АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Корея тарапынан жасалуы ықтимал «ойсыз іс-әрекетке» қарсы АҚШ әскері «сақадай сай тұр» деп мәлімдеді. Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында Трамп Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын қазіргі бағытынан бас тартар деген үміт білдірген. Бұған дейін Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат агенттігі АҚШ басшысын «шиеленісті ушықтырып отыр» деп айыптаған. Соңғы уақытта Вашингтон мен Пхеньянның бір-бірінің атына айтқан қатқыл мәлімдемелері әлемнің көптеген елдерінің алаңдаушылығын туғызса, Германия, Қытай және Ресей екі тарапты сабырға шақырған. АҚШ пен Оңтүстік Корея болса тамызда кең көлемді бірлескен әскери жаттығу өткізуге дайындықты жалғастыра беретіндігін мәлімдеген. Солтүстік Корея бұл жаттығуларды «соғысқа әзірлену» деп атаған еді. Пхеньянның халықаралық «ядролық оқтұмсықты АҚШ аумағына дейін жеткізе алатын» баллистикалық зымыран сынақтарын өткізгені үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі тамыздың 5-і күні Солтүстік Кореяға қарсы санкцияларды күшейту туралы қарар қабылдаған. Пхеньян халықаралық қауымдастық талабына мойынсұнбай отыр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз