Қазақстандағы мектептер бес күндік оқуға көшуді бастады, әзірге Қызылорда мен Павлодар облысындағы 550 мектеп.  Бірақ, бұл жүйені жатырқаушылар жетерлік. Бес күндік оқ бүгінде ата-аналар жиналысындағы басты тақырыпқа айналды. Министрлік алты күндік кестеден арылдық дегенмен, бес күнде оқитын пәндердің тізімі көбейген.   Мәселен, Алматы қаласындағы №54 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Наталья Попова: «Міндетті пәндерді бес күнге бөлетін болсақ, күніне алты сағаттан шығады. Жетінші сыныптар тіптен кей күндері жеті сабақтан оқиды. Соған сәйкес сабақ ұзақтығы 40 минутқа дейін қысқарып отыр»,— десе, балалары сабақ оқимын деп зорығып кетпесе деп алаңдаулы ата-аналар: «Оқушы сабақты көп оқыған сайын профессор болып кетпейді. Алты күннің сабағын бес күнге ауыстырғаннан не пайда? Бұл құр баланың миын ашыту. Қазір баланың саны да көбейіп кеткен»,— дейді. Министрлік болса: «Дүрлігудің қажеті жоқ. Сабақ ұзақтығын 40 минутқа қысқарту арқылы 30 минут үнемделеді, сол арқылы оқушылар әдеттегіден тек 10 минутқа ғана артық оқиды»,— деп сендіріп отыр. Бірақ, жоғары сынып оқушылары пәннің көптігіне байланысты, сенбі күні де мектепке баруға мәжбүр. Жалпы, бес күн оқу өзге елдерде бұрыннан бар. Мәселен, АҚШ, Финляндия, Италия, Норвегияда алты күн оқу атымен жоқ. Тіптен, көрші Ресей де осы жүйенің соқпағына түскен. Бес күндік оқуға әзірге екі өңірі көшіп үлгеріп, жаңа кестені бекітсе, қыркүйектің аяғына дейін қалған облыстар да осы көшке қосылуы керек.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз