Маңғыстау облысы мұғалімдерінің биылғы жылғы тамыз кеңесінің тақырыбы «Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшеліктеріне» арналған еді. Облыстағы 700-ге жуық педагогқа зияткерлік мектеп ұстаздары жаңа оқу жылына енетін білім беру бағдарламасының ерекшеліктеріне сәйкес шеберлік сағаттарын көрсетті және сабаққа дайындалуға, біліктілікті арттыруға мүмкіндік беретін жүйелік-методикалық комплекстермен, сыни бағалау жүйесімен таныстырды.
Бәрімізге белгілі, 2017-2018 оқу жылынан бастап барлық жалпыбілім беру мектептеріндегі 2,5,7 сынып мұғалімдері жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасы бойынша оқытуды бастайды. Осыған орай конференция барысында жаңа бағдарламаның ерекшеліктері айтылды.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ үшін биылғы оқу жылының басты жаңалықтарының бірі – Семей, Көкшетау, Өскемен қаласындағы зияткерлік мектептерінің Халықаралық мектептер кеңесі (CIS) жолдаған аккредитациядан өтуі туралы сертификатына ие болуы. Халықаралық мектептер кеңесі (CIS) – әлемдегі ең танымал ұйым. Бұл ұйым білім саласындағы соңғы жаңалықтар мен жоғарғы стандарттарды одан әрі ілгерілету үшін құрылған. Қазақстандық мектептердің мәртебелі әлемдік ұйымға енуі отандық білім беру жүйесі үшін айтулы оқиға. Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі қыркүйекте бұл кеңес құрамына аккредиттелудің екінші кезеңін өткелі жатыр.
Тамыз конференциясындағы көтерілген тағы бір басты мәселелердің бірі – ұстаздардың кәсіби шеберлігін арттыруға мүмкіндік беретін онлайн-ресурстар. Конференция барысында мектеп директоры Ермек Пайзов жаңартылған білім беру жүйесіне қатысты кеңес беріп, сұрақтарға жауап беру мақсатында жұмыс істейтін – Жүйелік-методикалық кешенді сайты (www.smk.edu.kz ) және сандық білім беру ресурсы (www.play.nis.edu.kz) туралы баяндады. Жалпы, Маңғыстау облысында жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша үш жыл ішінде 3500-ге жуық мұғалім даярлық курстарынан өтті.
Айта кетейік, зияткерлік мектеп жаңартылған білім беру бағдарламасын апробациялау мақсатында пилотты мектеп ретінде бекітілген Баутино ауылындағы М.Горький атындағы мектеп-лицейі мен Ақтау қаласындағы №11 мамандандырылған физика-математика бағытындағы мектебімен тығыз жұмыс жасады. Осы уақытқа дейін ұстаздар 32 семинар өткізіп, қысқа мерзімді 4 тілдік курсын ұйымдастырды.
Ақтау қаласы
химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз қызметкері Рысгүл Рамазанова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз