«Тараз металлургиялық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында Жамбыл облысындағы алғашқы индустриалды парк өз жұмысын бастады. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Жасұлан Ханалиев, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен кәсіпкерлер қатысты.
Ашылу салтанатында сөз алған Тимур Амантайұлы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің әр жыл сайынғы Жолдауларында индустриялық инфрақұрылымдарды дамытуға ерекше назар аударатынын атап өтіп, индустриялық аймақ құру облыс кәсіпкерлері үшін өте тиімді болатынын, бұл шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға үлкен мүмкіндік екендігіне тоқталды. Ал ашылып отырған индустриалды парктің мүмкіндіктерімен таныстырған «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС директоры Батыржан Қуанышәлиев кәсіпкерлер үшін 63 мың шаршы метрден астам өндірістік, әкімшілік және қоймалық ғимараттар бар екендігін тілге тиек етті.
— Ашылып отырған паркте құрылыс-монтаждау, металл құрастыру және монтаждау, темірді өңдеу, механикалық өңдеу, сондай-ақ, арнайы техникалары жабдықталған автопаркті қолдану мүмкіндіктері қарастырылған. Жақын арада бизнес-инкубаторды іске қосу жоспарлануда. Аталмыш жобаға алаңы 7000 шаршы метрден астам ғимарат беріледі. Қазіргі таңда кәсіпкерлер үшін өндірістік және әкімшілік ғимараттар мен қоймалар орналасқан 41 гектар алаң бөлініп отыр, — деген серіктестік директоры Б.Қуаныш-әлиев кәсіпкерлерге орындар екі жылға тегін берілетіндігін айтып өтті.
Сондай-ақ, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқар-масының басшысы Қарлығаш Аралбекова экономиканы шикізат тәуелділігінен босатып, шағын бизнестің дамуына ықпал ететін бұл жоба қазіргі заман талабына сай келетін ірі өндіріс ошақтарын іске қосуға септігін тигізетініне бек сенімді екендігін жеткізді. Қарлығаш Әмірқызының айтуынша, қазірдің өзінде инсдустриалды аймақта жұмыс бастауға 4 кәсіпкер ниет танытып отырған көрінеді.
Шара соңында облыс әкімдігі мен «Тараз металлургия зауыты» ЖШС арасында бірлесіп жұмыс атқару жөніндегі меморандумға қол қойылып, ашылу салтанатына қатысушылар парктің базасымен танысты.
Саятхан Сатылғанов

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз