Фото ғаламтордан алынды

Ислам дінінде Рамазан айындағы 30 күн ораза аяқталғаннан кейін 70 күн өткенде Құрбан айт мерекесі басталады деген түсінік бар. Әлемдегі барлық мұсылманға сүннет болғандықтан, исі қазақ та ежелден Құрбан айт мейрамында құрбан шалып, «Аса қамқор, ерекше мейірімді» деп таныған бір Алласына құлшылық етеді. Мұсылмандардың қасиетті кітабы Құран Кәрімдегі (араб тілінде) «құрбан» сөзі қазақша «жақындау» деген мағынаны білдіреді екен. Терминдік мағынасы: Алла Тағаланың разылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты «құрбан малы» деп аталады. Қазақ халқының бабадан жеткен әдет-ғұрпы, салт-санасына сәйкес құрбан шалу жақынын, жарлы-жақыбайды қолдау мен қорғаудың, мейірім мен қайырымның өнегесі, үзілмес үлгісі саналады.

Биыл елімізде Құрбан айт мейрамы 20 шілдеде басталды. Жылдағы дәстүр бойынша елордалық еріктілер Құрбан айт мейрамында мұқтаж жандарға құрбандық етін жеткізуді бастады. Нұр-Сұлтан қаласында эпидемиологиядық жағдайдың асқынуына байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жұрттың жаппай жиналуына жол бермеу мақсатында мал союға арналған дәстүрлі орындар, яғни базарлар, шаруа қожалықтары жабылды. Құрбандық шалу негізінен qurban2021.kz сайты арқылы онлайн режимінде өтті. Нұр-Сұлтан қаласының Діндерді зерттеу орталығының басшысы Мәди Тайпин:

– «Баршаңызды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтаймыз. Бүгін елорда әкімдігі мен Мүфтияттың бірлескен күшімен qurban2021.kz сайты арқылы онлайн құрбандық шалу ұйымдастырылды. Құрбандық шалуға арналған арнайы орындардан әкелінген еттерді еріктілер мүшелеп, таратуға көмектеседі. Ал автоволонтерлер бұл пакеттерді өз көліктерімен көрсетілген мекенжай бойынша тасымалдайды. Жұмыс таңертең ерте басталады»,– деп мәлімдеген болатын.

Фото ғаламтордан алынды

Ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес qurban2021.kz сайтына көмекке мұқтаж көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан құрбандық етін алуға 3 мыңнан астам өтініш келіп түскен. «Құрбандық еті әлеуметтік аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға таратылады. Биыл етті таратуға 100-ден астам ерікті мен автоволонтер жұмылдырылды», – деді «Астана Жастары» КММ басшысының орынбасары Аян Ерментаев.

20-22 шілде аралығында атап өтетін Құрбан айт мейрамында қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелері де елордадағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға құрбан малының етін үлестіреді. «Алғашқы күні Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы Құрбан айт мерекесіне орай елордада 500-ге жуық әлеуметтік осал отбасыға құрбандық етін жеткізді. Бұл шаралар көмекке мұқтаж отбасыларды қолдауға арналып отыр. Акция үш күнге созылады»,– деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Нұркен Әбдіғали.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз