Бүгін аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тағылымы мол мақаласының «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында туған жерін түлетуге атсалысып, әл-ауқаты әлсіз топтарға көмек қолын созып жүрген бір топ азаматы арнайы қабылдап, түрлі номинациялармен марапаттады.
Қазақ ежелден бауырмал, қонақжай, жомарт халық екені баршамызға мәлім. Әсіресе, ел ішінде халқының жағдайын ойлап жүретін жомарт жандар жетерлік. Ондай азаматтар өздерінен артылғанын жанындағыларға беріп, жомарттығын ешқашан да міндетсінбеген. Ауданымызда алғанды емес, бергенді жөн көретін жомарт жүректі азаматтар жетіп артылады.
Жиында сөз бастаған Олжас Елебекұлы аудан аумағында жүректі елжіреткен талай шараның атқарылып жатқаны туралы айтып, оған атсалысып жүрген қолы ашық, көкірегі ояу азаматтарға алғысын білдірді.
– Дана халқымыз «Жайылымы болмаса, мал азады, мейірімі болмаса, жан азады» деп ұрпағын қайырымдылық пен мейірімділікке тәрбиелеген. Осы орайда біз де нарықтың қатал заңына қарамастан, өз кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, туған өлкенің дамуына үлес қосып жүрген жанашыр азаматтарды дәріптеу арқылы жас¬тарды елжандылыққа баулимыз. Ел тарихы тұлғалар арқылы жасалатынын ескерсек, өңірімізде көптің алғысына бөленіп жүрген өздеріңіздей жандар жетерлік. Сіздер осы уақытқа дейін қаншама отбасына қуаныш сыйлап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қостыңыздар. Өздеріңіз туып-өскен ауылдың ажарын келтірдіңіздер. Осы жақсылықтарыңыз үшін сіздерге зор ризашылығымды білдіремін, – деді Олжас Баққараев.
Жаны жомар адамдар жиналған басқосуда ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, елді мекендерді аббаттандыруға, демалыс бақтарды, ескерткіштерді салуға, қоғамдық маңызы бар шараларға бас демеушілік болған, пандемия кезінде аудандық орталық ауруханаға дәрі-дәрмек пен қажетті құрал-жабдық әперген аудандық мәслихаттың депутаты Дәурен Ахметжаев «Жыл меценаты», Бегалы Ералиев «Туған өлке» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ, осындай игі істермен айналысып, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге қайырымдылық көмек көрсетіп жүрген ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлы «Жыл тұлғасы», Түрксіб мешітінің наиб имамы Болат Айдарбеков «Ерен еріктілік» номинациясына лайық деп танылды. Ал қазіргідей алмағайып заманда күн демей, түн демей науқастардың дертіне шипа дарытып жүрген Алтай Саурықов басқаратын аудандық орталық аурухана «Жылдың үздік ұйымы» номинациясына ие болды.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Райымбек Сейітов пен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов қатысқан шарада құрметке бөленген азаматтар сөз алып, аудан басшыларына алғысын айтты. Алдағы уақытта да туған жердің түлеуіне еңбектерімен үлес қосатындарын жеткізді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз