Жақында ҚР Премьер-министрінің орынбасары, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов өңірімізге жұмыс сапарымен келіп, ауыл шаруашылығы мамандарымен кездесті.
Нақтырақ айтсақ, бұл жиынға аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы құрылымдары, қайта өңдеуші кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы кооперативтері және жаңа инвестициялық жобалардың басшылары қатысты. Кездесу барысында еліміздегі ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндалып, жергілікті сала мамандары көтерген түйткілді мәселелер талқыланды.

Атап айтар болсақ, жергілікті сала мамандары тарапынан қазақтың ақ бас сиырының санын көбейту және малдың генетикалық сараптамасын (экспертизасын) аккредиттелген зертханаларда жасау керектігі жөнінде ұсыныс айтылды. Сондай-ақ, «Белес-Агро» компаниялар тобының құрылтайшысы Мұрат Жәкібаев бір кездері түрлі себептерге байланысты жұмысын тоқтатқан «Теректі май комбинаты» ЖШС-ның жұмысын инвестиция салу арқылы жандандырғанын айтып, зауыт жұмысын одан әрі жетілдіруге қосымша қаражат табудың қиындап тұрғанын жеткізді. Оның сөзінше, «Қазагроқаржы» АҚ өкілдері кепілзат құнының тек 30 пайызын ғана береді. Ол, сондай-ақ, нақты мысалдар келтіру арқылы инвестсубсидия мен қайтарым мәселесін де (инвествозмещение) көтерді. Оның сөзін мақұлдаған «Ақас-агрофирма» ЖШС жетекшісі Қатауолла Ашығалиев мал суарылымы жөніндегі түйткілді мәселелер жөнінде баяндаса, Валерий Голоухов ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектерін жеткізу қызметін қалыптастыру жөніндегі пікірін алға тартты. — Біз осы жолы сіздерге ауыл шаруашылығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп беру үшін келген жоқпыз. Өздеріңізбен бетпе-бет кездесіп, мал шаруашылығын дамыту жұмысында туындап отырған мәселелерді бірге талқылап, мұның шешу жолдарын бірге қарастырайық деп келдік. Жаңа сіздер инвестдемеуқаржы (инвестсубсидия) жөнінде дұрыс айттыңыздар. Бұл жөнінде басқа да өңірлердің сала мамандары осы тектес пікірлерін айтуда. Кез келген нәрседе қатып қалған ештеңе жоқ, таяуда болатын үлкен басқосуда осы көтеріп отырған мәселелеріңіз қайта қаралады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасына сервистік қызмет жөнінде де жақсы айтылды. Кез келген сала секілді ауыл шаруашылығы да заманауи техникасыз дамымайды. Сондықтан сіздердің сервистік қызмет жөніндегі пікірлеріңізді қолдап, бұл бағытта сервистік қызмет көрсету қызметін құруды сала мамандарына тапсырамын, — деді кәсіпкерлер ұсынысына нақты жауап берген Асқар Мырзахметов. Осы жиында аграрлық қайта өңдеуді дамыту және ветеринарлық қауіпсіздік мәселесі де көтеріліп, осы бағыттарда ағымдағы жылы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де баяндалды. Жиын барысында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бойынша слайд көрсеткіштерімен танысқан министр бұл бағыттағы жұмысты сынға алды. Слайд мәліметі бойынша біздің облыста барлығы 51 кооператив құрылғанымен, соның тек алтауында ғана арнайы қондырғылар бар екен. Ал қалған 45-де қондырғы жоқ боп шықты. «Ақша бар, қондырғы бар, енді кооператив құруға не кедергі келтіріп отыр?» — деген министр сұрағына облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов объективті және субъективті жағдайларды түсіндіре отырып, байыппен жауап берді. Оның сөзінше, облыста жыл аяғына дейін 11 мал сою бекеті ашылады. Сүтті бағыттағы бекеттерді құру мәселесі алдағы аптада шешілмек. «Бұл бағытқа бөлінген қаржыны игеруге толық мүмкіндігіміз бар», — деген Арман Кәрімұлы жеке адамдардың қолдарындағы мал басын басқа жаққа сатып жіберуіне байланысты кооперативтерді бұқашықтармен қамтудың қиындап тұрғанын жеткізді.
— Бүгінгі кездесу облыс үшін, әсіресе шаруашылықтар үшін өте маңызды болды. Ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы бағдарламаны жүзеге асыру барысында министрлік тарапынан шешілетін көкейкесті мәселелерді өзіңізге тікелей қоюға мүмкіндік алдық, сол үшін сіздерге алғысымызды айтамыз, — деген Арман Кәрімұлы одан әрі өңіріміздің мал шаруашылығы бойынша дамуы жөніндегі мәліметті министр назарына ұсынды. Оның сөзінше, мал шаруашылығында мүйізді ірі қара 7,2 пайызға, қой мен ешкі 2,4 пайызға, жылқы 10,9 пайызға және құс саны 12,6 пайызға артқан. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейінгі мәлімет бойынша мал өнімдерінің өндірісі өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда тірілей салмақта өндірілген ет көлемі 2,9 пайызға (39,1 мың тонна), сиыр сүті 0,5 пайызға (117,2 мың тонна), өндірілген жұмыртқа 5,5 пайызға (80,6 млн. дана) артып отыр. Биыл өңірімізге ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін 10 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Жиын барысында аталмыш министрлік өкілдері жиналғандарды ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған демеуқаржыны бөлу тәртібіне енгізілген өзгерістермен таныстырды. Сала мамандарының мәлімдеуінше, мемлекеттік бағдарлама аясында биыл демеуқаржының (субсидияның) 65 түрі қарастырылып, нәтижесінде 11 тиімсіз субсидия алынып тасталған, 40 субсидияның өлшемдері өзгертілді. Тағы 14-і өзгеріссіз қалды. Мал шаруашылығымен айналысушылар арасында демеуқаржы алушылар көбейді. Мысалы, бұрын субсидияны сиыр өсіретін 175 шаруашылық алса, қазіргі таңда ол 522-ге немесе 100 пайызға артты. Сүт өндірушілер субсидияны бұрынғыға қарағанда екі есе, қой өсірушілер 1,3 есе және тері өңдеумен айналысатындар 3,6 есе көп алды. Сондай-ақ қой малын демеуқаржымыз одан гөрі тиімдірек қозымен алмастырылды. Тері өңдеу бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемені орындай алмауына байланысты тек жіңішке ғана емес, жартылай жіңішке жүн түрлерін субсидиялау қарастырылды. Жиынды қорытындылаған Асқар Мырзахметов жиналғандарға ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін ел үкіметінің барлық жағдайды жасап отырғанын айтып, шаруаларға осы мүмкіндікті пайдаланып қалу керектігін айтты. Министр, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлеріне елді мекендерге жиі шығып, кооперация құрудың тиімділігін түсіндіруді тапсырды. ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да болып, оқу орнының ғылыми-инновациялық әлеуетімен танысты. Университет ғалымдары мал және балық шаруашылығы, құрылыс және машина жасау, тағам өндірісі және 3Д-принтинг саласында қолға алынған ғылыми жобалар туралы баяндап, министрдің сұрақтарына жауап берді. Оқу орнының Ақжайық етті-жүнді қой өсіретін шаруашылығында өңделген биязы жүн өнімдерімен танысу кезінде Асқар Исабекұлы «ҚР Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы» аясында биылдан бастап биязы ғана емес, жартылай биязы жүнді де субсидиялау көзделгенін айтты. БҚАТУ-лық ғалымдардың сүбелі жетістігінің бірі — бекіре тұқымдас балықтарды сақтау мен өндірістік негізде көбейту және тауарлық өнім өндіру. Қазіргі таңда университет «Парасат» ұлттық-технологиялық холдингі» АҚ-мен бірлесіп жабық су тоғандарында балықтардың өмірін сақтай отырып, қара уылдырық алу, оны өңдеу жұмыстарымен айналысуда. Ұдайы ізденіс үстінде жүретін, жаңашылдыққа жаны құмар жас ғалымдар шетелдік құрғақ құрама жемге балама ретінде экономикалық тұрғыда тиімді әрі жергілікті жағдайға бейімделген сапалы құрама жемдерді дайындауды да қолға алды. Аталмыш ғылыми жобаға қызығушылық танытқан Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов жоғары оқу орны базасында балық азығын дайындайтын цех ашу арқылы ғылыми-зерттеу жұмысындағы жаңашылдықты өндіріске енгізу мәселесіне тоқталды. Сонымен қатар Асқар Исабекұлы кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілдің бірі — ветеринар мамандар тапшылығын жою, білікті, жаңашыл кадрлар даярлау, ғылыми жобаларды коммерцияландыру және өндіріске кеңінен енгізу мәселелеріне қатысты ой бөлісті. Айта кету керек, еліміздің Батыс аймағын агроөнеркәсіп кешеніне қажетті мамандармен қамтып отырған Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың негізі 1963 жылы қаланған және бүгінгі таңда мұнда төрт мыңнан астам болашақ маман білім алуда. Бұдан соң А.Мырзахметов Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ға және «ПОШ РУНО» ЖШС тері өңдеу кәсіпорнында болып, ондағы жұмыс барысымен танысты. «ПОШ РУНО» ЖШС жетекшісі Роберт Ирменовтің айтуынша, бұл нысанның жобалық құны — 2,2 млрд. теңге, жобалық қуаты жылына 182 мың ірі қара және 624 мың ұсақ мал терісін өңдеуге жетеді. — Жаңа зауыт екі айдан кейін өз жұмысын бастайды. Толық қуатына көшкенде бұл кәсіпорын күніне 2500 қой терісін және 700 сиыр терісін өңдейтін болады. Мұнда 85 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Осы зауыттың жанынан аяқ киім фабрикасын ашуды да жоспарлап отырмыз. Табиғи теріден тігілген аяқ киімнің сапасы жаман болмайды деп ойлаймын, — деген кәсіпкер шикізатты ауылдардағы кооперативтерден келісімшарт бойынша алатынын айтты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытында еңбектеніп жатқан кәсіпкерге министр ризашылығын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Айша Өтебәлі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз