді, оған қарсы соғыс аша береді. Осы кезде қалыптасқан миллиярдтаған «әскер» вирусқа қарсы соғысқа шығып, қысқа мерзімде жауды жеңеді. Вакцина жасанды жолмен адам ағзасында вирусқа қарсы «әскер жасақтау». «Вакцинадан кейін вирус жұқтыру қаупі бар ма?» – деген сұрақ та ұят! Әрине, вакцина алғаннан кейін де вирусқа кездесесің, жұқтырасың. Алайда ол сенің ағзаңа кіре бастаған кезде, сенің антидене «әскерлерің» соғысқа дайын тұрады. Вирусты және онан болатын зардаптарды оңай жеңесің» – деп жазды. Бұл жазбаға қарата пікір білдірушілердің көбі алғыстарын жаудырып жатты. Яғни біздің елде Covid-19 ға қарата түрлі жалған ақпараттарға тосқауыл болатындай кәсіби мамандар пікірі де айтылып жатыр.

Президенттің үндеуі

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевта елде эпидемиялық ахуал басталғалы жағдайды жіті назарда ұстап, түрлі нұсқаулар беріп келе жатыр. Өткен сәуір айының басында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы елдегі эпидахуалды жіті бақылап отырғандығын байқатты. «Жалпы алғанда қазіргі жағдайымыз жақсы емес. Тіпті ахуал өте күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп келеді. Мұны Қазақстан ғана емес, көптеген елдер бастан өткеруде. Нақты деректерге қарасақ, оның негізгі себебі вирустың мутацияланған жаңа штаммдары болып отыр. Оған қоса азаматтарымыз және бизнес өкілдері індеттен әбден қажып, оның салдарынан сақтық шараларына салғырт қарай бастады. Бұл әрине, жағдайды онан бетер ушықтырады» – деген еді. Ел Президенті індетпен күресудің бірден-бір әрі сенімді жолы вакцина салу екенін атап өткен болатын. «Вакцина ісін созбалаңға салу – жәй ғана проблема емес, мемлекеттік маңызы бар міндет. Әңгіме еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты болып отыр. Бұл азаматтардың арасында дертке шалдығушылар мен өлім жағдайының көбеюі деген сөз. Бұл бизнес кірісінің азаюы, бюджетке салықтың толық түспеуі, жалпы ұлттық байлығымыздың төмендеуі. Сондықтан бұл жұмыс төңірегіндегі бақылау өте қатал болуы керек» – деген Президент сөзінің соңында «мен барлық азаматтарымызды вакцина салдыруға шақырамын. Бұл өзіңізді, ата-аналарыңыз бен жақындарыңызды қорғау үшін қажет. Әрі-беріден соң, бұл біздің азаматтық парызымыз. Вакцина салу жұмысына жауапкершілікпен қарап түрлі қауесеттерге сенбеуге шақырамын» – деген еді.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз