Өткен аптаның жексенбісінде ЭКСПО аясында Аргентина мемлекетінің Ұлттық күні аталып өтті. Алдымен қалашыққа арнайы ат басын бұрған күміс елінің БАҚ және қоғамдық пiкiр министрi Эрнар Ломбарди қазақстандық әріптесі, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрi Дәурен Абаевпен жүздесіп, Қазақстан мен Аргентина арасында БАҚ саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм көпшілік алдында салтанатты түрде бекiтiлді. Бұдан кейін қос елдің ақпарат министрлері ат полосынан өткен жолдастық кездесуді тамашалағанын айта кетейік. Күллі әлем халқына ХХ ғасырдағы сайыпқыраны Диего Марадона және осы заманның белді спортшысы Лионель Мессимен танымал Аргентинада ат полосы футболдан кем насихатталмайды екен. Ипподромдарында ине шаншар орын болмайтын матчтар Латын Америкасы елінде екі күннің бірінде өтіп жатпаса да, басқа мемлекеттерге қарағанда жиі өтіп тұрады. Осы жөнінде және қазақстандықтар арасында өткен ойын хақында Қарағанды қалалық федерациясының басшысы Асланбек Мешковты сөзге тартқан болатынбыз.
— Ат полосы Аргентинада бұқаралық спорт түрлерімен қатар дамыған әрі бұл ел жылқы малын ежелден қастерлейді. Ал поло спортынан матч елордада алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Матчқа әр командадан 3 ойыншыдан барлығы 6 спортшы қатысты. Ойын әрқайсысы 7 минутты құрайтын 3 бөлiмнен тұрады. Бүгiнгi матчқа қатысқан жылқылардың барлығы өзiмiздiкi, шетелден әкелiнген жоқ, — дейді ол.
Дүниеде жылқы малын қолға алғаш болып үйреткен қазақ халқы үшін ат спорты таңсық еместігі рас. Алайда тақымы тастан қатты біздің жігіттердің Аргентинадан келген полошыларды жеңуге шамасы жетпеді. Таблодағы көрсеткіш 3:5 есебін көрсетіп, күміс елінің командасы мықтылығын мойындатты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз