Мереке қарсаңында Астанада ресейлік жазушы-құжатшы әрі тарихшы Николай Зеньковичтің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Ұлы адам туралы ұлағатты кітап» еңбегі таныстырылды.
Кітап тұсаукесеріне Бас редакторлар клубының өкілдері, танымал қоғам қайраткерлері, жастардың жетекші ұйымдарының өкілдері, Назарбаев зияткерлік мектебі мен «Білім-Инновация» лицейлерінің мұғалімдері қатысты.
Кітап авторы — Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, тарихшы, жазушы, публицист Николай Зенькович. Ол көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси көшбасшылар мен тарихты өзгертуге үлес қосқан өзге де біртуар тарихи тұлғалар туралы 30-дан астам кітап жазған. Оның кітаптары әлемнің 14 тіліне аударылған.
Автор тұсаукесер барысында кітапты жазудың негізгі идеясы, сюжеттік желіге арқау болған мемлекет басшысының өмірінің маңызды сәттері туралы айтып берді. Н. Зенькович бірнеше ондаған жылдар бойы Қазақстан Президентінің өмірін зерттеумен айналысып жүріпті.
«Менің бойымда Нұрсұлтан Назарбаевқа деген қызығушылық 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларынан кейін пайда болды. Ол кезде мен оқиға аяқталғаннан кейін жағдайды анықтауға келген КОКП ОК бригадасында болдым. Нұрсұлтан Әбішұлы КОКП ОК Саяси бюросының мүшесі болды. Сол сәтте мен оның әрекеттерін, табандылығын, даналығын, оның орын алған жағдайды қолына ала білуі мен оқиғаны басқара алуын көрдім. Дәл осы уақыттан бастап, мүмкіндігінше ол кісінің жеткен жетістіктерін бақылап, әлемге танымал тұлғаға дейін қалай өскенін қадағалап жүрдім. Көптеген елдерді араладым, барлық жерде ол кісіні бәрі біледі. Мен ешқашан, еш жерде Қазақстан Президентіне нашар баға берген адамды кезіктірмедім», — деді кітап авторы.
Айта кету керек, бір жыл бұрын Қазақстанның 25 жылдығына орай Н. Зеньковичтің «Имя, ставшее эпохой» атты Қазақстан Президенті туралы алғашқы кітабы жарық көрген болатын. Автордың айтуынша, бұл — Н. Назарбаевтың өмірбаянымен жаңадан танысу. Егер алғашқы кітапта Ұлт көшбасшысының ерекшеліктерін зерттеуге басымдық берілсе, ал екіншісінде Елбасының өз мақсатына қалай қол жеткізгені туралы басымырақ жазылған.
«Екінші кітапты балаларға арнадым. Оңай тілмен, балаларға ыңғайлап жазуға тырыстым. Мен балаларға осы кітап арқылы төсекте жатып, ешқашан ұлы тұлғаға айнала алмайтындарын түсіндіргім келді. Барлық қиындықтардан өтіп, Отанға, халыққа еңбек ету керектігін жеткізгім келді», — дейді автор.
Кітап бірден екі тілде жарық көрді. Қазақ тіліне аударған — белгілі журналист Қайнар Олжай.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз